Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жас түлектер қияға қанат қақты

0 353

Кеше Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында «Соңғы қоңырау» салтанатты іс-шарасы өтті. Шараға қала әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, көпшілікті мерекемен құттықтады.

– Бүгінгі сыңғырлаған соңғы қоңырау үні әр шәкіртті бір жылға есейтіп, үлкен өмірге қадам бастыратыны анық. Бұл – қызығы мол, қайталанбас балалықтың бал дәуренін артқа тастап, үлкен өмірге жолдама алатын аяулы сәт. Міне, тағы бір оқу жылын қаладағы 76 мыңнан аса оқушы сәтті аяқтап, олардың 2 790-ы мектеп бітіргелі тұр. Оның ішінде 56 оқушы «Алтын белгі», 140 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Түлектеріміз бұл жылы да үмітімізді ақтайды деп сенемін.
Осы оқу жылында қаламыздағы мектеп ұстаздары мен оқушылары облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, айтулы жетістіктерге жетті. Республикалық ғылыми жобалар жарысында қала мектебінің оқушылары 19 жүлделі орынды еншілесе, 10 шәкіртіміз республикалық олимпиадада жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұған бүгін арнайы келіп тұрған Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының да үлесі зор, – деген шаһар басшысы үздік түлектерге арнайы сертификаттарды табыстады.
Шараға келген қонақтар мен оқушылар мектептің өнерпаз шәкірттерінің ән-биін тамашалап, ақ тілектерін арнады.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында №5 мектеп-гимназияның 11-сыныбын 95 түлек бітіріп отыр. Сондай-ақ аталмыш оқу ордасы соңғы 3 жылда республикалық пән олимпиадасы мен ғылыми жоба жарысында 22 медальді, халықаралық деңгейде 3 медальді иеленді. Сонымен қатар дарынды оқушылармен жұмыс нәтижесі бойынша, облыстың «10 үздік олимпиадалық мектебінің» қатарына енген. Бүгінде қала мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер соғылып, апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі тиімді шешімін табуда. Мәселен, биылғы оқу жылы 3 мектеп пайдалануға берілсе, алдағы оқу жылы тағы 3 оқу ордасы есігін айқара ашады деп күтілуде. Ал 7 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Мұның барлығы балалардың сапалы білім, саналы тәрбиемен қамтамасыз етілуіне беріліп жатқан мүмкіндіктердің бір парасы ғана.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.