Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жарқын болсын болашағы жастардың!

0 162

Дәл осындай ниетпен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау мерекесі қарсаңында Таразда жаңадан ашылған бірнеше нысанды аралады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы ең әуелі «Жастар» аллеясында орналасқан «Birgemiz: Asyl mura» аталатын жаңа кеңес беру орталығының жұмысымен танысты. 2019 жылы бой көтеріп, пайдалануға берілген бұл нысан алғашында «Жастар қабілет орталығы» деп аталатын. Бүгінде жұмыс мақсаты өзгеріп, жастарға кеңес беру бағытында қайта жанданған кеңсе екі үлкен залдан тұрады. Бірі – Жастарға қызмет көрсету орталығы болса, екіншісі – Волонтер жылы аясында ашылған «Асыл мұра» фронт-офисі. Бердібек Сапарбаевқа аталмыш нысанның жұмыс барысын облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа таныстырды.

– Жастарға қызмет көрсету орталығы жастардың жаңа идеялары мен жобаларына қолдау көрсетеді және түрлі мәселелері бойынша көмек береді. Жастардың әрі демалатын, әрі білімін жетілдіретін, әрі пікір алысатын, оларды жан-жақты қолдауға барлық мүмкіндіктер жасайтын ортақ шаңырақтары болады. Жалпы орталық бірнеше бағытта қызмет көрсететін болады. Атап айтқанда, «Қолжетімді тұрғын үй», «Серпін-2050», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары бойынша жастар арасында түсіндіру-насихаттау бағытында жұмыс жүргізіледі. Ол үшін жастар саясаты мәселелері басқармасы жиырма екі мемлекеттік органмен меморандумға тұрып, арнайы мамандар жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша бағыт беретін болады. Орталық жыл соңына дейін 35 мың жасқа қызмет көрсетуді жоспарлап отыр, – деді Серікбол Қайратұлы.
Аталмыш нысанда жастардың бос уақытын тиімді де пайдалы ұйымдастыру шаралары үйлестірілетін болады. Бұл үшін ғимаратта заманауи құрылғылар мен барлық мүмкіндіктер бар. Мысалы, 60 адамдық зал, кино көру залы және релакс зонасы бар. Облыс аумағында волонтерлік бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу қызметі де осында іске асырылады.
– Өткен жыл – Жастар жылы, ал 2020 жыл – Еріктілер жылы деп жарияланды. Жастар әрдайым қоғам дамуының қозғаушы күші болып келді және солай болып қала береді. Қазір сіздер үшін ең бастысы – білім алу және өз салаңыздың маманы болу. Жақында «Әулие-Ата» жастар саясатын дамытудың өңірлік бағдарламасы іске аса бастайды. Ол жастардың кәсіби және жеке тұлғалық дамуын қарастырады. Мансаптық жоғарылауға көмектесетін жас мамандардың кадрлық резерві дайындалады. Сонымен қатар жастарды қолдау мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар әзірленбек. Барлық жағдай жасалуда, тек жұмыс істеу керек. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп Абай айтқандай, өмірден өз орныңды тауып, еліміздің болашағына өз үлесін қоса білетін азамат болып қалыптасу керек. Жастарды теріс пиғылдарда пайдаланғысы келетін түрлі адамдар мен топтар бар. Сіздер үшін ең маңыздысы – дұрыс жолды таңдай білу, – деді облыс әкімі.

Балаларды қорғау күніне орай қаладағы «Қаратау» мөлтек ауданында әмбебап спорт алаңшасы ашылды. Нысанның құрылысын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры облыс әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырған. Жаңа спорттық және ойын кешендері бірнеше бөліктен тұрады. Атап айтсақ, жасанды көгалы бар 30 көрерменге арналған футбол, «workout» және балаларға арналған құм төбешік, әткеншегі бар ойын алаңдарымен қамтылған. Алаңның периметрі бойынша орындықтар мен қоқыс салатын урналар орнатылған. Мұндай бір кешеннің аумағы 1300 шаршы метрді құрайды.

