Еңбек нарығында сұранысқа сай химик-технолог мамандарды бірлесе даярлауға отандық және ресейлік университеттер үлкен ынта танытып отыр. Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті іскерлік байланыс аясында қос дипломды бағдарламаның шеңберінде білім беру жүйесін жүйелі жолға қою жұмыстарын қолға алған болатын.
Нәтижесінде, өткен жылы Дулати университеті «Химия» кафедрасының базасында «Менделеев сыныбы» халықаралық жобасы өз жұмысын бастады. Аталған жоба Дулати университеті, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС арасында білім және ғылым саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты келісім аясында жүзеге асты. Жобаның негізгі мақсаты – өңір жастары арасында химиялық және инженерлік мамандықтардың беделін арттыру, жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндердің оқытылуын тереңдету, сонымен қатар еліміздің химия өндірісі үшін болашақ мамандарға химия және математика пәндерін оқытудағы әдістемесін арттыру.
Осылайша облыс орталығында бастауын алған «Менделеев сыныбының» алғашқы білім алушылары ретінде Тараз қаласы мен облыс аудандарындағы мектептерден 10 және 11-сыныпта білім алатын 50 оқушы таңдалып алынған еді. Кеше қарқынды білім беру үрдісінің елегінен өтіп, аталған жобаның алғашқы түлектері атанған 22 оқушыға сертификат тапсыру рәсімі өтті.
Дулати университетінің қабырғасында өткен салтанатты жиында сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма мүшесі-стратегиялық даму және интернациоландыру жөніндегі проректоры Шолпан Есімова оқушыларды үлкен ғылым жолындағы алғашқы жеңістерімен құттықтап, білім алуға деген құштарлықтарының таусылмауына тілектестік білдірді. Сонымен қатар «Менделеев сыныбы» халықаралық жобасының мақсат-міндеттеріне тоқталып, оның Тараз қаласында іске қосылуына, сәтті жұмыс істеп кетуіне үлес қосқан барша серіктестерге алғысын білдірді. Келесі кезекте жобаның Дулати университетінде ашылу тарихы жайында бейнеролик көрермендер назарына ұсынылып, бұл жолда жүргізілген жүйелі жұмыстар таныстырылды.
Осы тұста айта кетер жайт, жобаның алғашқы қатысушыларын іріктеуге Жамбыл облыстық білім басқармасы мен Тараз қаласының білім бөлімі қолдау көрсеткен. Осыған орай, сөз кезегін қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Гүлжан Атақұлова алып, түлектер мен оқытушылар құрамына ыстық лебізін жеткізді. Сонымен қатар жобаның сәтті жүзеге асып, оқушылардың алғашқы легі серитификат алуына орай Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті ректорының міндетін атқарушы Илья Воротынцев және оқу ордасының проректоры, жоба авторы Игорь Еремин бейнеқұттықтауларын жолдады. Бұдан бөлек, «Менделеев сыныбының» жүйелі жұмыс істеуіне үлкен қолдау көрсетіп, Дулати университетінің стратегиялық және индустриялық әріптесі болып отырған «Қазфосфат» ЖШС персоналмен жұмыс істеу департаментінің директоры Қайрат Болатов, ата-аналар атынан Марат Нұртаев оқушылардың дарынын дамытуға септігін тигізіп отырған жоба үйлестірушілеріне алғысын білдірді.
Содан соң «Менделеев сыныбының» алғашқы түлектеріне сертификат беріліп, балаларының білім алуына жағдай жасағаны үшін ата-аналарына Алғыс хаттар табысталды.
Сондай-ақ түлектердің сапалы білім алуына зор үлестерін қосқан «Химия» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Раушан Таубаева, кафедраның аға оқытушысы Айткүл Айдарова және зертхана меңгерушісі Бахыт Ахметова, «Математика» кафедрасының PhD докторлары Ерік Баяндиев пен Айгүл Чанбаева да арнайы Алғыс хаттарға ие болды.
«Менделеев сыныптары» – Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті әзірлеген және өңірлік білім басқармалары мен химия саласының индустриялық серіктестерінің қолдауымен жоғары оқу орындары базасында іске асырылатын жалпы білім беретін мектептердің 10 және 11-сынып оқушыларына арналған білім беру жобасы.
Жобаға дайындық шеңберінде «Қазфосфат» ЖШС «Менделеев сыныптарының» әрбір оқушысы үшін химиялық реактивтер мен зертханалық керек-жарақтар жиынтығы – «Менделеев бокстары» түрінде материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырды. «Химия» кафедрасының базасында химия және математика пәндерінен дәріс және практикалық сабақтар өткізу үшін екі жабдықталған жай дайындалды. «Менделеев сыныптарын» бітіргеннен кейін түлектер Дулати университеті мен Д.И.Менделеев атындағы РХТУ қабырғасында сапалы химиялық-технологиялық білім алуға бірегей мүмкіндік алады.
Қазіргі уақытта аталған жобаға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі үлкен қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта «Менделеев сыныптары» жобасына іріктеуді тек Жамбыл өңірінің мектептері ғана емес, сонымен қатар еліміздің басқа қалаларында да өткізу жоспары қарастырылуда. «Менделеев сыныптары» жобасының аясында Ресейде 23 орта мектептің 928 оқушысы білім алады. Бұл қатарға Тараз қаласындағы 2 «Менделеев сыныбы» және сертификаттарына ие болған 22 оқушы да қосылып отыр.
Айнур МЕНЛИБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
«Жаратылыстану ғылымдары» факультеті
«Химия» кафедрасының аға оқытушысы