Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдан қаққан қанатын

0 403

Елдегі алып ақпарат айдынында Жамбыл топырағынан түлеп ұшқан журналистердің қарасы аз емес. Оған қазақ баспасөзінің қарагеріне айналған Шерхан Мұртазадан бастап бүгінгі қарлығаштарды мысал етуге әбден болады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жарко Петан есімді ғұлама: «Елдің жарқын болашағы хақында саясаткерлер, оқиғаға бай өткені турасында тарихшылар ойлансын. Ал журналистер – дәл қазіргі сәттің қаһармандары», – деген екен. Рас, дәл қазір болғанды қаз қалпында оқырман мен көрерменге боямасыз жеткізу – журналистің басты миссиясы. БАҚ саласы мамандарының кәсіби мерекесі қарсаңында аталмыш миссияны адал атқарып, өңірдегі жаңалықтар ағынынан суырылып шығып, алып шаһардағы ақпарат айдынына қанат қаққан журналистермен тілдестік. Олардың бірі өмірлік серіктерін осы саладан тауып, бүгінде оңтүстік астананың тұрғыны атанған. Ал бірі – жергілікті телеарнадан түлеп ұшқан, ұлттық арнаның жаңалықтар тізгіншісі. Тағы бірі – ұшқыр қаламын жанынан тастамай, баспасөзде баянды еңбек етіп келе жатқан газет журналисі.

Нұрбек ҚАСЫМ,
Zhuldyz.fm радиосының жүргізушісі:

– Өмірлік серігім Мөлдір екеуміз ең алғаш танысқанда, біріміз Өнер академиясын, біріміз ҚазҰУ-ды жаңа аяқтаған түлектер болатынбыз. Сол кездегі әлеуметтік желілердің бірінде «Махаббат қызық мол жылдарды» талқылап, бастаған әңгімеміз әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бір-бірінің жанын ғана емес, жұмысын да түсіне білетін адамдардың жолыққаны бір бақыт шығар. Шығармашылыққа жақын адамдар қияли келеді дейді. Мен осы сөзді «қияли» емес, «сезімтал» деп алғанды жөн көремін. Кез келген құбылысқа, оқиғаға сезімтал келетініміз рас әрі оған аналитикалық ойлау мен сергек көзқарасты қоссаңыз, жақсы бір үндестік пайда болады.

Алматыға қоныс аударғанымызға жарты жылға жуық уақыт болып қалды. Алғаш келген кезде аздап тосырқағанымыз болмаса, жаңа ортаға тез үйреніп кеттік. «Jambyl» телеарнасында жиып-терген тәжірибем Алматыда айтарлықтай көмегін тигізді. Бұрын режиссер, тележүргізуші, продюсер ретінде жұмыс істесем, мұнда өзім үшін жаңа сала – радиожүргізушілікті қолға алдым. Кез келген жаңа істі бастау оңай емес, бастапқыда жүрексінесің, кейін төселген соң, барлығы өз қалпына келе бастайды екен. Негізгі мамандығым режиссура болса да, өмір осылайша журналистика деген сиқырлы әлемнен бір-ақ шығарыпты. Қазір де болдым-толдым деп айту қиын, олай айтар болсам, жеке әрі шығармашылық дамуымның тоқтағаны деп білемін. Журналистикада соны із қалдырған алдыңғы буын ағалардың деңгейіне жету үшін біраз еңбектену керек, дегенмен дұрыс бағыттамын деп санаймын.

Күз келсе, қысты күтеміз. Қыстан соң, көктем шықса дейміз. Бір жақсылықты күтумен өтіп жатқан өмір ғой бұл. Журналистер күні – барлығымыздың жыл сайын асыға күтетін кәсіби мерекеміз. Бір-бірімізді шын жүректен құттықтап, марқайып қалатынымыз да рас. Отбасымызда аста-төк тойламасақ та, ерекше атап өтеміз, отбасылық мереке ретінде балалардың есінде қалса дейміз бір жағынан.

Халықтың қайғысын да, қуанышын да жеткізіп жүрген жүгі ауыр барша әріптестерді кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Қаламдарыңыз мұқалмасын, жазар көбейсін, шабыт шарықтасын!

