Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жарымжан жарнама мен мәнсіз мәтін

Олқылықтың орнын қалай толтырамыз?

0 445

Қалада ағымдағы жылдың 25 қаңтарынан бастап «Сыртқы көрнекі ақпарат құралдары және сыртқы жарнамалардың тіл сауаттылығын зерделеу» айлығы өткізілуде.

Шара аясында Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева бастаған топ мүшелері шаһардағы «Әсем» сұлулық салоны, «Mimoriki» дүкені, «Дәмді себет» және «Grand Bazaаr» сауда орталықтарына барып, жарнама тіліндегі бірқатар кемшілікті анықтады. Айталық, «Grand Bazaаr» сауда орталығындағы «Жасмин» киімдер дүкені өз жарнамасында мемлекеттік тілге мүлде мән бермесе, «Дәмді себет» тауар атауларын қазақшаға дұрыс аудармаған. Ал өзге нысандардың жарнамасында грамматикалық өрескел қателер өріп жүр.
Зерделеу жұмысы барысында сыртқы көрнекі ақпарат құралдарында орын алған олқылықтар бойынша нысан иелеріне және әкімшілік басқарушыларына ескерту жасалып, әдістемелік көмек көрсетілді.
Жалпы аталған шара басталғаннан бері 50-ге жуық нысан зерделенген. Кейбір нысан иелері анықталған кемшілікті дер кезінде қалпына келтірген. Оның ішінде «ABC» кеңсе тауары мен балалар киімі дүкенін ерекше атап өтуге болады.
– Былтырдың өзінде кәсіпкерлік нысандары мен көше бойындағы 10 мыңға жуық жарнама мен ақпараттар сараланды. Солардың 15-18 пайызында тілдік норма сақталмаған. Соған орай түзету туралы ұсыныс хат беріп, әдістемелік көмек көрсеттік. Сондай-ақ қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде жедел желі қызметі іске қосылды. Мұндағы мақсат – көрнекі ақпарат, деректемелер бойынша аударма жасауға, жарнаманы «Тіл туралы» Заң талаптарына сәйкес дұрыс рәсімдеуге ықпал ету. Мәселен, осы бойынша өткен жылы 100-ден аса өтініш түссе, биыл жыл басынан бері 9 жеке кәсіпкердің жарнама мәтіндерінің мемлекеттік тілде дұрыс жазылуын тексеріп бердік. Сондықтан кәсіпкерлер мен шаһар тұрғындарын қаламыздың тарихи маңызды сипатын, эстетикалық талғамын, стильдік ерекшелігін қалыптастыра отырып, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының талаптарын сақтауға, осы жолда бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз, – дейді Бақыт Тілегенқызы.
Ақпан айының 25-іне дейін жалғасатын науқанның қорытындысы бойынша белсенділік көрсетіп, атсалысқан тіл жанашырлары қала әкімдігі тарапынан арнайы марапатталмақ.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.