Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында педагогтер арасындағы өңірлік байқаудың жеңімпаздары анықталды

0 481

Жамбыл облысында педагогтер арасында «Білім беру саласының әлеуетті көшбасшысы» атты өңірлік байқау өтті. Оған білім беру саласындағы еңбек өтілі кемінде бес жыл, негізгі жұмыс орны білім беру мекемесі болып табылатын 50-ден астам педагог, әдіскер мен мектеп директорының орынбасарлары қатысты.

Шараның ашылу салтанатында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев бүгінде сапалы білім беру – қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі екендігін атап өтті.

Аталған конкурс орта білім беру саласында кәсіби құзыреттіліктері мен көшбасшылық қасиеттері жоғары деңгейде қалыптасқан педагогтерді анықтау мақсатына негізделген.

Айта кетейік, өткен жылы еліміздің педагогтары арасындағы «Білім берудегі жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында Республикалық кадр резервіне 7 жамбылдық педагог қабылданған. Олар конкурссыз, тікелей өздері қызмет етіп жүрген аумақтағы мектептерге басшы лауазымына тағайындалды.

Төрт кезең бойынша өткен конкурстың финалына 15 педагог іріктеліп шықты.

Қатысушыларды бағалаған қазылар құрамында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, білім саласының ардагерлері Гибнер Александр, Айша Ниязбекова, облыстық қоғамдық кеңесінің хатшысы Жанар Орынбаева, «JAMBYL» телерадио арнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева енді және арнайы бақылаушы-сарапшылар тобы жұмыс істеді.

Байқау қорытындысы бойынша «Үздік әлеуетті көшбасшы» номинациясына Өміржан Сқақов (Қордай), «Үздік стратег» номинациясына Рауан Ошақбай (Тараз), «Үздік рационализатор» Гаухар Алтынбекова (Тараз), «Үздік мотиватор» номинациясына Ақбөпе Піспекова (Сарысу),  «Үздік оратор» Айнұр Сапарбаева (Қордай), «Ақпараттық-коммуникациялық технология шебері» Әлібек Байболатов (Меркі), «Форсайт стратегияның шебері» Гүлсезім Мәндібет (Меркі), «Дидактиканың шебері» Нағима Аманова (Тараз), «Креативті көшбасшы» Гүлжан Тулебаева (Сарысу), «Командалық жұмыстың үздік көшбасшысы» номинациясына Айнаш Төлеубаева (Шу) лайық деп табылды.

Номинацияға ие болған және байқаудың финалына өткен барлық 15 педагогке ақшалай сертификаттар табысталды. Олар үшін арнайы оқыту курстары ұйымдастырылатын болады.

Байқау алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.