Зарина МОСКАУ,
журналист:

– Менің әкем Москау Нохрабеков – өңірге белгілі журналист. Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп өскен мен әрдайым жазу жазып отыратын әкемді сыртынан бақылап жүретінмін. Сол образ жадымда ұзаққа сақталған. Әкемнің құжаттар жиналған папкасын ақтарып отырып, ҚазҰУ-дың «журналист» деп жазылған дипломын көріп, «мен де журналист боламын» деп армандағаным есімде. 8-9 сынып оқып жүргенімде аудандық, облыстық басылымдарға жазған дүниелерім жариялана бастады. Біздің үйде орыс мектебінде оқығанымызбен, сабақтан тыс уақытта ана тілімізде сөйлеу жазылмаған қағида еді. Соның қызығын қазір көріп жүрмін. Мектепті тәмамдайтын уақыт жақындағанда, газеттердің бірінен ҚазҰУ жариялаған байқаудың хабарламасын көрдім. Сол байқауға шығармаларымды жібердім. Біршама уақыттан соң, «университетке келіп, оқуға тапсырып, бағыңызды сынап көріңіз» деген мазмұндағы жауап келді. Әкемнің сондағы көрегендігі, отырғызып қойып: «Егер де сенің бойыңда жазу қабілеті бар болса, ол сыртқа шықпай қоймайды. Ол қабілет болмаса, сен журналистің дипломымен ешқайда бара алмайсың. Қыз балаға мұғалім болған абзалырақ. Сондықтан орыс тілі пәніне оқуға түс. Қабілетің болса, түбі журналист боласың», – деді. Бір жағынан, бала кезден әлжуаз болғандықтан, алыс шаһарға жібергілері келмеді. Осылайша, әкемнің айтуымен «филология» мамандығына түстім. Оқуды тәмамдаған соң, тағы да әкемнің ақылымен, іштей қаламасам да, мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. Ұстаз болып жүргенімде тұрмысқа шығып, Алматыға қоныс аудардым. Осы кезде арман болған ҚазҰУ-дың журналистикасына магистратураға түстім. Бірақ сол тұста құрсағымда тұңғышым болды. 2001 жылы тұңғышымды өмірге әкелдім. Таразға қайта көшіп келдік. Тағдырдың жазуы болар, көп ұзамай жолдасым өмірден озды. Осылайша, магистратура кейінге қалды. Тұрмыстық мәселелермен журналистикаға ден қоя алмадым. Дегенмен мектепте ұстаздық етіп жүргенімде, «Знамя труда» газетіне аудармашы қажет» деген хабарландыруды көзім шалды. 2003 жылы қыркүйек айында редакцияға келдім. Хабарландыру конкурс аясында жарияланған екен. Бірнеше тапсырмалар берді. Барлығынан сәтті өттім. Сол тұстағы бас редактор Владимир Козоренко шақырып, тағы тапсырма беріп, жұмысқа қабылдайтын болды. Осылайша, журналистикадағы жолым Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінде аудармашы-редактор қызметінен басталды. Бір жылдан соң тілшілікке ауыстым, аталмыш басылымда бас-аяғы бес жыл қызмет етіппін.

Балам 1-сыныптың табалдырығын аттағанда ел жүрегі, бүгінгі Нұр-Сұлтан, сол кездегі Астанаға қоныс аудардым. «Қазақпарат» ақпарат агенттігінде жұмыс істедім. Кейіннен «Вечерняя Астана» газетіне ауыстым. «Вечерняя Астана» газетінде дін тақырыбында көп қалам тербедім. Осылай жүргенімде, Ұлытауға экспедицияға қосылдым. Сол экспедициядан келген соң, жазған мақаламды «Казахстанская правда» газетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі, университеттегі ұстазым Елена Кузнецова аталмыш басылымға жариялады. Қара шаңырақ саналған үлкен басылымның маған үйреткені көп болды. Ұлттық, мемлекеттік деңгейде ойлануды, ойды жаһандық деңгейде жүйелеуді меңгердім. Елдегі лауазымды тұлғалармен іссапарларға шығуға мүмкіндіктер туды. Үлкен мектептен өттім десем болады. Шет мемлекеттегі әріптестеріммен тәжірибе алмастым. 2017 жылы сол тұстағы Ақпарат министрі Дәурен Абаев «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстағанда, бала күнгі арманымның орындалғанына іштей қатты қуандым. Ал әкемнің қуанышы тіпті бөлек болды.

