Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жариялықтың жаңа кезеңі

0 154

Барлық салада алдыңғы қатардан табылып келе жатқан еліміздің көшбасшы партиясы «Nur Otan» партиясы елімізде алғаш рет дамыған елдердің тәжірибесімен праймериз өткізуді бастаған-ды. Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаев атап өткендей, праймериз ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік береді. Партия атынан өзекті мәселелерді шешетін де солар болады.

Арайлым Шабденова

Қазақ халқы байыпты бастамаларымен, тың ұсыныстарымен елді ілгері жетелейтін, қиыннан жол таба білетін, төтеден төге сөйлейтін тапқыр әрі ақылды, білікті әрі білімді адамдарды қадір тұтқан. XIX ғасырда көрнекті орыс академигі Василий Радловтың өзі: «Қазақтар мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауызекі тілдескеннің өзінде сөйлеген сөздері ұйқаспен, ырғақпен өрілетіні соншалық, бейнебір өлең екен деп таңғаласың!», – деп халқымыздың сөзге тапқырлығы мен шешендігіне ерекше тәнті болыпты. Дамыған елдерде де әр партия өз қатарында елді сөзіне ұйытар шешен адамдардың болуына баса мән береді: праймеризге қатысушылар арнайы курстан өтіп, шебер сөйлеуге, көпшілік алдында сөз саптауға машықтанады.

Өткен жылы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту процесі басталды. Отырыста Қазақстанның Тұңғыш Президенті ішкі партиялық іріктеудің қажетіне тоқталды. Халықаралық тәжірибе бойынша праймериз партияның белсенді мүшелері мен көшбасшыларын айқындаудың ең тиімді тетігі деген болатын.

Биылғы 5 наурызда «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында Праймериз өткізу ережелерінің жобасы мақұлданды. Таяуда Елбасы праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойып, 5 маусымда «Nur Otan» ресми сайтында партияның Саяси кеңесі бекіткен партияішілік іріктеуді өткізудің ережесі жарияланды.
Осы арқылы «Nur Otan» партиясы халық арасында беделді, қазақстандықтар жақсы танитын, құрметке бөленген, партиялық-саяси салада жұмыс тәжірибесіне ие үміткерлерді анықтап, оларды Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауында партиялық тізіммен ұсынған болады. Демек, ішкі партиялық іріктеу – уақытылы шара.
«Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты бойынша 2020 жылғы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында бүкіл республика көлемінде өтетін праймеризде тек бастауыш партия ұжымы ұсынғандар ғана емес, елдің бүгіні мен ертеңіне алаңдаған кез келген белсенді қазақстандық үміткер бола алады. «Nur Otan» партиясының мүшесі емес азамат қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына қосылса, соның өзі жеткілікті. Барлық кандидаттар мажоритарлық жүйедегі сайлау кезіндегідей үй-үйді аралап, жұртшылықпен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді өткен аптада аяқтады.

«Nur Otan» партиясы жұртшылықтың әртүрлі қабаттарын қамтуға көңіл бөліп отыр. Сондықтан партиялық тізімде әйелдерге кем дегенде 30%, 35 жасқа дейінгі жас ұрпақ өкілдеріне 20% квота бөлінді. Тіпті іс басындағы Мәжіліс депутаттарының өзі «Nur Otan» партиялық тізіміне қосылып, келесі 7-ші шақырылымдағы Парламенттің сайлауына қатысқысы келсе, міндетті түрде праймериз додасына түсіп, жария пікірсайыста білігі, білімі, ақыл-ойы озық екенін халыққа дәлелдеуі керек. Үгіт-насихат кезінде әр кандидат төл кәсіби қызметіне қарай жалпы мемлекеттегі ғана емес, нақты бір елді мекендегі проблемаларды шешуге қатысты ұсыныстарын қорғауы тиіс.

