Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жалғызқара (Ғұмырнамалық-танымдық роман)

0 357

Жазушы Кемел Тоқаевпен «танысқанда» мектеп жасындағы бала едім. Бұл «таныстық-білістікке» оның «Тасқын» деген кітабы қатты әсер етті. Өзі 1958 жылы баспадан шығыпты. Мен болсам 1959 жылы дүниеге келгем. Сонда арада бір мүшелдей уақыт өтіп, менің өрем детектив оқитын жасқа жеткенше қолдан-қолға ауысып, әбден ескіріп, мұқабасының түте-түтесі шығып кетіпті. Бірақ ең бастысы – парақтары түгел, еш жері жыртылмаған.
Маған осы жинақтағы Әулиеата қаласындағы тұрғындарды үрейде ұстаған қарақшылар туралы хикаят қатты әсер етті. Оқиға соғыс жылдарында болады. Осы повесте «Әулиеатада «Қара мысық» деген бір бәле пайда болыпты, түнде жүрсең өлтіріп, көзіңді ойып кетеді екен», «Үйіңнің сыртынан мияулап келіп, терезеңді, есігіңді тырналайды-мыс» деген жалған аңыз таратып, сол арқылы қарақшылық әрекеттерін алаңсыз жолға қойған қанқұйлы банданың шым-шытырық оқиғасы баяндалады. Осы повестке дейін ылғи ертегі, дастан, балалар туралы хикаяттар оқып жүрген мені шым-шытырық оқиғаға толы бұл шығарма мүлде басқа әлемге ертіп алып келді. Қазақ тілінің байлығын түгел меңгеріп үлгермеген жасөспірім үшін тілі өте түсінікті, оқиғасы да қызықты екен. Жазушы сені қолыңнан ұстап, жетегіне алғандай алға қарай тартады да отырады. Құрғақ баяндаудан да ада. Содан бастап қылмыскерлер әлемі туралы ерекше жанрда қалам тербейтін жазушының «Кемел Тоқаев» деген аты-жөні санамда жатталды да қалды.
Кейін өзім де журналист, жазушы атанып, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетіне келіп қызмет істеп жүрген кезімде, редакциядағы алдыңғы толқын ағаларымыздың бірі Насыр Қоссейтовтен жазушы Кемел Тоқаевтың ең алғашқы еңбек жолын кезінде осы газеттен бастағанын естіп, таңғалдым. Өйткені маған ондай мықты жазушы тек қана Алматы сияқты үлкен қалада тұрып, үлкен әдеби ортада жүретіндей көрінуші еді. Таңғалып отырып, Кемел ағаның «Қара мысық» туралы повесінің арқауына неге Әулиеата өңірін таңдағанын да түсіндім.
Арада көп жылдар өткенде, сол «Еңбек туы» газетіне өзім бас редактор боп тағайындалдым. Газет беделін көтеру үшін оның редакциясында қандай елге есімдері белгілі тұлғалардың қызмет еткенін оқырмандармен там-тұмдап болса да таныстыра отырудың артықтығы жоқ. Осы мақсатпен облыстық архивтен 1948 жылғы сарғайған газет тігінділерін қарап, жиырма бес жастағы журналист Кемел Тоқаев жазған кинорецензияларды тауып алып, керемет әсерге бөлендім. Тіпті қуандым. Өйткені жас журналист көп болса ауыл шаруашылығы мен өндіріс туралы мақалалар ғана жазған шығар деп ойлағам. Жоқ, ол ойым қате боп шықты. Мәскеудің белгілі режиссерлері түсіріп, атақты киноактерлері ойнаған 3 фильмге Кемекең бір жылда кинорецензия жазып тастапты.

алпы өнер адамдарында, оның ішінде қаламгерлерде «шығармашылық қанағатсыздық» деген ерекше бір қасиет болады. Бір жазғанына тоқмейілсіп, тоқтап қалғысы келмейді. Ізденген үстіне іздене түседі. Сондықтан Кемел Тоқаевтың алғашқы еңбек жолы мен оның қазақ кинорецензиясындағы тұңғыштардың бірі екендігі туралы кітап жазып шығарғаннан кейін, осы тағдырлы тұлғаның бала кездегі бастан кешкен өмірі, жауыңның басына тілемейтін қасіретті тағдыры, соғыстағы жанкешті ерлігі, майданнан келген соң өзі таңдаған шығармашылық жолындағы көрген қиындығы, «билікке қолайсыз қаламгер» ретінде қуғынға түсуі туралы мен жазбасам, кім жазады деп ойладым. Балалық шағы да ел басына түскен нәубет – ашаршылық, үркіншілік кезеңге тап келді. Ағасы Қасым Болтаев екеуінің көрмеген азабы жоқ десе де болады. Әке-шешесі бола тұра, Кеңес өкіметінің «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділері ағайынды екеуін екі кештің арасында Меркі ауылындағы Қарабай бай атындағы балалар үйіне күштеп өткізіп жіберуі тіпті қарадай қиянат еді. Оның соңы анасы мен кішкентай қарындасының естіген адамның төбе шашы тік тұратын қайғылы қазасына ұласады. Әйелі мен қаз-қаз жүре бастаған бөпесінен өлідей, екі бірдей ұлынан тірідей айырылған Тоқа екі қолын төбесіне қойып, өмірден баз кешіп кетеді. Ақыры ішін өртеген күйікке шыдамай, өзін тұлдыр қалдырған тағдырына налып, асау ағынды Шу өзеніне өзін-өзі тастап жібереді.
Мұндайды көрген, білген, жастайынан жетімдер үйінде өскен адамның есейіп, оңы мен солын таныған тұстағы тағдыры да күрделі болуы заңды. Өйткені олар бірбеткей, өтірік пен өсекке жаны төзбейтін жампоздар болып келеді. Шынында да солай екен. Қаламгер Кемел Тоқаевтың жеке өмірін түртінектеп зерттей отырып, түрен түспеген тың жайттарға тап болдым. Өмірінің маңызды тұстарының бәрін жазып кетіпті. Қызмет бабында, шығармашылық тұрғысында кіммен сөйлесті, кімдер қолдау көрсетті, кімдермен ренжісті, кімдер жолына кесе-көлденең тұрып алып, кедергі жасады, тіпті үстінен жазылған «домалақ арызға» дейін ештеңесін жасырмай қағазға түсіре беріпті, жарықтық. Егер осыны көркем дүние етіп жазса, қазақ әдебиетіндегі кенже қалып келе жатқан тұлғатану саласына үлкен олжа болғалы тұр емес пе деп ойладым.
