Астана қаласында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
«Қазанат» атшабарында ұйымдастырылған шара барысында әулиеаталық шаруалардың 33,2 тонна ет, 4 тонна шұжық, 22,2 тонна сүт, 1 тонна кондитерлік, 5,4 тонна макарон, 4 тонна балық, 4 тонна ұн, 6,8 тонна бал және 202,3 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері сатылымға шығарылды. Сондай-ақ 6 мың дана жұмыртқа, 10 тонна қант, 0,4 тонна ас тұзы қолжетімді бағада саудаланды. Осылайша жамбылдықтар жалпы құны 220,4 миллион теңгені құрайтын 301,8 тонна өнімдерін нарық құнынан 10-20 пайызға төмен бағада өткерді.
– Жәрмеңкеге келген халықтың қарасы қалың болды. Өңірде өндірілген өнімдерге астаналықтардан сұраныс өте жоғары. Сондықтан шаруаларымыздың өнімі лезде өтіп кетті, – дейді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.
Жәрмеңке барысында елордалықтарға К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Еркін САЙЫН