Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жақсы келін қызыңдай

0 420

Қай заманда да қазақ топырағында салиқалы ене мен ибалы келін сыйластығының керуені үзілген емес. Мәселен, ұлы Абайдың қос анасы Зере мен Ұлжан ене мен келін қарым-қатынасындағы зиялы өнегені көрсетті емес пе?!

Толғанай АТАБАй

Бүгінгі санымызда қазақтың кешегі ибалы келіні мен сыйлы ененің сара жолын жалғаған «Мейірім» медициналық орталығының директоры, Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова мен енесі Рәзия апай арасындағы сыйластық жайын жобамызға арқау етіп отырмыз.

Қызметпен қатар тұрмыс түтінін түзу түтетіп, Сыр өңірінде дүние есігін ашқан Гүлдара Алданышқызы әкесінің қызмет бабына байланысты киелі Әулиеата жеріне қоныс аударып, Тараз топырағында өсті. Ата-әже ақылын бойға сіңіріп, мектепті үздікке аяқтап, содан кейін Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын дәрігер-терапевт мамандығы бойынша бітіріп, Тараз қалалық жедел жәрдем ауруханасының инфаркт бөлімінде еңбек жолын бастады.

Бір жылдан соң тағдыр жазуымен өмірлік жолдасы Қайратпен бас қосып, шаңырақ көтереді. Жамбыл ауданына қарасты Қараой ауылына келін болып түсіп, 3 жылдан аса ата-ене тәрбиесінде болды.

– Жолдасым отбасында 3 ұлдың ортаншысы. Үйдің үлкені отау құрып бөлек кеткен соң, шаңырақтың кенжесі үйленгенше біз 3 жыл ата-енеміздің қолында болдық. Таразға көшіп келгелі ата-анаммен көп қабатты үйде тұрдық.

Ал ауылға келін болған соң, таңалакеуімнен атқаратын жұмыстар да жоқ еместігін білемін. Бірақ енем сол сәттен мені дала тірлігіне араластырмай, үй мен бала жайын жүктеді. Өзге ортаға, өзге отбасына бірден сіңіп кете қою кімге оңай болсын?! Алайда енемнің мені әрдайым қолдап, өзінің туған қызындай көруінің арқасында мен бұл кезеңнен қиналмай өттім.

Араға жыл салып үлкен ұлымыз Олжас өмірге келді. Алғашқы немересіне бар мейірімін аямаған енем нағыз бала бағбаны бола білді. Маған да үнемі ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдарымды нұсқап отырды. Дана халқымыз «Келін ененің топырағынан» деп бекер айтпаса керек. Біздің өзара ұқсас қасиеттеріміз жиі ұшырасып жататын. Келінге жүктелген міндеттерді кезең-кезеңімен өткердім. Еркеліктен де кенде қылған емес, – дейді Гүлдара Алданышқызы.

«Келінім қызымдай» дейтін Рәзия ананың жасы бүгінде сексенге таяды. Жолдасы Майдан атай екеуі 40 жылдан астам ұстаздық жолда аянбай еңбек етті. Ұлағатты ұл тәрбиелеген ана бақытын ұрпағынан тауып отыр.

– Үлкен ұлым мен ортаншы ұлым бір күнде үйленді. Тойларын өткізген күннің ертесі екі келін өздерінің қызметіне таңғы алтыдан кірісіп кетіпті. Мұнысын көрген жолдасым Майдан қос келінін қыздарындай көретінін айтып, ризашылығын білдірді. Екеуі де бас-тарынан орамалын түсірмейтін. Қайын атам келін болып түскенде маған орамалды тиісті кезде тағуыма рұқсат берді. Келіндерім келген кезде мен де осы қағиданы ұстандым. Жұмыс бабымен жүріп, тұрмыс-тіршілігін бір уақыт ұмыт қалдырған емес.

Үлкенге құрметін, кішіге ізетін көрсете білетін Гүлдара келінімнің кей істеріне қарап өзім таң қаламын. Ерге тән істі атқара алатын қабілетіне мен әр кез жоғары баға беремін. Отыз жылдан бері бет алысып, келін мен ене арасындағы кикілжіңге жол берген емес. Қандай іс бастаса да, менімен ақылдасып отырады. 1999 жылы «Мейірім» медициналық орталығын ашатын кезде атын бізбен кеңесе келе қойды.

Немерелеріміздің оқуда озат болып, кәсіби маман атануы үшін аянбай тер төкті. Ол – үлгілі ана, аяулы жар, білікті басшы, ибалы келін. Міне, осындай қасиетінің арқасында әулеттің абыройлы келіні атанды. Әр кез отбасы мүшелерінің бабын таба білді. Тіпті менің үш келінімді көргендер апалы-сіңлілі деп ойлап, қызығып қарайтын, – деген Рәзия ана Майдан атай екеуі бүгінде алты немере, екі шөберенің қызығын көруде.

Отыз жылдан астам медицина саласында еңбек етіп келе жатқан Гүлдара Алданышқызы қазіргі таңда кәсіпкерлікпен қатар облыстық мәслихаттың депутаты. Қоғам әлеуеті үшін талай игілікті іске мұрындық болған халық қалаулысының оңды тірлігіне жамбылдықтар куә. Үш жыл бұрын өзі келін болып түскен ауылдың бүлдіршіндеріне арнап 280 орындық «Нұр-Әлім» сауықтыру балабақшасын ашты.

Мұнысы ауылдағы жұмыссыздықтың алдын алуға аз да болса ықпал етсе, бірі баламен қала балабақшаларына қатынайтын ата-аналарға едәуір көмек болды. Татулықтың туын биік ұстайтын жеке кәсіпкердің жолы расында жас келіндерге үлгі.

– Келіннің енеге жасаған әр әрекеті – өзінің енелік өмірінің кірпіші. Көркем келінге қол жеткізгісі келетін әйел өз енесіне қолынан келген құрметті аямауы керек, – дейді кәсіпкер. Екі ұл өсірген ана болашақ келіндерін де қызындай етіп тәрбиелеп, үлгілі отбасының ұйытқысы болуларын қалайды.

Иә, келіннің жақсы қасиеттерін көріп, өз дәрежесінде баға беріп, елеп-ескеріп, өзгенің көзінше мақтай білу қандай жақсы. Ардагер ұстаз, үлгілі ене Рәзия ана да келіндерінің жақсы қасиетін айтудан жалыққан емес.

Қасиетті Құранымызда: «Береке үлкендермен болады» – делінген. Ал келін үшін тәрбие институты болған осындай енелер барда жанұя шамы әрқашан жарқырай бермек!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.