Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғам қауіпсіздігінің қалқаны

«Бүркіт» арнайы жасағының жұмысы жанданды

0 445

Бүгінгідей геосаяси қиын жағдайда мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мақсат саналады. Бұл тұрғыда әр ел өзінің әскери әлеуетін шама-шарқына қарай күшейтуде. Сондай-ақ ішкі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау жолында жаңа құрылымдар құрылуда. Міне, сондай «Бүркіт» арнайы жасағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр- масымен құрылған болатын. Бұл жасақтан бүгінде бұқара не күтеді?

Жасақтың негізгі мақсаты – Жамбыл облысындағы төтенше жағдайларда жауынгерлік міндеттерді орындау, терроризм актілерінің жолын кесу, мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қол сұғушылықтан қорғау.
Күні кеше Тараз қаласында орналасқан ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің «Бүркіт» ерекше арнайы мақсаттағы жасағына жаңғыртудан өткен жаңа ғимарат берілді. Төрт қабатты нысанның іргетасы 1979 жылы қаланғанымен, өткен жылы толықтай жаңартудан өткен. Құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 269,2 миллион теңге бөлініп, мердігер «Райша-3» ЖШС жоспарлы жұмысты дер кезінде аяқтап беріп отыр. Бөлім заманауи қондырғылармен жабдықталса, жасақ құрамы арнайы киім үлгілерімен қамтылған.

Сарбаздарға жататын орыннан бастап, жаттығу бөлмелеріне дейін бар. Мұнда «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі мен атқыштар батальонының жеке құрамы орналасқан. Жаңа ғимараттың ашылуына қатысқан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Бүркіт» арнайы жасағы өңірдегі қауіпсіздік қалқанына айналатындығына баса тоқталды.
– Біз бейбітшілік пен теңдік салтанат құрған елде өмір сүріп жатырмыз. Алайда «Жау жоқ деме, жар астында» деген. Ел ішіне іріткі салып, қоғам тыныштығын бұзғысы келетіндерден сақ болғанымыз абзал. Бұл тұста «Бүркіт» арнайы жасағының атқарар рөлі ерекше болады деп сенемін.
Әлемдегі қазіргі ахуалға байланысты Қазақстан Республикасының Әскери Доктринасына сәйкес, ішкі әскерге жаңа міндеттер жүктеліп отыр. Осыған орай әскердің жауынгерлік жағдайын жақсарту мақсатында ұйымдастырушылық-штаттық құрылымы жетілдірілуде.
Күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға беріліп отырған бүгінгі нысан «Бүркіт» арнайы жасағының жемісті жұмысына септігін тигізері сөзсіз. Бұл ғимаратта тек бейбітшілік мақсатындағы шаралар ұйымдастырылуын тілейміз.
Ел тыныштығын қамтамасыз ету – үлкен абырой, асқан жауапкершілік әрі парыз, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Өз кезегінде ҚР ҰҚК облыс бойынша департаментінің бастығы Нұрлан Кәрібжанов пен Ұлттық ұлан «Оңтүстік» ӨҚ қолбасшысы Талапкер Әміреев те сөз алып, жаңа жасақтың жұмысына сәттілік тіледі.
Әзірге жасақта атқыштар батальонының жеке құрамы орналасатындығынан басқа ақпар жоқ. Құпиялыққа байланысты жасақ құрамының саны мен қару-жарағына қатысты мәлімет айтылмауда. Алайда ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің командирі Ғазиз Кәдірбектің айтуынша, бұл жасақтың өңірде баламасы жоқ екен. Жасаққа қауіпсіздік саласындағы сарбаздардың ең қаймақтары іріктелініп алынған көрінеді.
«Бүркіт» арнайы жасағының құрылғанына жамбылдықтар да дән риза. Мұндай құрылым Қаңтар оқиғасы сынды тәртіпсіздік кезінде қоғам қауіпсіздігінің қалқаны болады деп сенеді.
– Жасыратыны жоқ, Қаңтар оқиғасы әскери әлеуетіміз қаншалықты екенін айғақтап берді. Сондықтан қоғам тыныштығын күзететін құрылымдардың жұмысын күшейткеніміз абзал. Бұл тұрғыда «Бүркіт» арнайы жасағының құрылғанын қолдаймын. Жасақ төтенше жағдайлардан бөлек, террорлық қауіп төнген кезде де халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Жасақ құрамы тамыр-таныстыққа салмай, мықты жігіттерден жасақталсын деп тілеймін. Сондай-ақ арнайы жасақ болғандықтан, оларға мемлекет тарапынан да ерекше қолдау болғаны жөн. Сол кезде сарбаздар өз қызметтерін абыройлы атқаратын болады, – дейді сала ардагері Аманкелді Есенбаев.
Ал Ауған соғысының ардагері Дүкенбай Ермеков мұндай жасаққа кеңсе көрген шенділерді емес, өмір көрген әскерилерді шақыруға кеңес береді.
– Қоғам қауіпсіздігіне жауап беретін жасақ болғаннан кейін бұл жерге кеңседен шықпаған шенділерді емес, әскери тәжірибесі бар мамандарды шақыру қажет. Ауғанстан мемлекеті кеңестік кезеңнен бері террористік ұйымдардың ұясы болып келгені жасырын емес. Біз міне, осы Ауған жеріндегі нағыз террорлық актілерді көзбен көріп келдік. Осыны арнайы жасақ басшылығы тиімді пайдалануы қажет. Егер бізді тәжірибе алмасуға шақырса, қарсы болмаймыз. Білгенімізбен бөлісіп, қажет кезде көмек қолын да созамыз.
Бұдан бөлек, жасақ құрамы физикалық тұрғыдан шымыр жас жігіттерден жасақталса екен деймін. Себебі Қаңтар оқиғасында халықтың әскерилерге деген сеніміне селкеу түсті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жасақ құрамы толықтай жаңарғаны дұрыс. Қажет болса, мықты спортшыларды да шақыруға болады. Олар жас сарбаздарды жаттықтырып, керек кезде үгіт-насихат жұмыстарына да демеу болады. Ең бастысы, «Бүркіт» құрылып жатқан көп жасақтың бірі болып қалмауы керек. Сонда ғана халық оған сеніп, қолдайды, – дейді Дүкенбай Ермеков.
Иә, сала ардагерлерінің сөзі орынсыз дей алмайсың. Қаңтар оқиғасы кезінде бір сарбаздар қорғаныс шебін тастап қашып кеткені айтылса, енді екіншілері бейбіт халыққа оқ атты деген әңгіме көп. Міне, осы екіұшты пікірді өзгерту үшін «Бүркіт» арнайы жасағы барлық жағынан үлгі көрсеткені абзал. Ол үшін жасақ қатарына соғыс көрген әскерилерді де шақырған жөн шығар. Ұлт пен ұрпақ келешегі үшін жасалып жатқан дүние болғандықтан, қандай кеңес пен көмек болса да артық етпес. Әйтеуір қағазда бар, қызметте жоқ құрылым болып қалмасын деп тілейміз.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.