Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдық жауынгер жазушылар

0 412

Адамзат тарихындағы ең бір зұлмат соғыстардың бірі Екінші дүниежүзілік соғыс екені баршаға аян. Сол заманда алапат қуатты соғыс техникалары мен миллиондаған боздақ қатысқан сұрапыл соғыс еш аяушылықсыз өтті. Большевиктер партиясының идеологтары Отанды қорғау үшін «Отан ана шақырады» деген ұрандар тастады. Отанды қорғауды өз борышы санаған қазақ халқы да майдан даласына кете барды. Үлкені де, жасы да, егінші де, малшы да, басшы да, қосшы да жанын аямады.

Белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаев өзінің бір мақаласында мынандай деректер келтіреді: «Қазақстан соғыс жылдарында, шын мәнінде, майдан арсеналына айналды. Республика еңбекшілері майдан талаптарына сай еңбек ете жүріп, соғыста аса маңызды стратегиялық мәні бар түсті металдар өндіруде өзінің одақтағы жетекші рөлін нығайта түсті. Соғыс жылдары Қазақстан майданға және қорғаныс өндірісіне қажетті мыстың үштен бірін өндіріп отырды. Майданда атылған он оқтың тоғызын Қазақстанда құйылған қорғасыннан жасадық дейміз. Бұл – ақиқат. Республикада сонымен бірге Қоңырат молибден кен орны, Жездідегі марганец өндіру кен орны, Ақтөбедегі Хромтау, Ақшатау молибден-вольфрам, Текелі полиметалл комбинаттары жедел салынып, іске қосылды. Осының арқасында одақтық өндірісте молибденнің – 60, висмуттың – 65, полиметалл кендерінің 79 проценті Қазақстанда шығарылды».
Бұған Шымкенттің қорғасынын, Ембінің мұнайын, Орталық Қазақстанның түсті металын, Қарағандының көмірін қосыңыз. Бұл аз десеңіз, оқтан да қымбат, қазақ даласынан майданда оқ болып атылған астығын айтыңыз! Мәселен, жамбылдықтар 1942 жылы Брянск майданына – 13, 1943 жылы Солтүстік Батыс майданына 16 вагон сыйлық жеткізген. Жаудан босатылған өңірлерге мал, мініске жылқы да берді. Термелеп айта берсек, тылдың майданға қолдауы туралы архивтік дерек өте көп. Майдан даласына қазақ халқы астығын, темірімен қатар, ең үлкен жеңістің күші болған адамын берді. Солардың қатарында сан алуан мамандар, шығармашылық адамдары бар еді. Архив құжаттарын зерделей отырып, жамбылдық жазушы майдангерлердің де біршамасы майдан даласының «тәлімін» көргенін аңғарды. Ол жайында, әрине, бұрындары да қалам тербеп жазған журналистер, көзкөрген ағалар мен әпкелер болғаны анық. Дегенмен 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында тағы бір еске алып қойғаны артық болмас.
Жамбылдық жауынгер жазушылар туралы сөз болғанда, алдымен ойымызға даңқты қолбасшы Бауыржан батыр келері сөзсіз. Ұлт әдебиетіне қомақты олжа салған қаламгерлердің қатарында батырлығымен аты әлемге тараған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы әскери әдебиеттің негізін қалағаны сөзсіз айғақ. Сондықтан да оның жеке тектік құжаттарының бір көшірмесін ғалым Мекемтас Мырзахметұлы Жамбыл облысының мемлекеттік архивіне тапсырғанын мақтанышпен айта аламыз. Оның ішінде батыр айтқан нақыл сөздермен қатар, қойын дәптерлерінде халықтан жиған асыл сөз қазынасы да бар. Бұл құжаттардың түпнұсқасы Алматы қаласындағы Республикалық Орталық архивтің алтын қорында сақтаулы.
Жалпы бұл тақырыпта ізденуімізге сеп болған журналист, жазушы Тұрсынхан Толқынбайұлының бір кездері газет беттеріне жарияланған «Майданға Жамбылдан аттанған жазушылар» мақаласы еді. Мақалада Жамбыл жерінен қан майданға аттанған Талас өңірінің тумасы Шона Смаханұлы, Кенингсберг түбінде ерлікпен қаза тапқан Рахымбай Құлбаев, ауыл мұғалімі болған Аманғали Сегізбаев, майданда дивизиялық газет редакторы болған Жайық Бектұров, Жамбыл жерінде жасақталған 105-ші атты әскер дивизиясы құрамында болған Мыңатай Қыстаубаев пен Қалмахан Әбдіқадыров жөнінде жазылған. Біз олардың есімін тереңірек іздене келе төмендегі ақпараттарды оқырман қауымға біле жүрсін деп ұсынуды жөн көрдік.
Әсем қала Алматыда Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратының кіреберісіндегі мәрмәр тақтада ұрыс даласынан оралмаған жазушылардың есімдері әліпби тәртібімен берілген тізім бар. Онда жамбылдық қаламгер Аманғали Сегізбаевтың есімі бар.