Кемел Тоқаев – өзінің шығармашылық өмірінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерімен тікелей қарым-қатынаста болып, етене аралас-құралас болған жазушылардың бірі. Өйткені Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының үні «Жаршы» журналында көп жыл бас редактор бола жүріп, Жоғарғы Кеңес Президиумының Төрағасы Сабыр Бәләлұлы Ниязбеков, ҚКП ОК хатшысы Саттар Нұрмашұлы Имашев, ҚКО ОК хатшысы қызметін атқарған, кейін Алматы шет тілдер институтының ректоры болған Нұрымбек Жанділдин және Хамза Әбілғазин, Бижамал Рамазанова сияқты есімдері елге белгілі лауазым иелерімен сіз-бізі жарасқан адам. Пендешілікпен ренжіскен кездері де болып, бірақ құшақтары қайта қауышқан үлкен жүрек иесі екенін де осы ізденіс деген игілікті іс барысында білдім.
Кемел Тоқаев, сонымен бірге елге белгілі жазушылар Өтебай Қанахин, Қалмұхан Исабаев, Мұзафар Әлімбаев, Зейнолла Қабдолов, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақовтар бастаған көптеген ақын, жазушылармен де араласып-құраласып, сырласып тұрған. Әсіресе Өтебай Қанахин екеуінің тағдырлары өте ұқсас екен. ҚЖО бірінші хашысы Әди Шәріпов ағасының теперішінен де қағыс қалмапты. Жоғарғы оқу орнында қатар оқыған, кейін лауазымды қызметтер атқарған, қазақ тілі мен әдебиетінің білгір маманы, ғалым, профессор Мүсілім Базарбаевты да құрметтейді. Базынасын да білдіреді.
Кемекең Қазақ КСР-і Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бұрынғы-соңғы басшыларымен де жиі байланыста болған. Өйткені Кеңес өкіметінің хас жауы атанған атаман Дутовты атып өлтірген Қасымхан Чанышев (фильмде Қасымхан Шадияров деп өзгертіп алған) емес, чекист Махмұт Қожамияров деп ақиқатты айтып, сол азаматтың ерлігін дәлелдеу мақсатында МҚК архивіне жиі жүгінуге тура келген. Ара-арасында сол мекеменің газетке жариялануға тиісті шығармасына қатысты пікір қайшылығы мен әкімшілік тұрғыдағы «жариялауға болмайды» деген кедергілеріне де тап болған.
Қысқасы, осының бәрін ғұмырнамалық-танымдық романға айналдырып жазып шығудың мехнатын бастан бір кісідей кештім. Бірақ әлі аяқталған жоқ. Мынау бірінші бөлімі.
Қыркүйек айында туғанына жүз жыл толатын қарапайым қаламгер әруағының құрметіне арналған «Жалғызқара» деп аталатын осы ғұмырнамалық-танымдық романымның алғашқы бөлімін өзім жақсы көретін «Jambyl-Taraz» газетінің 9 мың оқырманына ұсынуды жөн көрдім.

– Ке-ме-е-е-еш!
– Қасым көке-е-е-е-е-е!
– Уһ, таптым-ау ақыры!
– Аға! Ағатайым менің! Сағындым ғой сені!
– Інім! Алтыным! Жар дегендегі жалғыз бауырым менің!
– Сен түк өзгермепсің, көке.
– Сенің түрің де сол баяғы қалпы. Бірақ денең іріленіп, жүзің ажарланып, әдемі боп кетіпсің.
– Ал сені, аға, соғысқа кетер кезіңдегі төмен қарап тұнжырап отырған қалпыңда көріп тұрмын.
– Әлі ұмытпапсың ғой.
– Неге ұмытайын? Сен кеткен соң бөлмеме барып ботадай боздағам сонда…
– Айналайын сол, саған көз жасымды көрсетпегеніммен, мен де ішімнен қан жылап, ең болмаса артымнан ерген осы жалғызқарам аман болса екен деп Құдайдан сенің тілеуіңді тілеп отырдым емес пе?!

***
Күн сайын қайталанып келе беретін бір сарынды жұмыстың ырдуан арбадай ыңырси ырғалған ырғағынан қажып, басын мең-зең қылған ойдан мезі болған кезде, жапыраққа малынған осы бір мүйске кеп аяқ суытса болды, неше түрлі қиянаттарды көре-көре жаралы болған жүрегі, алағай да бұлғай болған көңілі сәл де болса байыз тауып, сәл де болса шөбі шүйгін көл жағасына байырқалаған тұлпардай тыншып, беу, дүние-ай десеңші, мамыражай бір әдемі күй кешер еді. Бірақ…
Айналасындағы ақ мүсін ай-арулардай көз арбаған қайыңдар мен ат үстіне қаздия қалған қыр жігіттеріндей сап түзген қылқан жапырақты қарағайлардың тік біткен тәкаппар болмысына сүйсіне қарап, олардың арасындағы тарау-тарау боп әр тұсқа тартылған таспа жолдардың бойына қойылған орындықтардың адам шуынан ада біріне кеп жамбас басып, өткен-кеткен өмірінің азаптарын ұмытайын деп ниет қылатыны сол, ізін аңдыған албастыдай соңынан бұқпантайлап еретін де жүретін ой деген шіркін қасына кеп, ол да жалп етіп отыра кетеді. Үндемей отырса жақсы ғой, қай-қайдағыны еске салады, қай-қайдағыны айт деп қинайды.
Былайғы жұрт мұны төрт құбыласы түгел, уайым-қайғысы жоқ, қақ-соқпен де дүрдараз, тоқмейіл, біртоға, паң адам санайды. Қызметіне, жүріс-тұрысына қызыға қарайды. Қызыға қарайды да, өмірінің бәрі қаламақыдан түскен қап-қап ақша, қызылды-жасылды курорт, қылықты қыз-келіншек, сауық-сайран, ән-күй деп тамсанады. Қайдан білсін, жұрт қиялындағы сол «қызықты өмірінің» бәрі: қызметіне барса да, үйіне оралса да өзін күтіп тұратын жазу үстеліне тапжылмай отырып, ой қаузаумен, сөз сауу деген азаппен өтіп келе жатқанын. Осы уақытқа дейін Қаратеңіз курорты былай тұрсын, өзінің балалық шағының кермек дәмі қалған мына тұрған Пішпекке, оның ар жағындағы атақты Ыстықкөлге де бір барып демалып көрмепті. Жазуды да қойшы, өзінің жаны қалаған жұмысы ғой, ал сол жазғандарын жұрт игілігіне жарату үшін кітап қып шығару жолындағы Қытай қамалы сияқты алынуы қиын «жоспар» деген тосқауыл ше? Одан аман-есен өту дегеннің миға салмақ түсірер мехнаты ше? Тасы өрге домалап, қаламынан тырс-тырс тамған ойы мен сөзінің дәні мен нәріне жұрты риза боп, бұдан жаңа дүниелер күтіп отырған кезінде, жолына кескен теректей сұлап, көлденеңінен жатып алатын ағалар мен інілер ше?
