Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жақсылық жасау үшін жаралғандай

(Қоғам белсендісі Асан Үсенбайұлы туралы бір үзік сыр)

0 903

Аңқылдаған ашық мінезді Асан құрдастың өзі тұратын аумақта араласпайтын ісі жоқ. Көшенің бар жауапкершілігі, яғни тазалығы, аттарын өзгерту, жөндеу, тұрғындар бірігіп өткізетін әртүрлі іс-шаралар – бәрі-бәрінің бел ортасында жүргені. Оған көршілері де үйреніп алған. Енді көшеде электр жарығы жанбай қалса да, арыққа су келмей қалса да, автобус жүрмей қалса да тұрғындар Асанға жүгінеді. Асанда бас тарту деген жоқ. Туындаған мәселе бойынша тиісті орындарға хабарласып жатқаны. Өзі бір шаршау дегенді білмейтін адам.

Осы бір елгезек мінезіне қарай тұрғындар оны көше комитетінің төрағалығына сайлап алған. Оған округ бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағалығы қосылғалы бесінші жыл. Қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі. Таңданатындай түгі жоқ, Үсенбаев осының бәріне үлгеріп жүр.
Асан нағыз «аты арып, тоны тозбас» ақкөңілдің өзі. Біреу өтініш айта келсе, қол ұшын беруге құлшына кірісіп кетеді. Бұл – оған бала кезден дарыған қасиет. Әкесі Үсенбай қария да көптің ісі дегенде ішкен асын жерге қоятын кісі еді. Бұл қасиетінен зиян шеккен жері жоқ. Үсекең үнемі елдің ризашылығына бөленіп, алғысына кенеліп жүретін. Асан да аумаған әкесі, алғыс арқалаған азамат.
…Сегізіншіге дейін туған ауылы Талдыөзекте оқып, оныншыны Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте бітірген. Сол 1969 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға түсіп кетті.
1974 жылы гидромелиоративтік жұмыстарды механикаландыру факультетін ойдағыдай тәмамдап, «инженер-механик» мамандығын алып шыққан жас маман жолдамамен Шығыс Қазақстан облысы, Большенарм ауданына жіберілген. Аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне қарасты мехотрядта бастық болып жұмыс істеп жүргеніне 5-6 айдай болғанда Жамбылға қайтты. Сірә, ауа райының күрт ауысуы денсаулығына жақпаса керек.
Мұнда облыстық ауыл шаруашылығы техникалары базасына инженер болып орналасты. Міндетті жұмысы – шаруашылықтардан «ЗИЛ-130» жүк көлігінің қосалқы бөлшектеріне тапсырыс қабылдау. Ол кезде «көкқасқа» атанған бұл машиналардың аздау кезі. Сондықтан қосалқы бөлшектер табыла қоюы қиындау, оларды тікелей зауыттың өзінен іздеу керек. Сұранысты дер кезінде қамтамасыз етпесең, науқандық жұмыстарға кедергі келтіресің. Машина деген – жүріп-тұрса көлік, жүрмей тұрса өлік қой.
Асан жұмысты барын сала істеді. Зауытпен тікелей байланыс орнатқан. Онымен ғана шектелмей, басқа облыстардан іздейді. Әйтеуір, керек бөлшекті қалайда табу керек. Адамдармен тіл табыса білуінің арқасында міндетті жұмысын мінсіз атқарып жүрді.
Көпшіл, іскер жігіт жақсы жағынан көзге түсіп, Асан жастар жетекшілігіне сайланған. Базадағы бастауыш комсомол комитетінің хатшысы. Белсенді жігіт жастармен жұмысты жандандырып жіберді. Қоғамдық жұмыстағы жетістіктері үшін Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің жолдамасымен белсенді жастар тобының құрамында 1975 жылдың күзінде ГДР-ға туристік сапармен барып қайтқаны бар.
– Бұл сапарды, бір жағынан, тәжірибе алмасу десе де болғандай. Германияда кәсіпорын, мекемелерді де аралап, қызықты кездесулер өткіздік. Қызықты болған соң ғой, 15 күн зу етіп өте шыққаны. Сол сапардан әкеме базарлыққа бәкі үлгісіндегі жиналмалы пышақ, анам мен келіншегіме көйлек ала келдім. Әкем өмір бақи орманшы болған кісі, сондықтан базарлығым ол кісіге қатты ұнады, – дейді Асекең шетелге алғаш шыққан сапары туралы.
