Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жас журналистер боулингтен бақ сынады

0 221

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Журналистер одағының облыстық филиалы мен облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен жас журналистер арасында боулингтен жарыс өтті. «Тәуелсіздік – тұғырым» атты ұранмен түндігін түрген турнирге отызға жуық сала мамандары қатысып, өзара кім мықтыны анықтады.

Зере ҚУАНЫШ

Жарыстың ашылу салтанатында ардагер журналист Асқарбек Сейілхан сөз алып, өңір үшін таңсық спорт түрі саналатын сайыстың ерекшелігіне тоқталды.

– Боулинг спорты – журналистер ғана емес, облыс үшін таңсық дүние. Сондықтан осы спорт түрінен жарыс ұйымдастырып жатқан Журналистер одағының облыстық филиалы мен облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасына алғысымды айтқым келеді. Журналистер мерекесі биыл екі жеті бойы жалғасуда. Түрлі шаралар ұйымдастырылып, тілшілер әртүрлі құрметке бөленіп жатыр. Ал бүгінгі турнир өз алдына ерек. Сол себепті барша бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, жарыста жүзден жүйріктер оза шапсын деп тілеймін, – деді А.Сейілхан.

Бұдан кейін сөз тізгіндеген «Салық тәртібі» газетінің директор-бас редакторы Ғалым Қасабай да журналистерді мерекесімен құттықтай отырып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Дәулет Төленді аға буын журналистердің ақ тілегіне алғысын білдіріп, одақ атынан сала мамандарын марапаттады. Атап айтсақ, Асқарбек Сейілхан «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісіне ие болса, Ғалым Қасабай мен «Jambyl» телеарнасының журналисі Аягөз Құлманбет одақтың Құрмет грамотасымен құрметтелді. Одан бөлек, «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, Ерман Әбдиев, Назима Жұбандықова сынды журналистерге одаққа мүшелікке өткен куәлік пен төсбелгі табыс етілді. Өз кезегінде облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа да бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, бірқатар жас журналистерді Алғыс хат және ақшалай сыйақымен марапаттады.

Бұдан кейін жарыс көркі қыза түсіп, журналистер командалық жүйеде бақ сынады. Өз топтарынан суырылып шыққан жүйріктер өзара бас жүлдені сарапқа салды. Шыны керек, бұрын-соңды ойнап көрмеген тілшілер боулинг тастарын қызыға домалатып, шат-шадыман болды.

Тартысты өткен турнирдің қорытындысында «Jambyl» телеарнасының журналисі Самат Ерболат бас жүлдені жеңіп алса, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторының орынбасары Арайлым Шабденова жүлделі 2-орынды иеленді. Үздік үштікті «Jambyl-Taraz» газетінің дизайнері Рысбек Үсенов түйіндеді.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан диплом және ақшалай сыйақымен марапатталды. Боулингтен өткен ерекше турнирдің қызығын айтып, журналистер естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.