Өмірінде көрмеген бөтен-бөгде, жат жандар болса өкпе жоқ қой, күнде болмаса да, анда-санда болып тұратын жиындарда қошуақ көңілмен құшақтаса сәлемдесіп, іші-бауырыңа кіріп кететіндей ентелей кеп тұра қалатын, онымен де қоймай хал-жағдайыңды сұрап, алғаусыз пішінде күліп-ойнап жүрген дос-жарандары емес пе өзінің? О заман да, бұ заман, жаманшылық жасаудың небір хас шеберлері етене араласқан адамдарының арасынан шығады деп басына түскенше мүлде ойламапты. Бетіңе күліп тұрып білгенін жасайтын, жаныңды түсінген боп тұрып жүрегіңді жаралайтындардың небір нағыздары да солардың арасында екен.

***
– Көке?
– Ау.
– Құдай тілегіңді қабыл етті! Соғыстан аман-есен оралдым. Бірақ Құдайға не жаздық бізді осыншама қинайтын? Әкемізді де, шешемізді де, тіпті кішкентай қарындасымызды да жалмады ғой…
– Құдайдан дейсің бе соның бәрі?! Бір-біріне қиянат жасайтын адамдардың өздері. Сосын ол нәубет біздің әулеттің ғана емес, бүкіл халықтың басына түскен қасірет болды емес пе?
– Елдің бәрі сол кезде неге Пішпекке ауды екен, көке? Қырғыз жақтағы адамдардың бір-біріне жамандық жасамайтын болғаны ма сонда?
– Әр талдың өз көлеңкесі, әр елдің өз салты болады, інім. Біздің елдің белсенділері бір-бірін итше талағаны аздай, «бай», «кедей» демей халыққа түгел зәбір көрсеткен заманда, айналамызда «ашықтық» деп тарықпаған, «туғанымнан айырылдым» деп қамықпаған жұрттар да болды. Жер-жаһандағы соғыс, аштық секілді сұмдықтардың барлығы басшылардың санасына байланысты болады екен да.
-…
***

Қайсыбір күні жүйкесін жұқартқан неше түрлі ойлар жан-жағынан қамалап келіп, «тұтқынына» түсіріп алды да, «жүр-жүрлеп» отырып Саттардың кабинетінен бір-ақ шығарды. Өйткені Орталық Комитеттегі бөлім де, Баспа ісі комитетіндегілер де кітабының шығуына қарсы келмей, «мақұл» деп құптап, қолдап отырғанда, Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Әди Шәріпов мұның аты-жөнін жоспардағы тізімнен сызып тастапты. Бір таңқалғаны, Орталық Комитеттің әшейінде шіреніп, сыздаусып, сазарып-безеріп жүретін шенеуніктері де, Баспа ісі комитетіндегі белсенділер де «Әдеке, мұныңыз қалай? Тәп-тәуір дүниеге обал емес пе?» деп ешқайсысы ләм-мим деп айта алмаған. Ендігі үміт Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Саттарда.
Саттар Имашев – ежелгі досы. Сәкең Ржев соғыс-жаяу әскер училищесін бітіріп келген соң Қазақ мемлекеттік университетінде оқыған. Содан бастап екеуінің дәмдес-тұздас болғаны да бар, жастық шақтың желігімен қыз-қырқындарға да бірге барып, көңілді кештер мен сауық-сайранның қызығын бірге бөліскендері де рас. Қазір, әрине, әркім өз қызметінің хикіметімен әлек. Жолдары да, жөндері де бөлек. Саттар үлкен бір елдің идеология саласына жауап беретін хатшы болса, бұл сол елдегі Жоғарғы Кеңестің «Жаршы» деген ресми журналында бас редактор болып отыр.
Жастық шақтағы бал-шырын күндердің тәтті дәмін Саттар да ұмытпапты. Сол бір алаңсыз шақтардағы қызықтарды еске алып, біраз әңгімелесіп отырды да, досының нақты шаруасына келгенде:
– Мен тұрғанда алаңдамасайшы, Кемел. Сен тек кітап жазуды біл, ал мен баспадан шығару жағын білейін. Құдайға шүкір, повестерің жұрттың аузында жүр. Кітап дүкендеріне түссе, жұрт сол заматта талап алып кетіп жатыр…
– Рахмет, Сәке. Сені өтпейтін пышақ сияқты достардан, мені өтпейтін кітап сияқты қастардан сақтасын Құдай. Менің детективтерім арқылы табысқа кенеліп отырған баспалар жетерлік. Бірақ соған қарамастан, Құлагердей жүйрікті жолдан тосып, жанын жаһаннамға жіберген Батыраштардың ұрпақтары шығармаларымды баспаға жеткізбей, жанымды қинап жүрген жоқ па?
– Уайымдама, Кемеш. Айттым ғой, кітап шығару жағын маған қалдыр деп.
– Рахмет, Сәке.
Кемел Орталық Комитеттен көңілді шықты. Айналасындағы ары-бері өтіп жатқан бейтаныс адамдар да, зәуімен кездесіп қалып, амандасып жатқан таныстар да бұған құтты болсын айтып жатқандай, олар да Кемелмен бірге қуанып кетіп бара жатқандай әсермен шалқи басып келеді.
Мұңайғаны да, қуанғаны да жылдам бала мінезді жазушылардың көңілі Алматының аспанындай бірде бұлтты, бірде шуақты. «Біздің Кемел Орталық Комитеттегі Саттар Нұрмашұлының өзіне барыпты, кітабы жоспарға еніп, жуырда шығатын бопты» деген хабарды естіген қаламдас жора-жолдастары редакциялардың тар бөлмелерінде-ақ «жу-жуға» басты. Коньяктардың тығындары бірінен кейін бірі ашылып, ақ тілектер «ақбас» шампандардың ақ көбігіндей ақтарылып, олары қырлы стақандар мен шәй кеселердің кемерінен асып, төгіліп жатты.