Асан Үсенбайұлының білімі, біліктілігі мен іскерлігі ескеріліп, қызмет баспалдақтарымен де тез көтерілді: инженер – аға инженер – сауда бөлімінің меңгерушісі – база бастығының орынбасары. Ол осы лауазымдардың бәрінде де «Ұлық болсаң, кішік бол» ұстанымымен көпшіліктің көңілінен шыға білді. «Істің көзін тапқанды табыстың өзі табады» дегендей, еңбегі жемісті болып, кеңестік кезеңдегі тәртіппен коммунист Асан Үсенбаев үнемі социалистік жарыстың көш басынан көрінген. Еңбегі ескерусіз қалмай, талай марапаттарға да ие болды.
Облыстық «Казсельхозтехника» бірлестігіне Сейфолла Қожаханов басқарма бастығы болып келгеннен кейін жұмыс бұрынғыдан да жандана түскен.
– Оған дейін болған басшылар да жаман жұмыс істеген жоқ қой, бірақ Сейфолла Сәкенұлы жұмыс ырғағын жылдамдатып жіберді. Өте алғыр азамат еді ғой, ол кісі сол кездің өзінде-ақ шетелдермен іскерлік байланыс орнатуға қол жеткізген. Әттең, өмірден ерте кетті. Қазақстан егемендігін алардан екі-ақ ай бұрын… Алланың ісі ғой. Егер Қожаханов тәуелсіздік тұсында қызмет атқарғанда, талай тірлік тындыратын еді. Соның өзінде жүзеге асырған істері аз емес. Ол кісінің кезінде облыс ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектерден тапшылық көрген емес. Оған қоса бірлестікте қосалқы шаруашылық ашқанын қайтерсің. Онда өндірілген өнімдер өзіміздің қызметкерлерді қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуге көп мүмкіндік туғызды, – деп еске алады сол кездерді Асан.
Әрине, ол жұмыстарды Қожаханов жалғыз өзі атқармағаны айтпаса да түсінікті. Бірақ бәріне іскер басшылық, ұтқыр ұйымдастырушылықтың арқасында қол жеткізілгені де шындық. «Басшы – біреу, қалғаны – тіреу» ұстанымында ұтымды жұмыс істегендердің қатарында ісіне тиянақты Асан Үсенбаев та болды.
Ол осы кәсіпорында табаны күректей 25 жыл, яғни ширек ғасыр қызмет атқарып, 2000 жылы заман талабына қарай кәсіпкерлікке ойысқан. «Әке көріп оқ жонған» Асанның кәсіпкерлікте де асығы алшысынан түскен кездері бар. Жасыратыны жоқ, басында қиындықтар, кедергілер кездескен. Нарықтық экономикаға бейімделе білген білікті азамат олардан өтудің жолдарын тапты. Бәрі де ізденіс пен іскерліктің арқасы. «Әке көріп, оқ жонған» деп отырғанымыз, әкесі Үсенбай кеңестік кезеңнің кезінде-ақ үй іргесіндегі шаруашылығында түйетауық өсіріп, бал арасын да ұстаған. Асан кәсіпкерлікке бет түзеген тұста «Үсенбай» шаруа қожалығын ашуға мұрындық болған да сол кісі.
Белсенділігінде шек жоқ екенін жоғарыда айттық. Бұрын Асан тұратын көшенің аты Воровская болатын. «Ұрылар көшесінде тұрасың» деп қатарлары қалжыңдағанда намысы келетін. Дегенмен кеңестік кезеңде «іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» күйде жүрген Асан еліміз егемендігін алысымен осы көшенің атын өзгертуге білек сыбана кіріскен. Таныс журналист Мұқан Әбілқайыровтың айтуымен облыстық «Ақ жол» газетінің редакциясына арыздана барған. Мұнда бас редактордың орынбасары Бақытяр Әбілдаев пен бөлім меңгерушісі Рахметбек Өзбеков тез арада өтінішін қабылдап, мақаласын газетке жариялап та жіберді. Сонда өзі де облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі Бақытяр Әбілдаев: «Қандай ұсынысың бар?» – деп сұраған. Асан еш ойланбастан: «Тектұрмас көшесі болса», – деп айтып салды. Шарбағының аяқ жағында арқырай ағып жатқан Талас өзеніне төніп тұрған жарғабақта Тектұрмастың бейіті жатқанын естігені бар. Әулие бабаның зираты ескерусіз жатқаны жанына батқан Асан осы мәселені көтеруді көптен ойланып та жүрген. Соның сәті түсіп тұр. Кейіндеу қоғам қайраткері Амангелді Момышев бабаның басына кесене орнатып, бұл жер адамдар зиярат ететін орынға айналды.
