Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында 257 су шаруашылығы нысаны жаңғыртудан өтеді

0 188

Жамбыл облысында жергілікті атқарушы орган тарапынан су тапшылығын шешу мақсатында су жүйелерін қалпына келтірудің өңірлік жол картасы әзірленді. Жол картасы аясында 2023-2025 жылдары 257 су шаруашылығы нысанына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, бүгінгі күнге 257 нысанның 56-сына жобалық-сметалық құжаттама сараптаманың қорытындысымен әзірленген. Сонымен қатар, қазіргі таңда 113 каналдың сметалық құжаттары әзірленуде десек, ол жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Жалпы 257 су шаруашылығы нысанын қалпына келтіру үшін болжамды  40 миллиард теңге қажет.

– Аталған жол картасында жетіспейтін суды қосымша су көздері арқылы қамту көзделген. Су тапшылығы бар аудандарда жер асты суын алу үшін 646 ұңғыма қазу жоспарланған. Бүгінге 103 ұңғыма қазылып, 3,8 мың гектар алқапқа су жеткізілді. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен сыйымдылығы 5,3 миллион текше метр жаңа 10 су қоймасын салу көзделген болатын. Бүгінде 3 су қойманың құрылысы басталды.

Жылдан жылға облыста су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптар ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 40,0 гектар болса, биылғы жылы 57,2 мың гектарға жетті,-деді Қанатбек Мәдібек.

Бұдан бөлек, басқосуда 2019 жылдан бастап, облыстың 6 ауданында Халықаралық банктер несиесі есебінен 69 мың га алқапта жалпы құны 40,0 миллиард теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асуда. Аталған жобалардың әкімшісі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» РМК болып табылады.

Бүгінде жобалар аясында 20,5 млрд. тг игеріліп, 33,9 мың га алқапқа су жеткізу жақсарған.

Жиында «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры Ерлан Өтегеновтің, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің, Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Гүлмира Имашеваның да қысқаша есептері тыңдалды.

Облыс әкімі су тапшылығына  қатысты соңғы жылдардағы жағдайды ескере отырып, су үнемдеу технологияларының тиімділігін атап өтіп, жаңбырлатып және тамшылатып суарылатын алқаптардың көлемін арттыруды, ұңғыма қазу шараларын да барынша қолға алу керектігін атап өтті.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жауаптыларға ауыл шаруышылығы мақсатында жерасты суларын падалану бойынша рұқсаттама мерзімін 25 жылдан 50 жылға дейін арттыру жөнінде жан-жақты мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды.

«Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының жұмысын күшейтудің маңыздылығын айтып, алдағы уақытта мекеменің есебі арнайы тыңдалып, талқыланатындығын жеткізді.

Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев суармалы алқаптар мен су жүйелеріне жан-жақты талдау қажеттігіне тоқталып, тиісті тұлғаларға жөндеу, жаңғырту жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын барынша бақылауда ұстауды міндеттеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.