Тумысынан қолы ашық Кемелдің шалқып тұрған кезінде аспандағы айды алып бер десе де «мақұл» дейтін аңғал екенін білетіндер: «Кемеш, бұл жуғаның аз, сен, қанеки, бір семіз қойды сойып, шаңырағыңа шақыр. Дастарханыңды көрсет», – деп қолтығына су бүрікті. Бұл болса сол жерде болашақ қаламақысының есбінен ақкөңіл ағасы Мұзафар Әлімбаевтан «айлыққа дейін» деп 250 сом қарыз алып, әлгі тілектес тентектерін мінез-құлықтарына, қайсысы қайсысымен араласып-құраласатынына, тіпті кім мен кімнің сөздері жарасып-жараспайтындарына дейін ескеріп, топ-топқа бөліп, кезек-кезек үйіне шақырды. Әрине, үлкендерінің алдына бас та қойылды, жамбас та тартылды. Қонақтарының бәрін, сөйтіп, бір риза етті. Ақжарма тілектердің тығыны дастархан басында да ағытылды. Бірақ…

***
– Көке?
– Ау, інім.
– Неге екенін білмеймін, осы күні Пішпектегі күндерімізді көп ойлайтын боппын.
– Ойлай берсең, ойыңа тамызық болсын, ол жақта аштық қана емес, біздің елдегідей қуғын-сүргін де болмаған. Болса да, өте аз болған. Өйткені, олардың атқамінерлері біздің «шаш ал десе, бас алатын» әпербақандардай өз халқына өздері аш қасқырдай тап бермеген. Ұшқан ұясынан пана таппаған қазақтардың көбісі жансауғалап, сонау жердің түбіндегі елдерге де ауып кеткен сол кезде. Пішпек бер жағы ғой…
– Бізді Пішпекке көшіріп әкеткен Өте атам ғой, ә?
– Иә, сол атаң. Екеуміздің әкеміз Тоқа бес ағайынды болған. Құшай, Төле, Өте деген ағалары мен Мырзахмет деген інісі бар екен. Солардың ішінен Өте деген атаң белсенді бопты. Төңкерісшілерің сеніміне кіріп, ауыл-аймаққа әкім де болған.
– Ендеше, неге қашқан?
– Ағайындарының малын тігерге тұяқ қалдырмай шетінен тартып алып жатқан өкіметтің озбырлығына шыдай алмапты. Оның үстіне сол жиіркенішті іске Өте атаңның өзін де жекпек болған. Сосын жақын ағайындарын, оның ішінен біздің әкеміздің отбасын алып «Қырғыз елі, қайдасың?» деп бір түнде тайып тұрудан басқа амалы қалмаған екен де жарықтықтың…
***
Кемелдің қуанышы ұзаққа созылмады. Біраз күндерден соң шаңырағында қонақта болған жанашырларының бірі телефон шалып, асығыс сұралған салқындау ғана амандық-саулықтан соң:
– Кемел, менің алдымда жоспар жатыр. Бірақ ішінде сенің аты-жөнің жоқ. Соған қарағанда, жоспардан тағы сызып тастаған сияқты сені, – деп жүрегін зу еткізді.
Соғыста зулаған оқтан, ысқырған снарядтардан қорықпайтын батыр мінезді жауынгердің жүрегі, елге аман-есен оралып, жазушылық кәсіпке құлшына ден қойғалы бері осындай аяқтан шалулардан әбден зәрезап болған. Бұдан гөрі жаумен бетпе-бет келіп, қоян-қолтық шайқасқан анағұрлым оңайырақ болатын. Өйткені қарсы алдыңда өзіңді атуға оқталып, аңдып жатқан жауыңның бар екенін, оның біреу емес, бір рота, бір полк, тіпті дивизия екенін білесің. Ал мыналардың қай жағыңнан келіп «тарс» еткізетінін алдын ала білмейсің. Сосын ашық күнде төбеңнен жай түскендей есеңгіреп жүргенің. Күтпеген жерден тап болатын сондай сұмдықтардан әбден секемал боп қалған жүрегі бұл жолы да сыр беріп, суыт хабармен бірге зырқ ете түсті.
Ойына ең әуелі жан досы Саттар оралған. Өткенде ғана уәде беріп, «сен кітап жазуды біл, ал мен сол жазған кітабыңды шығаруды білейін» демеп пе еді?!
Саттар – біреулер үшін Орталық Комиттегі идеология саласының тізгінін ұстаған үлкен лауазымды тұлға болғанымен, бұған сыралғы дос, мінезі қанық жолдас. Жетіп барайын деп еді, ол қызмет бабымен аяқ астынан Моңғол жұртына сапарға кеткен болып шықты. Кемел содан Саттар қашан Алматыға қайтып оралғанша шыдамы таусылып, үйіне де, қызметіне де сыймай, бір орнында тағат тауып отыра алмады. Ақыры «келді-ау» деген күні бұл да жеткен.
Көңілінде еш жаманшылық жоқ. Тек өткендегі уәдеге сеніп, әне-міне шығады деп жүрген кітабының тұмсығы «жоспар» деген жартасқа соғылып, күллі қаламгер достарымен бөліскен қуанышының быт-шыт болғанын айтпақ. «Кітап не боп жатыр, Кәке?» деп жымысқылана сұрағандарға: «Бәрі жоспардағыдай» деп өтірік айтуға да жүзі шыдамайды. Олардың ішінде үйінің төрінде шалқайып отырып, асын жеп, шәйін ішіп кеткендер де бар. Әлде мынау қамшыдай тиіп жатқан ащы соққылар сол достардың тісінен шыққан сайқымазақ сөздердің кесірінен бе екен?
Бірақ сөз ауанынан байқап отыр, бұл жолғы гәп Саттар достың өзінде жатқан сияқты. Өйткені салған жерден ақтала бастады. Қызмет бабымен жүріп, мұның кітабын жоспарға енгізу жөнінде тапсырма беруді тарс ұмытып кетіпті.
– Моңғол еліне барамыз деп қарбалас тірліктермен жүріп, жоспарды қарай алмап ем. Кінә менен кетті. Бірақ сен уайымдама, кітабыңды шығарып берсем болды емес пе? Осы жолы Әбілхановқа өз аузыммен айтам.
Саттардың сөзіне бұл жолы да сенді. Сенбек тұрмақ, осындай азаматпен дос болғанына кеудесін мақтаныш сезімі кернеді. Көп ұзамай Саттар айтқан Ғабдолла Әбілхановтың өзі телефон шалды.
– Орталық Комитетте болдым. Иедология жөніндегі хатшы шақырды. Ол кісі маған сенің кітабың жөнінде айтты. Енді мен оны жоспарға кіргізіп, баспадан шығаруға тапсырма берем.
