Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы ашылды

0 603

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Жамбыл облысындағы резиденция ғимараты «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылды.

Балалар игілігіне негізделген орталықтың салтанатты ашылуына көпшілікпен бірге Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Батырхан Жолдас қатысып, өз құттықтауларын білдірді.

Қонақтар алдымен орталықтың аллеясында әзірленген балалардың қолөнер, сурет көрмелерімен танысып, түрлі спорттық шараларын және концерттік бағдарламаларын тамашалады.

Облыс әкімі өз сөзінде ел ертеңі – бүгінгі балаларға барынша көңіл бөлу, қолдау, жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті.

– Ел Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бағдарламада республика бойынша «50 балалар сауықтыру лагерін құру» міндеті көзделген.

Осы орайда, Мемлекет басшысы 5 өңірдегі резиденцияны балалардың игілігіне беруді тапсырған болатын. Аталған тапсырма аясында бүгін міне «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығының ашылу салтанатына куә болып отырмыз.

Нысан – жыл бойы жұмыс жүргізетін аймақтағы алғашқы оқу-сауықтыру орталығы.

Балалар бұл орталыққа жаз мезгілінде 12 күндік, басқа кезеңдерде 24 күндік сауықтырумен қамтылатын болады.

Бұл бастама – мемлекет тарапынан балалардың болашағы үшін жасаған қамқорлығы.

Балалардың болашағы мен денсаулығы – мемлекет үшін негізгі басымдықтардың бірі. Болашағынан үміт күттіретін балалардың бірқатары осы орталықтың алғашқы қарлығаштары атанғалы тұр деп сенемін.

Баршаңызды бүгінгі қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын,-деді Нұржан Нұржігітов.

Өз кезегінде ҚР оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Батырхан Жолдас, облыстық ата-аналар қоғамдық кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев та ізгі лебізін жеткізді.

Бұдан соң көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, «Мөлдір-бұлақ» оқу-сауықтыру лагерінің туы көтерілді. Қонақтар орталықты аралап, жағдайымен танысты.

Айта кетейік, аумағы 10 гектарды құрайтын орталықта балалардың демалысы үшін барлық жағдай жасалынған. Атап айтқанда, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған оқу кабинеттері, спорт алаңшалары мен үйірме бөлмелері, 5 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін арнайы асхана қарастырылған.

Сондай-ақ, орталық аумағында балалардың серуендеп, тыныс алуына арналған шағын тоғай бар.

Лагердің әр кезеңінде Тараз қаласы мен 10 ауданның бесінші және тоғызыншы сынып аралығындағы 50 оқушыдан демалады. Оның ішінде, инклюзивті балаларға да айрықша назар аударылады.

Балалар бұл орталықта жаз мезгілінде 12 күндік, басқа кезеңдерде 24 күндік сауықтырумен қамтылады.

Жалпы, биылғы жаз мезгілінде облыстағы 9 сауықтыру лагерінде 9 014 бала демалуда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.