Әдебиеттен хабары бар көзі қарақты оқырман А.Сегізбаевтың Қостанай облысы, Ақсу ауылының тумасы екенін біледі. Молдадан хат танып, өзі де еңбек жолын ауыл мұғалімдігінен бастаған. Баспасөз беттерінде ойлы өлең, өткір мақала, фельетондарымен танылып, 1924 жылы Орынбор қаласындағы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне шақырылады. Соғыс басталар тұста ол осы газеттің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі екен.
Талас өңірінің перзенті Шона Смаханұлы да ел басына күн туғанда қан майданнан өтті. Көрші Оңтүстік Қазақстан облысында ұзақ жылдар партиялық басшылық қызметте болған жазушы Әбжапар Жылқышиев те майданға туған жері қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданынан аттанған. Құлан жеріндегі бір ауыл осы кісінің есімімен аталады. Қордайдың Шарбақты ауылында 1925 жылы дүниеге келген Сансызбай Сарғасқаев та соғысқа қатысып, оралған қаламгердің бірі.
Жазушы Жайық Бектұров та майданға Жамбыл жерінен аттанған. Ол 1939 жылы Жамбыл облысы құрылғанда Алматыдан облыстық газетке бас редактор болып келген, сол жылдың қарашасынан 1942 жылдың мамырына дейін осы қызметті басқарған. Ақмола облысы, Қызылағаш ауылының тумасы Жайық Бектұров майданда дивизиялық газет редакторы болған. Елге оралған соң 1958 жылдан бастап, ұзақ жыл Жазушылар одағының Қарағанды облысындағы облысаралық бөлімшесін басқарған.
1919 жылы өмірге келген Балтабай Адамбаев Сарысу ауданы, Байқадам ауылының тумасы болатын. Майданда рота командирі болды. Өлең жинақтары, деректі әңгімелер мен повестерінен тұратын кітаптары бар.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда 12 атқыштар дивизиясы мен 4 ұлттық дербес атты әскер дивизиясы, 7 бригада, 50-ге жуық полк, батальон және өзге де әскери құрамалар жасақталды. Олардың бәрін киім-кешекпен, тамақпен қамтамасыз етуде жамбылдықтар ерен еңбектің үлгісін көрсетті. 1941 жылы қараша айында Жамбыл қаласында 105-ші дербес ұлттық атты әскер дивизиясы қауырт құрылды. Облыс басшылығы тікелей жұмылдырылған бұл науқанның қиындығы өз алдына еді.
Ұлттық болған соң, оған ұлт кадрлары көптеп тартылуы керек болды. Бұл ауылда елді еңбекке жұмылдырып жүрген көзі ашық азаматтардың қатарының тағы да сирей түсуіне әкеп соқты. Ол аз десеңіз, жұмысқа жегіліп жүрген атты да майданға жөнелту міндеті қойылды. Бұл әсіресе Жамбылда 105-ші дербес ұлттық атты әскер дивизиясын жасақтауға байланысты шешімнің қабылдануына орай күрделене түсті.
Облыстық архивтің 282-қорының 1-тізіміндегі 453-ісінің 29-бумасында 1943 жылдың қыркүйегіне дейін Жамбыл облысында және Жамбыл қаласында қандай әскери құрамалар құрылғаны туралы мәлімет сақтаулы. Осы мәліметке сүйенсек, 1941 жылы маусым айында 678-ші жеке атқыштар батальоны құрылды. Осы жылдың тамыз айында 81-ші атты әскер дивизиясы жасақталды. Соғыстың басталған жылы облыс және қала тұрғындары үшін аса қауырт болғанын байқауға болады. Осы жылдың қараша айында Бас қолбасшының бұйрығы бойынша біздің облысымызда 105-ші дербес ұлттық атты әскер дивизиясы жасақталды. Шілде айында дербес инженерлік-құрылыс батальоны Жамбыл қаласынан майданға аттанды. Осы жылдың соңында облыста газсыздандыру отряды құрылды.
Жамбыл қаласында жасақталып жатқан ұлттық атты әскер дивизиясының сапына алынып, әскери дайындықтан өткен Қалмахан Әбдіқадыров бұл кезде ел таныған ақын болатын. Әйгілі «Мың бір түн» хикаясын қазақша сөйлеткен жазушы Қ.Әбдіқадыров Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы болатын. Соғыстан аман есен оралған Қ.Әбдіқадыров Қазақстан Жазушылар одағында, Жамбыл ақынның мұражайында қызмет атқарып, 1964 жылы өмірден өтті.
Біздің облыстан Қалмахан Әбдіқадыровпен бірге 105-ші атты әскер дивизиясында қызмет еткендердің бірі – Талас ауданының Қызыләуіт ауылында 1922 жылы дүниеге келіп, соғысты Берлинде аяқтаған Мыңатай Қыстаубаев еді. Аға лейтенант шенінде майданнан оралып, туған ауылында ұзақ жылдар ұстаздық етті. Бұл кісі Жазушылар одағына өтпеген. Атақтардан да алыс жүрген. Туған ауылы Қызыләуіттегі орта мектеп Мыңатай Қыстаубаевтың атында.

Сағындық ЗЕЙНУЛЛАҰЛЫ,
Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.