Ғабдолланың сөзіне Кемелдің көңілі асып-тасып, әне-міне дегенше кітабының «сүйінші данасы» келіп, бұл оның мұқабасын аялай сипап, баспадан жаңа ғана шыққан қағаз бен қаріп бояуының иісі аңқыған парақтарын тұмсығына құшырлана тақап тұрғандай сезінді.
– «Ұялған тек тұрмас» деген, Сәкең осы жолы шындап кіріскен сияқты, – деп өзінен өзі күбірлей сөйлеп, жазу үстелінен тұрып кетті де, кабинет ішін ары-бері адымдай айналып барып, терезеден ап-анық боп көрініп тұрған Алатаудың шыңдарына қарады.
Ақиқат та Алатаудың ақ бас шыңы сияқты алынбас қамал, кімнің дос, кімнің қас екенін білу үшін анау қар жатқан қия жартастар мен шыңдарға жететіндей қиын асулардан асуың керек. Ал ол бір қарағанда жақын, тіпті қол созымдай жерде тұрғандай көрінгенімен, тым-тым алыста. Шыңына шығуың да қиын. Бір қарасаң қасыңда «досыңмын» деп хал-жағдай сұрасып жүрген жандар, енді бір көргеніңде Алатаудың сол шыңдарындай тым алыстап кетеді. Әсіресе лауазымы өскенде. Сәлемдесіп, қолын алып, қасыңда сөйлесіп тұрғанның өзінде екеуіңнің араңда адам өте алмас асу жатқандай алыстықты аңғарасың. Шың басындағы денеңді аяздай қаритын суықты сезінесің. Оның дүрс-дүрс соққан жүрегінің түкпіріндегі шын ниеті де сен үшін жұмбақ. Баяғы етене жақындықтың, тіпті қалжыңдасып тұрып балаша алыса кететін арсы-гүрсі көңілдің аражігіне сына қаққандай ашылып, ал терезенің шынысындай бұрынғы мөп-мөлдір жан дүниесін шаң-тозаң тұтқандай көмескі тартқанын көріп, оны су шашып, жуғың, шүберек алып сүрткің келіп кетеді. Бірақ оның көңіл терезесінің бер жағын жуып, тазалағаныңмен, ар жағы бәрібір бұлыңғырланып, бәрібір бозаңданып тұрады. Көзіңді талдырып қанша қарағаныңмен, оның көңілінен өзіңнің жаныңа тән баяғы мөлдірлікті, әуелгі табиғи тазалықты сезініп, байқай алмайсың.

– Көке?
– Ау?
– Бибігүлді көрдің бе?
– Көрдім.
– Не істеп жүр екен?
– Қаз-қаз басып жүре бастапты.
– Менің кішкентай ботақаным ғой ол. Тәй-тәйлап жетектедің бе өзін?
– Иә, ары-бері жетектеп, әбден ойнаттым. Анама әлі-ақ қолғанат болады.
– Бибіажарымыз тірі болғанда қазір Бибігүлді өзі-ақ бағып-қағып өсіретін еді, ә?
– Әрине, оған сөз бар ма? Қыршынынан кетті ғой Бибіажар.
– Аурудан ба?
– Иә, ауруы бар, басқа да тажалы бар, бүкіл сұмдықты біздің үйдің шаңырағына үйіп-төгіп бере салған екен де Жаратқан Ием. Өуһ…
– Анам не істеп жүр? Орнынан тұрып па?
– Әфуза ма? Сал ауруы аздай, басқа сырқаттар да еңсесін езіп, төсегінен тұра алмай қалып еді ғой. Қазір жақсы. Саған әдемі көйлек тігіп қойыпты. Анамыз шебер тігінші, есіңде ме?…

***
Адамның көңілі де құс сияқты. Жақсы сөз естіген жанның көңілі де аспанды аңсап, шарықтап ұшқысы келеді. Саттардың екінші уәдесінен соң Кемелдің көңілі де біраз шалқып жүрді. Тіпті көптен бері қайырылмай кеткен жазу үстеліне отырып, бұрын жазып, дайындап қойған «Түнде атылған оқ» атты киноповесін қайта оқып шықты. Оқи отырып сызатын сөйлемдерін сызып, қосатын сөздерін қосып, әбден қырнап-жонды. Үш қайтара өңдеуден өткен киноповесі, Құдай қаласа, жаман болмауы керек. Енді еңбегін елеп, қаламының қуатын мойындап, қолдау көрсететін жүрегі кең редактор кездессе де, шіркін!
Ал көңілін көптен бері алаң қылған кітабы – «Арнаулы тапсырма» биылғы жоспарға кірмегенімен, келесі жылғы жоспарға енетін шығар» деген үміті Саттардың уәдесінен соң нығая түскен. Бірақ…
«Жазушы» баспасы жоспарға енгізіп, басшысы да, басқасы да қолдарын қойып, мөрін басып алдына әкелген кезде Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әди Шәріпов тағы да қарсы болыпты. «Алты аласысы, бес бересісі жоқ» Әди ағаның мұнысы несі? Бұған қадалып алатындай не жазды сонша? Алдынан қия басып өткен жері жоқ еді ғой. Енді шегінерге жер жоқ. Соғыста қалам ұстағандармен емес, қару ұстағандармен де соғысып көрген. Құдайға шүкір, еліне аман-есен оралды. Жаулары жер жастанып, жеңілді. Ал тылда, бейбіт заманның заңымен тыныш жүрейінші десе, мұндағы кейбір қаламдастары бұл үндемеген сайын адам екен деуді мүлде қойып барады. «Өкшемізді басып, өсіп келе жатқан інімсің, жаз, жарқырап көрін» деп елеп-ескеретін жәйлері де байқалмайды. «Тырнадан қарауыл қойсаң, төбеңнен қиқу кетпес» дегендей, ылғи шөміштен қағып отырғандары.
Кабинетіне кіріп келген бетте шаруасын айтқаны сол, Әди ағасы майда сөзбен алдын орады.
– Кемешжан-ау, басыңа түскен барлық кесір-кесапатты менен ғана келіп жатыр деп ойлама. Екеуміз де соғыс көрген қанды көйлек жауынгерміз. Жақсы жазатыныңды білем. Тың тақырып – детектив жанрын әкелдің әдебиетімізге. Оның өзі бір төбе.
– Ендеше, неге дап-дайын тұрған кітабымды жоспардан алып тастай бересіз, Әдеке?
