Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жанға жайлы жылы жүздесу

0 229

Тараз қаласындағы Сыпатай батыр атындағы №10 орта мектепте Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, академик Аманат Назарқұл және облыстық «Айрықша тәуекелді ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің саяси бөлім бастығы Сейтхан Қуантаевпен кездесу өтті.

Оқу ордасының кәсіптік бағдар беруші педагогы Лесбек Садықов ұйымдастырған шара барысында қонақтар отансүйгіштік, патриоттық сезімді ояту, туған жерді аялау төңірегінде орамды ойларын ортаға салып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Оқушылар да өз кезегінде көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Сондай-ақ Аманат Суанбекұлы «Сағадат Нұрмағамбетов – 100 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Аталған жылы жүздесу бұдан кейін Байзақ ауданындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепте жалғасын тапты.
Жалпы кездесу қонақтарының есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Айталық, Аманат Суанбекұлы – саналы ғұмырын қазақ кескіндеме өнерінің дамуына арнаған танымал суретші. Оның қаламынан «Қорқыттың үш бұлағы», «Азия бибі», «Бабалар рухы», «Үш грация», «Томирис», «Түнгі жолаушы», «Аралды аңсау» және өзге де туындылар жарық көрген. Оның шығармашылық жұмыстары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мәскеудің бұрынғы мэрі Ю.Лужковтың жеке коллекциясында сақтаулы.
Сейтхан Мұратұлының да өмірі өнегеге толы. Ол халқымызға орны толмас қайғы әкелген, ядролық жарылыстар алаңына айналған Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен ержүрек азаматтардың бірі. Бүгінде қасіретті күндерді бастан өткізген ардагерлерді бір жерге топтастырып, ерліктерін өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеп келеді.

Махаббат Қуантай,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.