Бас қалаға келген алғашқы жылдары өте ауыр болды. Болашаққа деген сенімім мен табандылығымның арқасында, Аллаға шүкір бас қаланың бір бүршігі болып атып, осында гүлдендім. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген, ойы, тілі басқа азаматтар жиылып, бас шаһардың өркендеуіне, аяқ алысына куә болдық. Өз басым өңірдегі журналистика саласын «кадрлар мектебі» деп атаймын. Шағын аймақ болғанымен, сол қазанда қайнап піскен маман ғана үлкен ортаға сіңісіп кете алады. Өзімді сол себепті де өңірлік журналистиканың «жемісімін» деп атаймын. «Знамя труда» газетінде жұмыс істеп, қалыптаспасам, бас қалаға келіп, бәсекеге төтеп бере алмас едім. Бұл жағынан менің жолым болды. Бұдан бөлек, Әулиеатадай топырақтың қасиетін бойға сіңіріп өскендіктен, кәсіп пен нәсіп елордадан бұйырды деп ұғамын.

Шерхан АБДЕЛИЕВ,
«Qazaqstan» телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі:

Бала күнімде «журналист боламын» деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмейтін. Жоқ дегенде қаржы министрі боламын дейтінмін. Математиканы жақсы оқыдым, экономист болсам деген ой да келді. Сөйтіп, 9-сыныпты бітірген соң колледжге «бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығына оқуға түстім. Онда пікірсайысқа, басқа да іс-шараларға белсене қатыстық. Кейін концерт жүргізе бастадым. Сол кездері ұстаздарым: «Шерхан, сенің осы журналистік қабілетің бар», – деп үнемі айтатын. Ақыры «Ештен кеш жақсы» деп ойланып, шешім қабылдадым. Айта кететін ақпар, салаға ә дегеннен келген жоқпын. Ауылда жүргенде, осы «Қазақстан-Тараз» телеарнасын жиі қосып, бағдарламаларға үңіліп отыратынмын. Сол кезде жыл сайын күз айында кастинг болатынын білетінмін. Осылайша, тамыз айында телеарнаға келдім. Келсем, кастинг бір күн бұрын өтіп кеткен екен. Тек түйіндемемді ғана қалдырдым. Содан сол түйіндемем Қырмызы Жексенбек есімді бұрынғы «Рауан» бағдарламасының жетекшісінің қолына тиген екен. Ол маған хабарласып, бірнеше күннен кейін шақыртып алды. Сол кезде Қырмызы ханым мен режиссер Данияр мырза кастингтен қабылдауын қабылдап алған соң: «Бірақ уәде бере алмаймыз, өзіңді көрсете алсаң, барлық есік ашық», – деді. Бірақ осы кезде ауылда маған айлығы көптеу жұмыс ұсынса да, осы телеарнада бағымды сынамаққа бекіндім. Күндердің күнінде әйтеуір жаңалыққа диктор керек болып, телеарна журналистерін жиып кастинг өткізді. Сол кезде Қырмызы Жексенбек мені ұсынып, одан сүрінбей өттім. Десе де, алғашқы эфирден шыққандағы әсерді сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын. Түскі бірлер шамасы, эфирде қара торы, аяқ- қолы дірілдеп тұрған жігіт отыр. Үстелдің астына қойған қолым керексіз болып қалғандай, өзімді қоярға жер таппай қара терге түскенім әлі есімнен кетпейді. Әйтеуір Мейрамбек мырзаға алғысым шексіз, бірінші эфир екенін біле тұра, кешкі эфирді жүргізуге мүмкіндік берді. Әрине, мұның бәрі маған көрсетілген қолдау болды деп ойлаймын. Телеарнадағы алғашқы ұстазың кім десе, әріптес досым Алмат Сәдуақасты айтар едім. Телеарнаға бізден бір жыл бұрын келген соң, жазуды, сөйлеу мәнерін үйретіп, журналистикаға бағыттаған сол еді. Жалпы телевизияда жаңалықтар қызметінде жүргендер әмбебап маман болып жетіледі.

2017 жылдың күзінде жұмыстан шықтым. Ендігі мақсат – Астанадағы Қазмедиа орталығына бару болды. Жеті рет кастингке бардым, сөйтіп жүргенде жастар қаласына 2017 жылы біржолата кету керектігіне көзім жетіп, бір сөмке мен түйіндемені Астанаға арқалап шықтым. Абырой болғанда, тараздық әріптесіміз Жансерік Бейсеев жылы қабақ танытып, «сенің қарым-қабілетің бар» деп тартты. Әрине, басқа деңгей, әрбір сюжетке бөлекше мән беру керек. Кейін ақпарат бөлімі мені байқап қалып, онда да көп жүрмей, араға екі ай салып таңғы бағдарламалардың жүргізушісі болдым. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі таңда еліміздегі саяси-мәдени жаңалықтардың ортасында жүрген жайымыз бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.