Жазушылар одағының бірінші хатшысы жымиған болды. Бірақ аласы мол үлкен, әдемі көзі жымиса да, жанарының бер жағы жаймашуақтанып, күн шығып тұрғандай жайдары көрінсе де, ар жағындағы ауа райының қандай екенін біле алмады. Сосын көзіне көзін қадап, тура қараған кезінде бұрынғыдан да үлкейе түсетін жанарына анау-мынаулардың тайсалмай тік қарауға дәті шыдамайды-ау. Анау жоғарыдағылардың бұл кісіге сөздері өтпейтіні де, бірдеңе деуге батылдары жетпейтіндері де содан ба екен?
– Одақтағы мәселені мен ғана шешпеймін ғой, айналайын-ау. Менің жан-жағымда анау да отыр, мынау да отыр дегендей. Солардың да пікірлері ескеріледі емес пе?
– Олар не дейді сонда?
Бірінші хатшы қаламымен үстелін тықылдатып отырды да:
– Олар не дейді дейсің бе? Олар… бұл одақ сөз қуғандардың ордасы, өсек-аяңның көңі қалыңдап кеткен қорасы дейді. Күнде біреуі келіп, құлағымның етін жеп кетеді.
– Оған менің қандай қатысым бар, Әдеке?
– «Кемел Тоқаев жыл сайын кітап шығара бере ме? Басқаларды да ойлайық та» дейді. Сені неге жек көретіндерін мен қайдан білейін?!
–Менің жарымнан кейінгі жаныма жақын жанрым – детектив. Әзірге біздің әдебиетте бұл жанрда жазатын мен ғана. Егер детектившілер баспаның кезегін күтіп, топырлап тұрып қалса, онда мен-ақ жолымды берейін соларға. Бірақ сіз айтып отырғандар мені жек көреді емес, көре алмайды-ау, Әдеке!
– Білмеймін, Кемелжан, әйтеуір маза бермейді маған.
– «Ымды түсінбеген дымды түсінбейді». «Анау да отыр, мынау да отыр» деп ымдап отырған адамдарыңыздың екеуі де ақын еке- нін білем. Екеуі де мықтылардың мықтысы. Біреуі – Жұбан Молдағалиев, екінішісі – Қабдікәрім Ыдырысов. Ал мен прозашымын, оның үстіне қаламгерлер сирек баратын, тіпті тәуекел ете бермейтін детектив жанрының жанкешті құлымын. Сонда ол екеуінің менен ала алмай жүрген әкелерінің қандай ақысы бар?
– Білмеймін, Кемешжан, білмейін…
Бірінші хатшының бетіне қарап отыра беруден түк шықпасын білді де, бұл орнынан тұрды. Сол күйі кетіп қалайын деп оқталды да, «шыдамның да шегі бар, болар іс болды ғой» дегендей:
– Арғымағыңды жамандап, тұлпар қайдан табарсың? Тұйғыныңды жамандап, сұңқар қайдан табарсың? Көлдің суын жамандап, Еділді қайдан табарсың? Өз барыңды жамандап, нарыңды қайдан табарсың? Өз басыңды зорайтып, теңдес қайдан табарсың? – деп салды.
Бір шығармама керек болар деп Асан қайғы сияқты ежелгі жыраулардың жырларынан қойын дәптеріне ұнаған үзінділерін жазып алып, жаттап жүретін әдеті болушы еді, мұндай сәті келер ме, өзі шығарған өлеңдей төгіп-төгіп жіберді. Сол-ақ, өкпесін ұмытқандай, көңілі лезде тоғайып сала берді. Бастықтың алдынан ұнжырғасы түсіп, тұнжырап шықпай, қайта оның мысын басып, тауын шағып қайтып бара жатқанына жаны риза кейіпте.
Бірінші хатшы қарапайым прозашыдан мұндай жауапты күтпесе керек, қапелімде не дерін білместен үндемей отырып қалды. Үлкен көзі шарасынан шығардай одан сайын бақырая түскен. Бірақ айтарға уәжі жоқ, шапылдасып ұрысарға әдді де жоқ. «Әй, сен не деп тұрсың? Мен соғысқа қатысқан адаммын, фашистермен шайқаста қанымды төгіп келген партизанмын» дейін десе, алдында тұрған иықты келген сымбатты азамат та майданның алдыңғы шебін көрген, тіпті жараланып, госпитальда жатқан, оның үстіне бірнеше ордендері мен медальдары бар нағыз батыр-жауынгердің өзі.
«Бәленбай томымды жоспарға енгізіп бер» деп буынсыз жерге пышақ ұрып жүрсе бір сәрі, бар болғаны бір ғана кітабын жоспарға енгізу үшін осыншама аяғынан таусылғанына ашулы жүрген жан аянсын ба, ызасы Асан қайғы жырымен де басылмай:
– Өзіңіз басқарып отырған одақты сөз қуған сорлылардың ордасы мен өсек-аяңмен күн көретін алаяқтардың қи сасыған қорасына теңесеңіз жетіскен екенбіз, Әдеке. Билік сізді осы жерге тәртіп орнатсын, араларында беталдына лағып, сөз қуып жүргендері болса тәрбиелесін, төбе-төбеге бөлініп, дүрмекке ілесіп, сырттай дүрдараз боп жүргендерін көрсе, бастарын біріктіріп, берекесін кіргізсін деп жіберген жоқ па? – деді тағы.
Әдетте асықпай, жаймен ғана сөйлейтін адамның сөзі жүйесін тапқан кезде таудың жартасы үстіңе жапырылып құлап түскендей айналаңда зілбатпан бір тыныштық орнайтыны бар ғой, сол сияқты үлкен кабинет ішінде де құлаққа ұрған танадай бір меңіреу үнсіздік орнай қалды.
– Өкпеңді маған емес, анау Жұбанға, Қабдікәрімге айт, екі ақын деп отырғаның солар, өзің де сезіп отырсың ғой, – деді Кемелге көзін бақырайта қараған хатшы тауы шағылғандай үні бәсеңсіп.
– Жұбанды да, Қабдікәрімді де жақсы білем, Әдеке. Оларды мен емес, жаңа әзірде өзің айттың «құлағымның етін жеді» деп. Жұбан – майданда сыры, бейбіт өмірде жыры бір жолдасым. «Лениншіл жаста» бірге қызмет еттік. «Мен – Қазақпын!» деген дастаны жүрегін жарып шығып, бүкіл қазақтың сөніп бара жатқан рухын, қазақтардың қазақ екеніне мақтаныш сезімін оятқан кезде, сол қуанышты елмен бірге ең алдымен бөліскенмін, сондықтан одан жамандық күтпеймін. Қабдікәрім де жамандық жасай қоймас, өкшемізді басқан ініміздің бірі ғой. Гәп бар кінәні айналасындағылардан көріп отырған сізден боп тұр-ау, Әдеке?
