Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жансақтауда» жатқан жобалар

Баянды бастамалар аяқсыз қала ма?

0 234

Соңғы бірер жылдың бедерінде көне шаһарды көркейту мақсатында көптеген ілкімді істер қолға алынды. Әсіресе халыққа қажетті әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарының орны ерекше. Алайда сызбасы сызылып, жобалық-сметалық құны есептелгенімен, соңы сиырқұйымшықтанып кеткен дүниелер де жетерлік. Одан бөлек, «әне, ашылады», «міне, ашылады» деп жүріп, сол күйі ашылмай қалған нысандар да аз емес. Осы орайда біз кезінде теңдессіз саналып, үлкен үміт күтіліп, кейіннен жүрісінен жаңылып, аяқсыз қалған жобалар туралы айтпақпыз.

Арманға айналған аспалы жол

Облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтің кезінде «Тектұрмас» кешеніне жан бітіп, жаңаша кейіпке енгені жұртшылықтың көз алдында. Оның ізбасары Бердібек Сапарбаев та кешеннің екінші кезеңі ретінде жасанды сарқырама мен өзен жағалауын абаттандырды. Алайда сол сарқыраманың аққанынан тоқтап тұрғаны көп екені халыққа мәлім.
Жалпы бұл жоба бойынша «Тектұрмас» тарихи кешені мен «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенін жалғайтын үлкен аспалы жол салыну керек-тұғын. Ұзындығы бірнеше шақырымды құрайтын жол арқылы қала тұрғындары мен қонақтары бүкіл шаһарды жоғарыдан тамашалауға мүмкіндік алады, әрі бұл туристерді тартатын теңдессіз жоба болады деп күтілген. Аймақтың кейінгі басшылары осы жобаны аяқтайды деп тұрғындардың да үміттенгені жасырын емес. Бұл туралы әріптестеріміз де жазған еді. Алайда күні кеше БАҚ өкілдерімен кездескен қала әкімі Бақытжан Орынбеков аспалы жолды салуға 20 миллиард теңге қаржы кететінін, ал бұл облыс бюджетіне едәуір салмақ түсіретінін айтып, жобаның іске аспайтынын баса жеткізді. Осылайша елді елеңдеткен айтулы жоба әулиеаталықтар үшін арманға айналып қала бермек.

Аяқталмаған Арбат

Бұрынғы «Төлебай» базарының орны бүгінде «Көне Тараз» кешеніне айналып, түрленгенін тараздықтар аңыз қылып айтады. Жобаның о бастағы мақсаты тек мұнымен шектеліп қана қалмай, «Арбат-1»-ден бастап «Арбат-3»-ке дейін жалғасып кетуі керек болатын. Соған сәйкес, демалыс орнының маңынан жасанды көл жасалып, тұрғындардың тынығуына тамаша орынға айналады деп күтілген. Иә, бертін келе «Арбат-3» кешені тұрғындар игілігіне берілді. Бірақ мұнда сейілдеп жүрген жандарды сирек кездестіресіз. Сыммен түйілген темірлерді төбеге іліп, жылтыратып қойған бұл нысан келген адамдарға ешқандай әсер сыйлай қоймасы анық. Оның үстіне жуырда осы маңда ішімдік ішіп, мас күйінде итімен жүрген азамат көпшіліктің үрейін алып, Арбатқа келушілердің де санын күрт азайтып жібергендей. Ал оның бергі жағындағы Тараздың бренді болады деп саналған «Сағат» стеласына қарасаңыз, тілі соқпай қалғанына да талай жылдың жүзі болды. Дәл соның жанындағы қаз-қатар тізілген тарихи-мәдени нысандарда жылудың жоқтығы аздай, бұл жер маскүнемдер мекеніне айналуда.
– Алғашында осы жоба қолға алынғанда, біздің де өз Арбатымыз болады деп қуанғанмын. Алайда сол қуанышым ұзаққа созылмады. Мәселен, Алматыдағы Арбатқа барсаңыз, небір өнер иелерінің туындылары қойылып, әр жерде ән салып, би билеп, жырдан шашу шашып отырған жастарды көресіз. Ал бізде өлі тыныштық орнаған. Тек жаз мезгілі болмаса, қыстыгүні мұнда тынығатын тұрғындарды таппайсыз. Сондықтан, меніңше, бұл жобаны халыққа қолайлы етіп жасағаны жөн еді, – дейді шаһар тұрғыны Әлібек Бекмырзаев.

