Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жамбыл Су» мекемесінің жұмысы сараланды

0 312

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен «Жамбыл Су» мекемесінің өткен жылы атқарған жұмыстарының нәтижесі мен биылғы жоспары бойынша келелі кеңес өтті.

Әуелі мекеме басшысы Медет Беркімбаев былтыр атқарылған ілкімді істер жөнінде кеңінен баяндады.
– Қазіргі таңда мекемеде 616 адам жұмыс істеуде. 2023 жылғы кәсіпорынның жалпы табыс көлемі едәуір артты. Сәйкесінше, шығын көлемі де қалыпты. Жыл қорытындысы бойынша қаржылық нәтиже оң көрсеткішпен аяқталды. Мәселен, 2022 жылы жалақы 20 пайызға көтерілсе, былтыр 17 пайызға артты. Ал ағымдағы жылы еңбекақыны тағы 21 пайызға ұлғайтуды көздеп отырмыз. Қала тұрғындарының 80 пайызы су құбырлары және 53 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Жер астынан су көтеру үшін 90 дана су ұңғымалары жұмыс істеуде. Сондай-ақ кәсіпорынның заманауи зертханасы ауызсу және кәріз су сапасын бақылайды. Айына 220 сынама (пробы) алынып, 1 250 талдама жасалады. Бүгінгі күні мекемеде 81 көлік техникасы қызмет көрсетеді. Бұл техникалардың 30 пайызы 25 жылдан астам жұмыс істегендіктен тозығы жеткен. Оларды соңғы жаңарту 2018 жылы болған. Айталық, бюджеттен 85 миллион теңгеге 10 жеңіл автотехника және ЕБРР есебінен 122 миллион теңгеге 2 арнайы техника алынған болатын. 2023 жылы бюджет есебінен арнайы техника сатып алуға өтінім жолданып, 284,6 миллион теңгеге 6 дана техника, өз қаражатымыздан 239,2 миллион теңгеге тағы 6 техника, автопарк жаңалан- ды, – деген Медет Жақсыбайұлы алдағы межеленген жоспарларды да тілге тиек етті.
Шаһар басшысы өз кезегінде мекеме тарапынан әлі де шешімін таппай отырған мәселелер бар екенін жасырмады.
– «Жамбыл Су» мекемесі – қала тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір ірі кәсіпорын. Әрине, мекеме тарапынан тындырылған айшықты жұмыстар да жетерлік. Дегенмен түйіні тарқамай тұрған түйткілдер де аз емес. Мәселен, бүгінгі күні облыс орталығындағы су желілерінің 71 пайызының тозығы жеткен. Бұл – өте қауіпті көрсеткіш. Себебі желілерді жаңарту жұмыстары баяу жүруде. Соның салдарынан құбырлардың тозу деңгейі артып отыр. Әрине, бұл жалғыз «Жамбыл Су» мекемесінің ғана кінәсі емес. Бұл – талай жылдан бері қордаланған мәселе. Сондықтан ең әуелі осының шешу жолын жан-жақты қарастыруымыз керек. Қаланы дамытудың 3 жылдық жоспарында да осыған айрықша назар аударылып отыр. Сондықтан күні ертең сан соғып қалмас үшін кешенді шараларға көшуіміз қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.