Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда ауылды дамыту арнайы тұжырымдамасының жобасы таныстырылды

0 803

Жамбыл облысында Ұлттық экономика министрлігінің  ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» тақырыбында семинар өтті.

Аталған шараға Ұлттық экономика, Ауыл  шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымдық дамыту министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ, республиканың 5  өңірінен келген арнайы сала мамандары қатысты.

Семинар барысында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, ҚР ҰЭМ Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Нұрлан Мақсұтов сөз сөйледі. Министрлік өкілдері Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы бойынша негізгі мақсаттарға тоқталды. Сондай-ақ, бұл бастама ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеріп,  тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруға бағытталғанын жеткізді.

Жиын барысында «Ауыл – ел бесігі», «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобаларының  өңірде іске асырылу барысы баяндалды.

Бұдан соң, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген нысандардың жұмысымен танысты.

Алдымен ол Аса ауылындағы Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебіне барды.

1975 жылы бой көтерген нысан бастапқыда кинокөрсетілім орталығы болған, соңғы жылдары қараусыз қалып, 2019 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен күрделі жөндеуден өткен. Бүгінде өнер мектебі ретінде құрылып,  11 үйірме жұмыс істеуде. Оған 1462 оқушы қатысады.

Вице-министр  орталық ұжымы мен талантты балаларға сәттілік тіледі.

Бауыржан Омарбеков бастаған мемлекеттік орган өкілдері аудан орталығындағы әмбебап спорт кешенінде болды.

224 балаға арналған спорт кешенінің құрылысын «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

Кешенде үлкен футбол, екі кіші футбол, тенис, бокс, күрес, жүгіру, жаттығу алаңдары бар. Кешенде аудан жастары бекітілген кесте бойынша жаттығады.

– Жастарды спортқа мейілінше көп тартуымыз керек. Салауатты ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Олардың спортпен шұғылдануына қолайлы орта қалыптастыру мемлекеттің негізгі – міндеті, – деді вице-министр.

Келесі кезекте жұмыс тобы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру» орталығында болды.

1400 балаға арналған орталықта 23 педагог техникалық, көркем эстетикалық, тілдік, биологиялық-экологиялық, сәндік қолданбалы, кәсіптік бағдар беруге оқушыларды баулыйды.

Бұдан бөлек, Ұлттық экономика вице-министрі Байзақ ауданында болды. Жұмыс тобы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы аясында атқарылған шараларды назарға алып, ауыл шаруашылығы коперативінің, бірқатар шаруашылық иелерінің жұмысын көрді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.