Сәні кеткен скверлер

Бірер жыл бұрын бастау алған «Таразға тарту» жобасы қаланың келбетіне сән қосқаны шындық. Аудандар мен атымтай жомарт кәсіпкерлердің қолдауымен түрлі скверлер бой көтеріп, жағалаулар жаңаша кейіпке енді. Бұл ілкімді істер тұрғындарды шаттыққа да бөлеген. Бірақ сол нысандардың қазіргі кейпін көрсеңіз, сол қуаныш су сепкендей басылады. Себебі қараусыз қалған саябақтар мен скверлер бүгінде шаһардың келбетін құртып, өңін бұзып тұр.
– Әрине, бір мезгіл аялдап, сейілдегенге мұндай демалыс орындары керек-ақ. Бұрын күл-қоқыс басып жатқан саябақтар санаулы уақыттың ішінде түрленіп шыға келді. Бірақ нысанды салу бар да, оны қараусыз қалдырмау тағы бар. Өкінішке орай, осы жағы бізде кемшін болып тұр. Өткен жылдың соңында «Үшбұлақ» жағалауының екінші бөлігі пайдалануға берілген болатын. Арада небәрі 1 жылға жетер-жетпес уақытта жағалау баяғы қалпына қайта түсті. Қазір көл бетінде қалқып жүрген қоқыстардан көз сүріну былай тұрсын, қарауға ұяламыз. Одан бөлек, көлден шығатын күлімсі иіс қолқаны қауып, ыңғайсыз сезім тудырады. Біраз уақыт осы жерге немерелеріммен келіп жүрдім. Қазір мұнда қыдыруға еш ниет қалмады. Одан соң ықшамаудандарда түрлі алаңшалар ашылып, тарту етілгені белгілі. Қазір олардың да сәні кетті. Тіпті кейбірінің жазуларының өшіп қалғаны сондай, ежелгі тас ғасырының петроглифтерін елестетеді. Былтыр «Қарасу» ықшамауданындағы «Денсаулық» саябағында орналасқан дәрігерлерге арналған ескерткіштің басын әлдекімдер жұлып алғаны да дүйім елдің есінде. Қазір таңертең сонда барсаңыз, қаңғыбастардың орындықтарда ұйықтап жатқанын көресіз. Сонша қаржыға салынған нысандарды қараусыз қалдырмай, жиі-жиі қадағалап тұрса, қандай керемет болар еді. Осы саябақтар ашылғанда қауіпсіздікті қадағалайды деп арнайы полиция бекеттерін де орнатқан болатын. Қазір олар да қаңырап бос тұр. Сол жағы мені қатты қынжылтады, – дейді зейнеткер Қалаукүл Серікбаева.
Облыстың бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев «Таразға тарту» жобасы енді Жаңатас, Қаратау секілді шағын қалаларда жалғасатынын айтқан болатын. Алайда Бердібек Машбекұлы қызметінен босатылғалы да жарты жылдан асты. Ал енді аталған жоба жалғаса ма, жоқ па, беймәлім.

Асарлатып үй салына ма?

Көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту мақсатында 2 жыл бұрын «Асарлатып үй салу» жобасы жүзеге аса бастады. Былтырдың өзінде Тараз қаласында жоба шеңберінде 15 үй пайдалануға берілген. Ал облыс бойынша жүзден аса адам қоныс тойын тойлады. Алайда осы бір бастама да бүгінде аяқсыз қалғандай. Олай дейтініміз, санаулы айлардан соң қылышын сүйретіп қыс келеді. Бірақ асарлатып осы уақытқа дейін бірде-бір баспананың шатыры тұрмақ, іргетасы қаланғанын еш жерден естімедік. Соған қарағанда «асар» да мерзімдік жоба болған секілді.

«Мейірімнің» мейірімі таусылды ма?

Тағы бір игі жобаның бірі – «Мейірім» болатын. Мұның басты мақсаты – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсету. Осыған байланысты өткен жылдың соңына таман балалар облыстағы мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындарға бекітіліп, «Отбасы банкі» АҚ-да балалардың барлығына арнайы есепшот ашылған. Тіпті алғашқылардың бірі болып сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Альбина Қадырова есімді қызды қамқорлығына алып, есепшотына 1 миллион теңге де аударған. Содан бері жылға жуықтаса да, жобаға қатысты ақпарат айдынында ешқандай жылт еткен жаңалық байқалмайды. Сол кезде есепке тіркелген балалардың бүгінгі жағдайы туралы да БАҚ беттерінде еш дерек жоқ. Осыған қарап, «Мейірімнің» мейірімі таусылған-ау» деп топшылап отырмыз.

Ұмыт болып
бара жатқан «Ұлы дала»

Ел аузында «Ұлы дала» аталып кеткен №15 ықшамаудан алғашында шаһардың Бас жоспарына сәйкес облысымыз ғана емес, республика бойынша ең үлкен ауданға айналуы тиіс болған. Соған орай жобасы жасалып, сызбасы да сызылып қойған-тұғын. Алайда соңғы кездері бұл ықшамаудан ұмыт болып, салынуы тиіс нысандар басқа жаққа ауыстырылды. Соның бірі – Төле би көшесінде бой көтерген Оқушылар сарайы. Бұл оқу ошағының да мәселесі шаш етектен.
№15 ықшамаудан тұрғындары мұндағы тұрғын үйлердің сапасына, инфрақұрылымдардың жоқтығына жиі шағымданады. Соның бірі – Асылзат Қабылбекова.
– 10-15 жыл бойы кезек күтіп, ипотека арқылы осы пәтерге қол жеткіздік. Алайда құрылыс сапасына көңіліміз мүлде толмайды. Себебі салғырттықтың салдарынан пәтердің төбесінен су сорғалап, қыстыгүні жылу келмейді. Қақаған аязда қалай тұратынымызды ойлаудың өзі қорқынышты. Тіпті есігін ашсаңыз, еден жабындысы бірге ашылады. Суы да, газы да жұмыс істемейді. Жолдың жоқтығы, қоқыс жәшіктері мен ойын алаңшаларының орнатылмағаны да – өз алдына бір мәселе. Қоғамдық көліктер аз қатынайтындықтан, сағаттап күтеміз. Соның кесірінен жұмысқа да кешігеміз. Қаншама жерге арыз қалдырдық, қақпаған есігіміз жоқ. Бірақ нәтиже болмай тұр, – дейді тұрғын.
Жуырда БАҚ қызметкерлерінің басын қосқан келелі жиында шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков аталған мәселелерден хабардар екенін, соған сай тиісті шешімдер қабылданатынын, керек болса ықшамауданның жобасы қайта қаралатынын айтқан болатын.
Әрине, әліптің артын бақпай, асылық айтудан аулақпыз. Алайда мұның барлығы – әулиеаталықтарға мәлім жайттар. Біздікі тек осы жазғанымыздан нәтиже шығып, қолға алынған жобалар өз мақсатына жетсе деген ниет қана.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.