Зады жаны жұмсақ адам ғой, «Мал ашуы, жан ашуы» дегеннің керімен жамбасы шіріп, жатып қалған қолжазбасының тағдырына күйінем деп тұрып Әдекесіне шыли артық кетіп қалдым ба деп те қипақтады бір жағынан. Бірақ не де болса запыран сияқты өңешіне жабысып, тамағын ашыта берген құсық сықылды қыжылды сыртқа шығарып тастағанына бір жағынан өкінген жоқ.
Келіп, шаруа айтқан кісісі оңай емес, халқына еңбегі сіңген ел перзенттерінің бірі. Кезінде соғысқа қатысып, паризан отрядында болған, ондағы көргендері мен көңілге түйгендерін «Партизан қызы», «Ормандағы от» деген кітаптары арқылы қалың қазаққа жеткізген белгілі жазушы. Одан бөлек, соғыстан кейінгі жылдарда елдегі ең үлкен лауазымды қызметтердің біразының тізгінін ұстаған. Оқу минис- трі, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болу оңай шаруа емес. Лауазым жағынан төмендеп келгендегі жерінің өзі – Жазушылар одағы. Оның да бірінші хатшысы болып отыр. Бірақ шығармашылық ортаға келсе де, бойы мен болмысындағы сол баяғы билік басында отырған кезіндегі асқақтығынан арылмаған. Жүзінен сұсы мен мысы кетпеген мықтының нақ өзі. Осындайларын естіп-біліп жүрген біраз ақындар мен жазушылар тұрмақ, Орталық Комитеттегі бөлім басшыларына дейін әлі күнге одан ығысып, бетпе-бет кездесіп, өтініш айтудан тайсақтап, қаймығып жүретінін де байқаған. Жоғарғы Кеңес «Жаршысының» бас редакторы жазған кітапты жоспардан қайта-қайта сызып тастай бергеніне қарағанда, бұл болжамына талас жоқ.

***
– Көке?
– Әу, жаным?
– Анаңды Әфуза деп неге атымен атайсың?
– Өйткені мен Болтай атамның баласымын.
– Болтай атам Тоқаның әкесі ме?
– Иә. Біздің қазақтарда үлкен ұлын атасы мен әжесінің бауырына салып беретін салт-дәстүр бар. Сондықтан мен Қасым Болтаев болам.
– Ә, солай екен-ау. Әкем не істеп жүр екен?
– Яков екеуі Пішпектің базарына барып, сауда-саттығын жасап жүр.
– Яковтың атына тілі келмеген соң әкем оны Жақып дейтін еді, иә.
– Иә, кейде Әкім дейтін, кейде Жақып дейтін. Өуһ…
– Неге күрсіндің, көке?
– Жай, Қырық кепе ауылынан естіген бір сұмдық есіме түсіп кетті.
– Жыламашы, көке. Онда менің де көңілім босайды.
– Жарайды.
-…
***
«Мал ашуы, жан ашуы». Орталық Комитеттің әдебиет пен мәдениет саласын қадағалайтын бөлімі тағы да ырду-дырду болды. Мәселе – «Кемел Тоқаев кітабының жоспардан тағы да шеттетіліп қалуы» туралы. Бірақ қанша жерден талқылап, қанша жерден айтысса да, ешқайсысы нақты кінәлі адамның атын атап, түсін түстей алмайды. Сол баяғы бір-біріне сілтеу, бір-бірінен көру.
«Жазған құлда шаршау жоқ», Саттар досының телефонын терді. Бұрын Орталық Комитетте шаруасы болса, хатшының қабылдауына алдын ала жазылып, досының алдына барған соң асықпай отырып, амандық-саулықтан соң ғана миын ашытқан мәселесін айтса, бұл жолы тік кетті.
– Саттар, бұл мен ғой, аман-есенсің бе?
– Аман ба, Кемеш? Халің қалай, шабыт деген Шалқұйрығыңның шабысы қалай?
Трубканың ар жағындағы Саттардың ойында бөтен-бөстекі ештеңе жоқ, бұрынғы жастық шақтағы әдетінше қалжыңға басып жатыр.
– Сол Шалқұйрығымның шабысы дұрыс болғанымен, дабысы шықпай, үні құмығып жатыр. Өзің «жоспарға қосыңдар да, басып шығарыңдар» деп, қарамағыңдағыларға тапсырма берген кітабым, міне, ай артынан ай, жыл артынан жыл өтті, әлі «сүр» боп жатыр. Айтайын дегенім, егер уақыт тауып биылғы жоспарды қарай қалсаң, оның ішінен менің аты-жөнімді көзің шалып қалса, бұл Кемел жыл сайын кітап шығарып дәнігіп алыпты деп ойлап қалма, бұл сол баяғы өзіңе айтқан кітабым.
Саттардың дауысы бірден өзгеріп, салмақты мақамға ауысты.
– Қой, не дейді? Ұят болған екен. Менің атымнан дереу Жұмабаевқа айт, жоспарды қарап, талқылаған кезде есіме салсын.
Әбілмәжін Жұмабаев деген жігіт – Саттар Имашевтің жақсы көретін кадрларының бірі. Оны бұл да біледі. «Социалистік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы болып жүргенде қарамағында істеген қарым-қабілетінен үміт күттірген жастардың қатарында Әбілмәжін де үнемі мақтау еститін. Бұл Орталық Комитетке келген сайын Саттар: «Осы жігітті Орталық Комитетке алсам қайтеді?», – деп бір жағы ақылдасқансып, бір жағы тындырымдылығына қызығып, көңілі қалап жүретін. Бұл «Ұзақ Бағаевты алсаңшы» дейтін. Бірақ ол Әбілмәжінді тәуір көрді.
Саттар сол Әбілмәжінге нұсқап, жөн сілтеген соң жүрегі орнына түсіп, Құдай ісімді енді оңғаратын шығар, – деп кәдімгідей дәмеленіп қалды. Көңілі де көтеріңкі. Сондықтан болар, телефонды алған Жұмабаевқа:
– Сізге хатшы жолдастан арнайы тапсырма бар, – деп қалжыңдай сөйледі.
Жұмабаевтың мінезін жақсы біледі: өте сыпайы, сыпа жігіт, артық сөзі жоқ, тәртіптің адамы. Саттардың қызығатыны да осындай мінезінен болса керек.
