Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда сабын өндірілуде

0 2  868

Көлқайнар ауылдық округінде сабын шығару цехы бар. Кәсіпорынның иесі – санаулы ғұмырын теміржол саласына арнаған Мырзабек Қошманов. Сала ардагері құрметті зейнет жасына шығып, құралақан отыруды жөн санамапты. Алпысты алқымдаса да ақсақал бірінші кезекте немерелерінен әлеуметтік желінің тілін меңгереді. Мұндағы ойы оу бастағы мақсатын жүзеге асыру болатын. Осылайша ұзақ әрі тыңғылықты ізденістің нәтижесінде жаңа кәсіп иесі атанды. Мырзабек Қошманов жаңа өнімге «Қазақия» деп ат қойыпты.

– Жаңа Қазақстанға қадам жасадық. Әрине, ол өте дұрыс шешім. Мемлекеттің әр бастамасын қолдаймыз. Осы мақсатта өз кәсібіме де ескіліктің бір сарқыншағын қосу үшін «Қазақия» деп атауды жөн санадым, – дейді қария.
Цехтың іші шағын ғана. Бір жағынан отбасылық бизнес десек те болады. Тазалау, сабын шығару жұмыстарына ақсақал мен оның жұбайы әбден бейімделіп алған. Күнара ұл-қыздары келіп, қолғабыс етіп отырады. Мұндағы техникаларды Өзбекстаннан 2,5 млн теңгеге сатып алған. Көп орынды алып та тұрған жоқ. Алайда айына осы техниканың арқасында 700 келі сабын шығарылады. Жамбылдық өнім облыс орталығындағы ірі сауда нүктелеріне арзан бағада өткізіледі. Ал цехтан өздері келіп алып кететін тұтынушылар да күн санап артып отыр.
Ерекше кәсіп иесі алдағы уақытта жаңа техникалар әкеліп, иіс сабын мен кір жуу ұнтағын шығаруды жоспарлап отыр. Жаңашыл кәсіп иесінің атқарып отырған ісін көріп, арманға қол жеткізуге жас та, басқа да кедергі болмайтынына көз жеткіздік.

Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.