Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жігері жығылмаған Дулати жастары

0 2  403

БҰҰ-ның есебі бойынша әлемде мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы саны 1 миллиардқа жетеді екен. Олардың арасында он екі мүшесі сау адамдардың өзі жете алмайтын биікті бағындыратындары да аз емес. Мысалы, дүниеге танылған мотиватор, оратор аяқ-қолсыз туған Ник Вуйчич, екі қолсыз дүниеге келген әлемдегі ең мықты садақшы америкалық Мэтт Стацман сияқты жігерлі жандарды атауға болады.

Дәл осындай талантымен тас жарып, табысқа жетіп, көк туымызды желбіретіп жүрген өзіміздің жастарымыз да жетерлік. Солардың бір парасы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде білім алуда. Бүгінде оқу ордасында дәл осындай 86 студент бар. Оларға университет тарапынан барлық жағдай жасалған. Жігері жығылмаған жігіттер оқуда озат болумен қатар түрлі бәйгелерде топтың алдын бермеуде. Мәселен, «Білім саласындағы дене мәдениеттік-спорттық қызмет» мамандығының 3-курс студенті Нұржан Асан байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген дарын. Айталық, ол 2019 жылы Қостанайда грек-рим күресінен өткен Қазақстан кубогында 1-орынды иеленсе, былтыр Тараздағы есту қабілеті төмен спортшылар арасында грек-рим күресінен өткізілген Қазақстан чемпионатында тағы да 1-орынды еншілеп, әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды.
Табысқа жеткеніне тасып кетпейтін талантты жас өткен жылы Көкшетау қаласында өткен республикалық додада да қарсыластарынан басым түсіп бас жүлдені еншілесе, Нұр-Сұлтан қаласында кіл мықтылар бас қосқан халықаралық турнирде 2-орынға табан тіреді. Сондай-ақ Түркияда өткен әлем біріншілігінде 4-орынға тұрақтағаны тағы бар. Әрине, кіл мықтылар бас қосқан сайыста мұндай жетістіктің өзі зор олжа. Талай жылғы тәжірибесі мен еңбегінің арқасында Нұржан жуырда ғана Бразилияда өткен 24-ші Жазғы Сурдлимпиадада грек-рим күресінен 77 келіде қола жүлдегер атанып, Жамбылдың ғана емес, күллі Қазақстанның атағын аспандатып қайтты. Оның осынау төккен тері ескерусіз қалмай, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілген.
Дәл осындай жастың бірі – «Білім саласындағы дене мәдениеттік-спорттық қызмет» мамандығының 3-курс студенті, ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі Ғасыр Тұрғанбай. 1999 жылы жұлдызы биік Жуалыда өмірге келген ол 2015 жылдан бері еркін және грек-рим күресімен айналысып келеді. Аз уақыттың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Алғашқы жеңісіне Ақтөбе жеткен ол көп ұзамай Иранда өткен әлем чемпионатында жасөспірімдер арасында 69 келіде күміс медальге ие болады. Әр жылдары Көкшетау, Атырау, Талдықорған қалаларында өткен республикалық чемпионаттарда 74 келі салмақ дәрежесінде 1-орынның биігінен түскен емес. Сондай-ақ Ресейде және Түркияда өткен байрақты бәсекеде 3-орын иегері атанса, күні кеше Сурдлимпиадада 2-орынды олжалады. Талабы таудай жігіттің жетістігін жеке бапкері Ерназар Қонысбаевтың еңбегінен бөле қарауға болмайды. Бапкердің тәлімін алып жүргендердің қатарында Тараз қаласындағы мамандандырылған есту қабілеті төмен оқушыларға арналған «Мейірім» мектебінің түлегі Әділет Жамбыл да бар. Ол қазіргі таңда университеттің 3-курсында білім алуда, ҚР спорт шеберлігіне кандидат. Алғашқы жеңісін Лисаковск қаласында өткен ел чемпионатында еркін күрестен 65 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлде олжалаған Әділет Көкшетау мен Оралда өткен додалар да көзге түсті. Ресейдің Владимир қаласында өткен жастар және ересек спортшылар арасындағы еркін және грек-рим күресінен 70 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанса, Стамбул қаласындағы халықаралық жарыста да қоланы қоржынға салды.
