Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жануарларды бірдейлендіру – өзекті мәселе

0 234

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру – ветеринария саласындағы атқарылатын міндетті іс-шаралардың бір бөлігі.

Бұл іс-шаралар Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру Қағидасын бекіту туралы» ережесімен реттеледі.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ауыл шаруашылығы жануары туралы мәлiметтердi енгiзе отырып және ветеринариялық паспортты бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмiр берудi қамтитын, жануарларды есепке алу рәсiмi.
Бірдейлендіру Ережесі бойынша Қазақстан Республикасы аумағында ауыл шаруашылық жануарлары түгелдей бірдейлендіруге жатады. Ауыл шаруашылық жануарларының төлдері туған күннен бастап он төрт күннен кешіктірілмей бірдейлендіріледі.
1. Бұзаулар, қозылар, лақтар, боталар, туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін (жапсырмалау, құлағына сырға салу арқылы).
2. Құлындар таңбаланған жағдайда төрт айында, ал чиптеу болса жеті күннен кейін бірдейлендіріледі.
3. Электрондық бірдейлендіру түрі (радиожиілік белгісі бар сырғалар, болюстер, чиптер) ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлеріне қолданылады.
Жапсырмалау жануардың құлағына жапсырма бекіту арқылы жүргізіледі. Жануарларға оң құлағының ішкі жағынан ортасына қарай, мүмкіндігінше оның түбіне жақын бір жапсырма бекітіледі. Жапсырма жануарлардың бүкіл тіршілік етуі бойынша шешілмейді.
Таңбалау ыстық немесе суық тәсілмен жүзеге асырылады. Таңбалау кезінде жануарлар денесінің сол жағынан жауырынға (республиканың, облыстың және мал түрлерінің) литерлік кодтары, жамбасқа жеке нөмірлері қойылады.
Бірдейленген мал туралы мәліметтер «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқоры базасына енгізіледі. Дерекқор базасында бірдейлендірілген малдың жасы, жынысы, жүргізілген ветеринариялық іс-шаралардың, диагностикалық зерттеулердің түрлері, нәтижесі, жүргізілген күні, мал иесі туралы мәліметтер қамтылады.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіре отырып, үш жұмыс күні ішінде жануардың иесіне ветеринариялық паспорт беріледі. Ветеринариялық паспортта жануардың жеке нөмірі, мал иесінің аты жөні, тұрғылықты жері және малға әр жылдарда жүргізілген іс-шаралары жазылады.
Бұл жұмыстар облыстық жергілікті атқару-шы орган құрған ветеринариялық пункт мамандары арқылы жүргізіледі.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бір-дейлендіруді жүргізудегі басты мақсат – жануарларға жеке нөмір беру арқылы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың, диагностикалық тексерулердің жүргізілгендігіне, жануарлар қозғалысына (сойылғаны, сатылғаны, өлгені және т.б.) бақылау жасап, есебін жүргізу болып табылады.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына шаруа қожалықтарындағы, жеке тұлғалардағы есепке алынбаған малдар уақытылы тіркеуге алынып, енгізілуге тиісті. Бұл үшін әрбір мал иесі тұрғылықты жеріндегі облыстық атқарушы орган құрған ветеринариялық пункт мамандарына өтініш беріп, малдарын бірдейлендіруден өткізулері тиіс. Егерде малы бірдейлендіріуден өтпеген болса, түрлі жұқпалы мал ауруларына ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізілмейді және мал иелеріне (тасымалдауға, сатуға, союға және т.б.) ветеринариялық рұқсат құжаттары берілмейді.
Қазіргі уақытта АШЖБ жүйесі ауыл шаруашылығы өндірісінің, соның ішінде мал шаруашылығының ажырамас бөлігі болып табылумен қатар, саланы дамытуға өз үлесін қосуда. Төрт түлік мал сатылады, сатып алынады, үшінші тұлғаларға бордақылау үшін беріледі, жазда жайылымға шығарылады және т.б. Осы орайда малдың кез келген орын ауыстыруы, бірінші кезекте түрлі ауруды таратуымен қауіпті екені баршамызға белгілі. Малдарды бірдейлендіруден өткізу арқылы олардың нақты есебін алу, дер кезінде мал дәрігерлік көмек көрсету, уақытында жұқпалы мал ауруларына қарсы екпе (вакциналау) және диагностикалық шаралар жүргізу жүзеге асырылады. ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабына сәйкес, төрт түлік мал ұстайтын заңды және жеке тұлғалар қолдағы бар малын уақытылы тіркеуге қойып, ветеринариялық-профилактикалық шаралардан өткізуге міндетті.

Сәкен Нұржаубаев,
Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының
Тараз қаласы ветеринариялық станциясының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.