Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әкеден асқақ адам жоқ

0 537

Әкенің еккен ағашы – ұрпаққа сая.
Самет Оқанұлы

Әке – балалары үшін асқар тау. Әке қамқорлығын сезініп, тәлім-тәрбиесін алып өскен бала жаман болмасы анық. Әрбір отбасының тірегі мен соғып тұрған жүрегіне айналған әкелерімізді әрбір отбасының қорғаны деп мақтанышпен айта аламын.

Әке – біз сүйеніп тұратын қорған. Бұл өмірдегі біздің сенімді серігіміз, бізді әрқашан жақсы көретін, қуаныш пен қайғыда да қасымыздан әркез табылатын қамқоршымыз. Әрбір отбасының жүрегі болып саналатын әкелерге үлкен жүк артылған десем, қателеспеймін деп ойлаймын. Әкесі бар адамдар бақытты адам деп айтуға болады. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау – әрбір перзенттің парызы. Шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеріп, отбасым деп, елім, жерім деп жанұшыра қызмет ететін әкелердің барында әрбір отбасы жайқалып, өскен гүлдей тамырын терең жаятыны сөзсіз. Олар отбасын асырап, бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам болып саналады. Отбасында әкенің орны ерекше. «Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген мақалға құлақ түретін болсақ, әрбір отбасында әкелердің алатын орны бөлек екенін түсінуге болады.
Менің әкем үшін осы күнге жету оңай болған жоқ. Қарғадай кезінен еңбекке ерте араласып, ағайынның алаламауын, жақсының жатырқамауын, өмірдің өксітпеуін аңсап өскендіктен, өзі де осы адами қасиеттерді ардақ тұтты. Ол жаны шуақты, жүрегі шырақты кісілермен пікірлесуге, араласуға жаны құштар адам. Жасынан ел басқару ісіне араласып, осы жолда көп биік-белестерден өтті. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық парасат әкемді зор құрметке бөледі. Ол кісінің жаны жомарт, мейірімді, жанындағы адамдарға шуақ шашатын, көңілдеріне қуаныш ұялататын қасиеттері де баршылық.
Әкем – сегіз қырлы, бір сырлы жан. Олай дейтінім, өзінің таңдаған мамандығы әлеуметтік сала болса да, бос уақытында музыкамен айналысқанды ұнатады. Ән айтып, өлең шығарады. Сол шығарған өлеңдеріне ән жазады, әртүрлі музыкалық аспаптарда – қазақтың қара домбырасында, баянда және гитараның құлағында ойнайды. Ән шырқағанда өзінің қоңыр дауысымен құлақ құрышын қандырады.
Асқар тау әкем мен аяулы анам екеуі 1972 жылы шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Содан бері міне, аттай 52 жыл өтіпті. Бүгінде тату-тәтті отбасыға айналып отыр. Қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырды. Бәрі де жоғары оқу орнын аяқтады. Қазір әрқайсысы бір-бір мамандық иесі. Үш қызы – білікті ұстаз. Үлкен ұлы алғашында ТарПИ-де ағылшын, француз тілдерін оқып меңгерді. Содан кейін Уфа мұнай-газ технологиялық университетін тәмамдады. Қазіргі таңда өз мамандығы бойынша газ саласында жұмыс істейді. Кенже ұлы Астана қаласында орналасқан медициналық академияны аяқтады. Енді елордамыз Астана қаласында өз мамандығы бойынша қызметін атқарып жүр.
Әкеміздің бізге берген тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі ұшан-теңіз. Біздің де әкемізге айтар алғысымыз шексіз.
Таяуда әкем жетпіс жастың жотасына шықты. Әкем бұл жасқа өмірі қуатты, көңілі шуақты қалпында жетті. Әкеме тілерім:
Қаламыңыздың ұшы талмасын,
Ұрпағыңыз өнеріңізді жалғасын,
Шабыттан қуат алып,
Әніңіз өңірді шарласын!
Әке, алпыстың асуынан асып, жетпіс жасқа аяқ бастыңыз. Көзіңізден от кетпесін, жүрегіңізден жылу кетпесін. Сіздің елге атқарар еңбегіңіз, келер ұрпаққа берер тәліміңіз алдағы уақытта жалғасын табатынына сенімім мол.

Гульвира УАШЕВА,
А.С.Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназиясының мұғалімі, Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.