– Мемлекет басшысы елімізде барлық жастағы азаматтар арасында бұқаралық спортты дамытуды тапсырды. Ол үшін халыққа спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Бүгінде біздің облыста спортпен белсенді айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Ағымдағы жылы спорт нысандарының инфрақұрылымын жаңарту бойынша 120 жоба жүзеге асырылуда. Балалардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру арқылы біз оларды жағымсыз әдеттерден сақтай аламыз. Дені сау балалар – біздің болашағымыз! – деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы қала аумағындағы жұмыс сапары барысында жаңадан ашылған бірнеше ойын алаңдарымен танысып шықты. Соның бірі – Тұңғыш Президент саябағының маңында орналасқан инклюзивті ойын алаңы. Аталмыш нысанның құрылысын «Дара» қайырымдылық қоры жүргізген. Алаңдағы жаттығу жасауға, ойынға арналған жабдықтардың бәрі мүгедектер арбасы еркін жүре алатындай ыңғайластырылған. Мұнымен қоса алаң ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектер үшін қауіпсіз әткеншектер, құмды үстелдер, арнайы тактильді панельдермен қамтылған.

– Мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық және физикалық дамуы үшін біз барлық жағдайды жасауымыз керек. Олардың қоғам өміріне белсене араласуына ешқандай кедергі болмауы тиіс. Осы ауданның тұрғындары да алаңға келіп еркін демалуы керек. Алаңды ертең бұзақылар бүлдіріп тастамауы үшін қажетті шараларды қарастырамыз. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі үшін мына саябақты, жанындағы үйлердің маңайын абаттандыру жұмыстарын кейінге қалдырмауымыз керек, – деді Бердібек Машбекұлы.

Қалада жаңадан ашылған инклюзивті нысан тек бұл емес. «Дара» қайырымдылық қоры №20 мектептің базасынан психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін жасақтаған. Аталмыш қордың жоба менеджері Сәуле Бексұлтанова бұл нысанда жыл сайын әртүрлі кемістігі бар 150 бала емдік сауықтыру шараларынан өте алатынын айтады. Нысанға ат басын бұрған Бердібек Сапарбаев мұндай орталықтардың санын арттыру керектігін тілге тиек етті.

– Мұндай түзету орталықтарының қызметін алған бала нәтижесінде өз қатарластарымен бірге мектеп қабырғасында білім алуға мүмкіндік алады. Олар қоғамда оқшауланбауы тиіс. Тиісті емдерін уақтылы қабылдап, қоғам өміріне араласуға қабілеттерін арттыру үшін біз мұндай орталықтарды көбейтуге күш саламыз. Ата-аналар нысанға жету үшін қоғамдық көлік қажеттігін айтып жатыр. Бұл мәселені жақын арада шешуіміз қажет, – деді аймақ басшысы.

Нысандағы Монтессори бөлмесінде балалар емдік жаттығулармен шұғылданса, өзге кабинеттерде психолог, аудиолог, дефектолог, логопед мамандардың қызметін қабылдайды.

Іссапар соңында өңір басшысы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына бас сұқты. Аталмыш орталық осыдан бірнеше жыл бұрын Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйімен бірігу нәтижесінде ашылған. Қазіргі таңда мұнда 73 бала тәрбиеленіп жатыр. Облыс әкімі нысандағы балалардың жатын орындарын, демалыс бөлмелерін, психолог кабинетін, «Адалдық дүкенін», «Рухани жаңғыру» орталығын, кітапхананы аралап, орталық жұмысына оң бағасын берді. Сондай-ақ Балаларды қорғау күні мерекесіне арналған мерекелік думанның қонағы болып, бүлдіршіндерге тәттілер сыйлап, шара соңында тәрбиеленушілерге арнайы музыкалық студия тарту етті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.