Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көркіңе көз тоймайды, көркем қалам!

Тұрғындар Қала күнін кең көлемде атап өтуде

0 247

Екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз бүгінде сұлулық пен әсемдіктің ордасына айналып келеді. Күннен-күнге құлпырып, жаңарып келе жатқан шаһардың туған күнін атап өту жыл сайынғы дәстүрге айналған. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, әулиеаталықтар айшықты шаралардың куәсі болуда.

Тарихы тағылымға толы

Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі. Қайталанбас ғұмырды басынан кешірген көне Тараз бірде гүлдей жайнаса, бірде тағдыр тәлкегіне түскенімен, бәрібір өз ізін әлем тарихының беттерінде қалдырды. Бүгінде қала аумағында орта ғасырлардан жеткен ұзын саны 1 000-нан асып жығылатын тарихи-мәдени мұра бар. Бұл қасиетті мұралар тек бір елдің, бір ұлттың мүддесі үшін емес, бүкіл Жер шарын мекен ететін адамзат үшін қызмет етіп келеді.
Тараз қаласының терең тарихы – тек шаһар тұрғындары мен әулиеаталықтардың ғана емес, жалпы қазақ халқының мақтанышы. «Тарихымыздың алтын діңгегі» атанған мекеннің туған күнін тойлауға арналған шаралар осы терең тарихты танытуға бағытталуының өзі заңдылық.

Осыған орай, облыс орталығындағы мәдениет мекемелерінің барлығында Тараздың туған күніне арналған тағылымды жиындар бастау алды. Солардың бірі Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің ұйытқы болуымен өтуде. «Тараз тарихының шежірелі деректері» аталған әдеби круиз барысында кітапхана қызметкерлері қоғамдық көліктерде жолаушыларға шаһардың мәдениеті мен тарихы туралы толыққанды мағлұмат беруде. Сондай-ақ жергілікті ақындардың Тараз туралы өлеңдері аудиожазба арқылы тұрғындарға ұсынылуда.
Бұдан бөлек, Абай атындағы орталық кітапханасында кітапхана оқырмандарының шығармашылық әлеуетін көтеру, поэзияға қызығушылығын қалыптастыру мақсатында «Тарихы терең жыр шаһар» атты поэзия кеші өткізілді.
Кешке Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ғылыми қызметкері, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын-сазгер Үміт Битенова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Нұржан Әліш, психолог, түрік тілінің маманы, ақын Марал Хантөреқызы қатысып, кітапхана оқырмандарымен шығармашылық жетістіктері туралы ой бөлісіп, өлеңдерін оқыды.
Ал №6 кітапханада оқырмандарға өлке туралы ақпараттар беру, әдебиеттерді насихаттау мақсатында «Туған өлкем қандай көркем» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Фотоаппарат объективінде – көне шаһар

Қ.Рысқұлбеков саябағында «Тараз көркі» атты фотобайқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова арнайы қатысып, байқау жүлдегерлеріне ізгі тілегін жеткізді.
Жыл өткен сайын түрленіп келе жатқан Тараз қаласының бүгінгі кескін-келбетін фото өнері арқылы насихаттап, жаңарып, көркейген шаһарды көпшілікке жаңа қырынан танытуды мақсат еткен байқауда 15 қатысушы өз туындыларын ұсынды. Солардың ішінен 7 үміткер үздік деп танылды.
Айталық, байқау нәтижесі бойынша Арнат Тоқташ «Үздік репортаж», Даурен Нысанбай «Фото минимализм», Ислам Қамшыбек «Қас қағым сәт» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ Ұлжан Каленова «Қас қағым сәт» номинациясы, Максим Дядык «Үздік қала пейзажы» номинациясы, Мерей Өрнек «Мөлдір табиғат» аталымдарына қол жеткізіп, ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Қосамын әнге атыңды…

Талай шайырдың өлеңіне арқау болған Тараздың аты әнге айналмауы мүмкін емес еді. Оны жұлдыз аттас жалғыз шаһарға арналған түрлі шығармалардан анық байқаймыз. Бұл ретте аталған туындыларды қалың оқырман мен тыңдарман арасында насихаттау аса маңызды. Бұл міндетті жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Тараз дауысы» ән байқауы абыроймен атқарып келеді.
Биыл да дәстүрден таймай, Қала күні қарсаңында өткізілген күміс көмейлер сайысында өңіріміздің өнерпаздары бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады. Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен әуезді ән кешіне 13 конкурсант қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, биыл қатысушылар саны жылдағыға қарағанда едәуір көбейген. Нәтижесінде, сайыстың ақтық кезеңіне өткізілгендер саны да артқан.
Өнерпаздар байқаудың алғашқы кезеңінде патриоттық сарындағы, екінші кезеңінде еркін тақырыптағы ән орындады. Облыс көлемінен кіл мықтылардың басын қосқан кеште қазылар алқасына шын мықтыны таңдау оңайға түспеді. Десе де, әділ қазылардың шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қала күні қарсаңындағы спорт мерекесі

Қала күніне арналған шаралардан спорт сүйер қауым да кенде қалып жатқан жоқ. Мәселен, Тараздың туған күніне орай қалалық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен шаһарымыздың әр ауданында ұлттық бұқаралық спорт түрлерінен жарыстар өтуде.
Соның бірі – 3х3 форматындағы баскетболдан 14 жасқа дейінгі ұлдар және қыздар арасындағы Тараз қаласының ашық турнирі. Тартысты өткен жарыста ұлдар арасында І орынды №24 мектеп-гимназиясының оқушыларынан құралған команда иеленсе, ІІ орынға №32 орта мектеп оқушылары жайғасты. Ал ІІІ орынға Жамбыл ауданы, Чкалов орта мектебінің тобы табан тіреді. Қыздар арасында І орынға Шу ауданы, Төле би атындағы орта мектеп шәкірттері лайықты өнер көрсетті. ІІ орынды «Basket kids» командасы, ІІІ орынды №39 мектеп-гимназиясы қанжығалады.
Бұдан бөлек, облыс орталығының аумақтық округтерінде тұрғындар арасында гір тасын көтеру, ләңгі тебу, асық ату, қол күресі, арқан тартыс және өзге де ойын түрлерінен жарыстар өтуде.

«Көне Таразда» керемет кеш күтеді

Айтулы мереке «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі гала-концертпен түйінделеді деп күтілуде. 12 қазан күні өтетін «Сүйікті қалам – Тараз» мәдени-көпшілік шарада қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Маржан Арапбаева, Нұржан Керменбаев, «NOMAD» және «Әдемі-ай» топтары өнер көрсетпек.
Мерекелік концерт сағат 19:00-де басталады.
Келіңіздер, әдемі ән тыңдап, Қала күнінде керемет кештің куәсі болыңыздар!

«Jambyl-Taraz» тілшілер тобы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.