Алаштың туын әлемдік аренада желбіреткен Айбек Исқардың да болашағынан көп үміт күтуге болады. Тараз қаласында туған талапты ұл жүзуден тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қаблеті төмен спортшылар арасындағы Беларусь Республикасының чемпионатында 200 метр арақашықтықта 2-орын иеленсе, 100 метрден 3-орынды жеңіп алған болатын. Сондай ақ осы жылы Германияның Берлин қаласында өткен әлем кубогында қола жүлдегер атанды. Ол сондай-ақ паражүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР құрама командасының мүшесі.
Ерболат Карибайдың жарқын жетістіктері бір басына жетерлік. Ол өткен жылы ҚР Спартакиадасында 1-орын алса, Ұлыбританияның Манчестер қаласында өткен әлем кубогында топ жарды. Сонымен қоса биыл Жетісу төрінде жастар арасында өткен ҚР чемпионатында 1, жалпы ерлер арасындағы бәсекеде 2-орынды еншіледі.
Бұл ретте параармрестлингтен спорт шебері, Азия чемпионатының қола жүдегері Аят Серікұлы мен арбадағы спорттық бидің шебері, осы спорт түрінен алдыңғы қатардан көрініп жүрген Ерғали Төлеубековті де ерекше атап өтуге болады. Адам Хабиев те осы жандардың сапында. Біз онымен әңгімелесіп, ерік-жігеріне таңғалмай тұра алмадық. Дулати университетінің 4-курсында оқып жүрген ол әлдеқашан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 3 дүркін Азия, 1 дүркін Қазақстан чемпионы атанып үлгерген. Жуырда Өзбекстанның Самарқан қаласында өткен халықаралық жарыста та жеңіс тұғырынан көрінген болатын.
Адам өзіне қол ұшын созып, жарамсыз болып қалған арбасын жаңалап берген университет басшылығына зор алғысын жеткізді.
– Арманым – әлем чемпионы болып, Қазақстанның туын биікте желбірету. Алғаш рет Азия Кубогында жүлдегер атанған сәттен бастап менің бойымда сенім пайда болды. Табысқа жету үшін адамда бастысы сабыр, қызығушылық, ынта болуы керек. Сол кезде ғана мұратыңа жетесің. Сол үшін өзіңді ешқашан ешкімнен кем санама. Себебі сенің қолыңнан бәрі келеді. Мен де өзімді мүгедекпін деп санамаймын. Бүгінде отбасым, достарым бар. Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, сондықтан уақытыңды бос өткізбе. Ұлы ойшыл Сократ: «Байлық та, атақ та, даңқ та адамды шын бақытты ете алмайды. Дені сау кедей ауру патшадан бақыттырақ», – деген екен. Мен де осы сөзді ұстанымым ретінде үнемі айтып жүремін, – дейді Адам Нұржанұлы.
Дулати университетінің қыздары да абыройлары асқақтап, мерейлері үстем болуда. Мысалы, 1-курс студенті Әсел Мұсаева арбадағы спорттық бимен, тоғызқұмалақпен айналысады. Еселі еңбегінің нәтижесінде Санкт-Петербург қаласында өткен жарыста қола медальді еншілесе, Нұр-Сұлтан қаласында өткен тоғызқұмалақ турнирінде қарсылас шақ келтірмей, топ жарды.
Бабы мен бағы қатар шапқан бұрымдылардың бірі – Салтанат Әбілхасымқызы. Ол ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына оңайлықпен жеткен жоқ. Осы жолда қатарынан 2 жыл ҚР Паралимпиада ойындарында СПОДА спорт түрінен 100 және 200 метр қашықтықта 1-орыннан көрінсе, Прага қаласындағы IWAS жарысында айы оңынан туып, тұғыр биігіне көтерілді. Салтанат бұдан бөлек, Дубай қаласында өткен Asian Youth Para Games 200 метр қашықтықта 2-орын иеленіп, елге абыроймен оралды. Германияның Берлин қаласында өткен әлемдік додада күміспен күптеліп қайтты.
Аруларымыздың арасында ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анастасия Яковлеваның есімі мен еңбегі көпке үлгі. Тірек-қимыл аппараты зақымдалған және көру қабілеті төмен спортшылар арасындағы жеңіл атлетикада ел чемпионатында 200 және 100 метр қашықтықта талай мәрте 1-орыннан көрінген Анастасия Asian Youth Para Games бәсекесінде дәл сол қашықтықта жоғарыдағы жетістігін қайталады.
Талабы таудай жастардың бүгінгі толағайдай табыстарына М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімделу орталығының да қосып отырған үлесі орасан. Сапалы білім берумен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың жігерін жанып, рухани әлемдерін кеңейтуді басты мақсат еткен орталықтың бұл ісі қандай құрметке болса да лайық.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.