Жалпы партия ішіндегі сайлаудың алғашқы кезеңдері артта қалып, доданың нағыз қыза түсетін сәті – жария пікірсайыстың да уақыты келді. «Гаухартас» мейрамханасында өткен пікірсайыстың ашылу салтанатына «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев қатысып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Дана қазақта «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген сөз бар. Сол айтқандай, жария пікірсайыс кезеңінде үміткерлер аянып қалған жоқ. Белгіленген ережеге сәйкес жария пікірсайыстар екі раундпен өткізілді. Бірінші кезеңде кандидаттар 5 минут уақыт аралығында өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, мәнді мәселелерге тоқталды. Екінші раундта сұрақ-жауапқа кезек берілді. Сонымен қатар жиналғандар тарапынан да кейбір үміткерлерге сауалдар қойылып, нақты жауаптар берілді. Өзара жеребе тартып, кезектерін анықтап алған алғашқы топтың бірінің пікірсайысына қатысып, тартысты доданың куәгері болдық. Аталмыш топта сан түрлі саланың тізгінін ұстаған 5 үміткер өз бақтарын сынады. Алдымен қоғам қайраткері Кеңесбек Демеш өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Ол «Бүгініміз бен ертеңіміз үшін» деп аталатын бағдарламасын 5 бағытқа бөліп, әр бағытқа жеке-жеке тоқталды. Кеңесбек Мыңжасарұлы – Мәжіліс сайлауына түсуге үміткерлердің бірі. Пікірсайыс алаңында Кеңесбек Демешке қойылатын сауалдар да көп болды. Соның ішінде тіл мәселесіне ерекше басымдылық берілді. Сонымен қатар додада партия Тараз қалалық филиалы «Руханият» БПҰ төрағасы, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі директорының орынбасары Балдырған Мұрахан да өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Ал «Ұлттық Медициналық Ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері, жоғары санатты дәрігер-ординатор Мұрат Бердалиев өзінің сайлауалды бағдарламасын екі бағытқа бөліп, басымдылықты дәрігерлердің біліктілігін арттыруға беріпті. Пандемияның алғашқы толқынындағы қателіктерді қайталамау үшін түрлі шараларды ұсынған Мұрат Әзімханұлы «Бәйтерек» бастауыш партиясының жұмысына да тоқталды. Ал «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Жанат Ертаева өзінің бағдарламасын 8 бағытқа бөліп таныстырды. Сонымен қатар қаланың сәулеттік құрылысын, туристерді тарту бойынша өзінің сайлауалды бағдарламасымен додаға түскен Дәулет Сейдахметов жас үміткерлердің бірі болды. Екі кезеңнен сүрінбей өткен үміткерлер алдағы сайлауды тағатсыздана күтері сөзсіз. Пікірсайысты қорытындылаған «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев үміткерлерге сәттілік тіледі.

– Жалпы Жамбыл облысы бойынша нақты 853 үміткер тіркелген. Оның 308-і (36,1%) әйелдер, 243-і (28,5%) 35 жасқа дейінгі жастар, 43-і (5,0%) көпбалалы аналар, 28-і (3,3%) қандастар және 9-ы (1,0%) мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал 317-сі (37,1%) білім, ғылым, 172-сі (20,1%) өндіріс, ШОБ, ауыл шаруашылығы, 116-сы (13,6%) қызмет көрсету, 73-і (8,5%) мәдениет және спорт, 60-ы (7,0%) денсаулық сақтау саласының өкілдері. Үміткерлердің 116-сы (13,5%) бастауыш партия ұйымдарынан, 737-сі (86,2%) өзін-өзі ұсынғандар. Үміткерлердің 14-і ҚР Парламенті Мәжілісін, 123-і ҚР Парламенті Мәжілісін, облыстық және аудандық (қалалық) мәслихаттарды (яғни 3 деңгейді бірден), 76-сы облыстық мәслихатты, 29-ы облыстық және қалалық (аудандық) мәслихаттарды (яғни 2 деңгейді бірден), 109-ы қалалық мәслихатты, 502-сі аудандық мәслихатты таңдаған. Биылғы 14-30 қыркүйек аралығында үміткерлер пікірсайысқа түсіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстыратын болады. Облыс аумағында кандидаттардың қатысуымен 164 дебат ұйымдастырылады. Барлық үміткерлерге сәттілік тілеймін, – деді Балабек Жанбекұлы.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның саяси тарихында бірінші рет көшбасшы партия тізімі ашық іріктеуден өткен адамдардан құралатын болады. Елбасының бастамасымен «Nur Otan» партиясының праймериз өткізуі отандық партиялық жүйедегі демократияландырудың жаңа кезеңі бастау алғанын куәландырады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.