– Айтып отырғаныңыздың бәрі дұрыс қой, Кемеке. Бірақ мен демалысқа кетіп бара жатырмын. Жолдамам да, міне, қолымда тұр. Саттар Нұрмашұлының маған қалай тапсырма бергенін түсіне алмадым, – деді ізетпен.
Бұл аң-таң боп сілейді де қалды. Әріптес, майдандас ағасы Әди Шәріповтің қамқорлығын көре алмай, мұңын шағып келгендегі сенгені Саттар еді, сонда… ол да алдаған боп шықты ма? Ол да мұның ғазиз басын доп қылып, ары да бері тепкілемек пе? Адамның басы хатшылардың емес, Алланың добы емес пе еді? Бұрынғылардың сөзіне сенсе, тап солай. Бірақ бүгінгі хатшылар да бір, Құдай да бір! Әрқайсысы өз саласындағы бір-бір «идол» болып алған. Одан ары да, бері де емес. Жас кезінде ыстық-суықты, қызық-шыжықты бірге көрген жан досының мазағы ма, әлде сары майдай сақтап жүрген азабы ма бұл? Қызметкеріне сілтегеніне намыстанбаған еді, сол қызметкері «мен дамылыстамын» деп сызылған кезде жерге кіріп кете жаздады.
Әйтеуір қара жердің тесігі жоқ болғаны әбүйір болды.

***
– Көке?
– Әу?
– Мені неге іздеп келмейсіңдер?
– Бұл жақтан саған жете алмаймыз ғой, құлыным-ау.
– Онда мен барайын да сендерге.
– Жоқ, атай көрме! Келме бұл жаққа!
– Неге? Сендерді сағындым ғой.
– Шыда! Бізде сағынып жүрміз. Бірақ сенің шыдауың керек.
– Неге менің шыдай беруім керек, көке? «Бір күні болмаса, бір күні «Кемешім, бауырым, амансың ба?» деп, үйге кіріп келетін шығар деген үмітпен сені күтіп жүргеніме қаншама жылдар болды? Мынау шырмауықтай ширатылған шырғалаңға толы дүниеден жалықтым әбден. Оның үстіне, соғыста жарақат алған тізем де сыздап, сырқырап, сыр бере бастады. Оны баяғыда-ақ кесіп тастайтын ба еді, «көкем он екі мүшемді сау қалпында көрсінші» деп кестірмедім. Әйтпесе, менің бір аяғым да сен сияқты елге оралмайтын еді…
– Білем, бәрін білем. Әкең де, анаң да, қарындасың да бәрін біледі. Бірақ сен дәл қазір бұл жаққа емес, сол жаққа керексің, алтыным. Әкең мен анаңның аманаты бұл.
– Аманаты?
– Иә.
– …

***
Қанша жерден ашулансаң да, достың аты – дос. «Ырылдайсың, қаппайсың, менен жақсы таппайсың» дегендей, қанша жерден ренжіссең де, бір-біріңнен кетісе алмайсың. Өйткені ол сенің, сен оның білім-білігіне, қабілет-қарымына тәнтісің. Мойындап қойғансың. Мойындамасаң, сөз басқа, жол басқа. Сондықтан Орталық Комитеттің алдын тағы да торуылдауға тура келді. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз аты-жөнін сұрап, ішке хабар берді.
Көзі, миы, санасы – бәрі қат-қабат жұмыс істеп, бәрін байқап, бәрін сезіп отыр. Бұрынғыдай емес, қабылдау бөлмесінен де, хатшы досы отырған анау емен есіктің ар жағындағы ат шаптырым кабинеттен де тоңазытқыштың ашық қалған есігінен ескен салқын лептей бір ызғырық ұрып тұр. «Кірсін» деген жауап та бұрынғыдай едел-жедел естілмеді.
Мұның бұл келісін хатшы досының жақтыр- мағанын да жүрегі құрымағыр сезіп қойды. Кабинетіне кірген кезде де ол әлдебіреумен, иә, айтпақшы, Роза Шамжановамен телефон арқылы сөйлесіп отыр екен, бұған әдейі қыр көрсетіп, әңгімесін қасақана созып отырып алғандай көрінді. Бұған «отыр» деп те иек қақпады. Бұл да оны өзімсініп хатшының алдындағы орындыққа барып отыра кетпеді. Кірген беттегі тұрған орнынан қозғалмады.
Саттардың телефонмен қайта-қайта «Роза Шамжанова» деп бәйек болып отырған Розасы Кемелмен құрдас, екеуі бір жылдың төлі. Он екіде бір гүлі ашылмай жатып, ауылдағы ауыр еңбекке араласқан қазақтың қайсар қызы. Қаршадайынан бұзау баққан сол қаршадай қыздың бағы жанып, 1936 жылы, тіпті бір мүшелге толар-толмас жасында Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық мал шаруашылығының озат жұмысшылары жиынына қатысқан.
Еңбекқорлығына өжеттігі лайық бойжеткен он тоғыз жасында Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүрген жерінен майданға өзі сұранып аттанған. Ол жақта да қатардағы қарапайым жауынгер боп қалмай, нөмірі 33-байланыс бөлімшесіне командир болыпты. Соғыстан соң Алматыға оралмай, Мәскеу халықаралық қатынастар институтын бітірген. Одан кейін ҚазКСР ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері, Бүкілодақтық шет елдермен мәдени байланыс қоғамының Қазақ бөлімшесі өкілінің орынбасары болды. Қазір Қазақ достастық және шет елдермен байланыс қоғамын басқарып отыр.
Саттар «мен, міне, осындай адаммен сөйлесіп отырмын» деп Кемелге қыр көрсеткендей іш пыстырар уақыттан кейін барып әңгімесін әрең дегенде доғарып, трубканы орнына қойды да:
– Жұмабаевқа айт дедім ғой, – деді салқын үнмен.
Кемел бұл жолы үндемеді. Досының мына қабылдауынан көңілі қалғаны соншалық, сөйлеуге құлқы да жоқ еді. Бірақ кабинеттің ортасында солдат құсап қалшиып тұрған күйі Саттардың көзіне көзін қадап, нысанасын дәлдеген сұрмергендей тесіле ұзақ қарап-қарап тұрып, кері бұрылды да, ләм-мим деп бір ауыз тіл қатпастан хатшы досының кабинетінен шықты да кетті. Санасы мен жүрегі, сезімі мен түйсігі бар адам болса, мынандай тесіле қарастан кейін мұның жазушы үшін жаралған жүрегіндегі қасіретті айтқызбай-ақ ұғар еді.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.