Осы екі оқиға кездейсоқтық па, әлде сәйкестік пе? Оны анықтап айту қиын. Қаланың теміржол желісінің арғы бетіндегі Дөңгелексаз аталатын аумағында Жамбыл көшесі және осы көшенің толып жатқан бұрылыстары бар. Асан алтыншы бұрылысқа Абылай ханның аты берілуіне де белсене атсалысты. Бұл жөнінде өңірге танымал тұлға, қадірлі қария, Тараз қаласының Құрметті азаматы Әкім Садықбеков ақсақалдан ақыл-кеңес алғанын айтып отырады. Әкім қария бүгінде бақилық.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесі №10 округтік бастауыш ұйымының төрағасы Асан Үсенбайұлы аймақтағы ақсақалдармен бірлесе жұмыс істейді. Жетпіс мыңдай тұрғыны бар аймақта 4700-дей ардагер тұрады екен. Міне, солардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары, әртүрлі әлеуметтік көмекпен қамтылуы басты назарда. Әсіресе, ерлі-зайыпты ҰОС ардагерлері Колесниченколар отбасы ерекше қамқорлық аясында. Асан белсенді ардагерлер Қалтай Кикибаев пен Бауыржан Найманбаевтарды қоғамдық жұмыстарға көп тартып жүр. Олардың округ аумағындағы мекеме, кәсіпорындармен, мектептер және емханамен байланыстары жақсы. Асанның өзі №6 қалалық емхана, Мәншүк Мәметова атындағы №27, сондай-ақ №18, 34 орта мектептер басшыларымен жиі араласады. Аумақтағы Әр-Рахман мешітінің намазханы.
– М.Мәметова атындағы мектеп ғимараттары ескі. Жаңа ғимарат салу жайында мәселе көтергенмін. Сең қозғалған сияқты. Батыр апамыздың 100 жылдығы тойланып жатқан тұста балалар жаңа мектепке кірсе, қандай ғанибет! «За линией» аталатын біздің аймақ қаланың өгей баласындай болып келгені жасырын емес. Осы өңірге мәдени-спорттық іс-шаралар өткізуге арналған бір кешен керек-ақ. Болашақ көтермек мәселелерімнің бірі – осы, – дейді қоғам белсендісі.
Айтпаса, сөздің атасы өледі. Асан сияқты азаматтар қозғау салмаса, қажетті тірлік қалтарыста қала беретіні белгілі. Билікті де кінәлай берген орынсыз, басқа да тірліктер шаш етектен. Ендеше, Асанның кез келген іске араласуын еш кінәлауға болмайды.
Түздегі тірліктің нәтижелі болуы үйдегі бірлікке байланысты. Ол дегеніңіз – отбасындағы береке. Үсенбаевтар отбасында ол жағы шүкіршілік жағдайда. Асанның жары, отанасы Ғалия Даниярова Жамбыл пединститутын бітіргеннен кейін Макаренко мектеп-интернатында 25 жыл үздіксіз ұстаздық қызмет атқарған. 47 жыл тату-тәтті жұбайлық ғұмыр кешкен Асан мен Ғалия Құдайдың берген 4 ұл-қызынан 15-16 немере сүйіп отыр. Балалары үйлі-баранды. Бәрі де жоғары оқу орындарында оқып, мамандық алып, уақыт талабына сай қалаған істерімен айналысуда.
Тұңғыштары Салтанат тоғыз айлығынан ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. Сол кісілердің қызы. Мектепті де ауылда бітірді. Қазір Алматыда тұрып жатыр. Өркен Шымкентте, «Альфа-Мед» медициналық орталығының бас директоры. Қарлығаш келін екеуі бірге қызмет атқаруда.
– «Өз балаңды – өскенше, немереңді – өлгенше» деген рас екен. Жуырда Өркен мен Қарлығаштың үйінде Анеля атты немереміз дүниеге келген. Сол сұлу қызымды біраз бағып қайттым. Шаршағам жоқ. Немере тәтті ғой, – дейді Ғалия замандас.
Өскен – Астанада Түркияның жылыту және ау желдету жөніндегі кәсіпорнының атқарушы директоры. Индира келін кәсіпкерлікте. Кенже қыз Ләззат – Алматыдағы бір мекеменің бас есепшісі. Балаларының өмірден өз орындарын тауып, қалаған мамандықтары бойынша қызмет атқарып жатқандарына ата-ана бақытты. Ата-ана үшін одан асқан бақыт болар ма, сірә?!
Жетпіс деген асуға ауыз толтыра айтарлықтай жетістіктерімен келіп отырған азамат, Тараз қаласының Құрметті ардагері, қоғам белсендісі Асан Үсенбайұлы туралы айтпағымыз осы еді.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.