Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа жобалар жүзеге асырылады

0 360

Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс ХХV конференциясы өтті. Жиынға партия Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, партияның қалалық және аудандық филиалдарынан сайланған делегаттар, партия жанындағы комиссияларының мүшелері қатысты.

Арайлым Шабденова

Конференцияның күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның кезекті XVIIІ съезінде берген тапсырмаларының орындалу барысы мәселелері қаралып, партияның кезектен тыс XIX съезіне делегаттар сайланды.

«Nur Otan» партиясының XVIIІ съезінде елдің әл-ауқатын арттыру, өңірлерді дамытуға бағытталған нақты жұмыстар мен жоспарлар айқындалып, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев барша қоғам алдына ауқымды міндеттер қойып, партияның «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» және «Халыққа көмек» жобаларын ұсынған болатын. Бұл – «Nur Otan» партиясына, атқарушы билікке берілген тапсырма. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған партия Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов аталған жобалар бойынша облыста атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

– «Бақытты отбасы» партиялық жобасы бойынша еліміздегі тұрмысы төмен отбасылар мен тұрғын үйге аса мұқтаж жандардың қатарын азайту көзделуде. Көпбалалы отбасыларға берілетін түрлі әлеуметтік жеңілдіктер жасау жолдары қарастырылады. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасының басты мақсаты ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға арналған. Ауылдардағы кәсіпкерлікті дамыту мен бұл жұмыстарға ауыл жастарын белсенді түрде тарту көзделген. Осы жоба бойынша еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, алдағы үш жылда 18-ден 35 жас аралығындағы 2 мың жас өндірістік сынақтан өтеді. Жобада өз ісін ашамын деген жастар арасында бизнес-ортаны қалыптастыру үшін кәсіпкерлікке оқыту мен бизнес жобаларын қорғау жолдары қарастырылып отыр. Жалпы бұл жобаға облыс бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін 2 769 311,0 мың теңгеге барлығы 104 жоба жүзеге асырылатын болады, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы.

Ал «Халыққа көмек» жобасы бойынша облыста жұмыстар басталып кетіпті. Бүгінгі күнге жоба аясында 550 өтініш түсіп, олардың 183-і оң шешімін тапқан. Қалған өтініш иелеріне ҚР заңнамаларының талаптары бойынша түсініктеме берілген. «Құтты мекен» жобасы шеңберінде азаматтардың өмір сүру сапасын жан-жақты арттыру мен халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі көтерілген. Сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының қолжетімділігі, инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық саласын жетілдіруге басымдықтар берілген. Таза экологиялық ахуалды сақтау мәселелері де басты назарға алынып отыр. Мысалы, «Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары «Құтты мекен» жобасы бойынша 2019 жылға республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге қаралып отыр екен. Бұл жобаның түпкі нәтижесінде сапалы нысандар мен инфрақұрылым жүйелерінің халық игілігіне сапалы беру көзделген.

Қорыта келе, Ерқанат Манжуов «Nur Otan» партиясы ұсынып отырған ауқымды жобаларды іске асыру бір адамның, болмаса бір ұйымның мәселесі емес, барша қоғам болып атқаратын аса жауапты іс екенін жеткізді.
Конференцияда партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов бүгінде өңірде 30 мыңға жуық отбасы әлеуметтік көмек алатынын айтты.

– Түрлі себептерге байланысты әлеуметтік көмек алатын отбасылардың тұрмыс деңгейіндегі әлеуметтік көмек ала алмай отырған 3 мың жанұяның тізімі анықталды. Сол отбасыларға облыстық бюджет есебінен көмек көрсетілетін болады. Қазіргі кезде осы бағыттағы жұмыстардың үш жылдық жоспары жасалынып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың «Nur Otan» партиясы мен әкімдік бірлесе толық атқарсақ, Елбасының партияның кезекті XIX съезінде айтылған тапсырмаларын орындайтын боламыз, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да облыста ауқымды жұмыстар атқарылады. Республикалық қазынадан бөлек, облыстық бюджеттен де 6 млрд теңгеден аса қаражат қарастырылған. Ол ауылдағы тұрғындардың жағдайын жақсартуға, елді мекендердегі тауар өндірушілерге көмек көрсетуге, жалпы ауылды дамытуға бағытталады. Қажет болатын болса, оған тағы да қосымша қаражат бөлінбек. Яғни нақты жоспар бар.

Енді барлығымыз жұмыла кірісуіміз керек. Қаражаттың мақсатты жұмсалып, тапсырманың орындалуын партия қатаң бақылауға алатын болады. Елбасының партия съезінде берген тапсырмаларының, партиялық жобалардың жүзеге асырылуы бойынша Жамбыл облысы өзге аймақтарға үлгі болатындай жұмыс атқару қажет. «Халыққа көмек» жобасы бойынша да өңірде жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізген Асқар Исабекұлы: «153 елді мекен болса, былтырдан бері 70 ауылдық округте ақпараттық орталықтар халыққа қызмет ете бастады. Алдағы уақытта тағы 71 ауылдағы мәдениет үйлерінен ашылатын болады. Өзге мекендерде де кеңжолақты интернет қолжетімді болғанда, Жамбыл облысындағы елді мекендер де 100 пайыз ақпараттық орталықтармен қамтылатын болады. Ал мұндай орталықтар – халыққа қызмет көрсетудің бірден-бір тетігі» – деді.

Сонымен қатар жиын соңында ағымдағы жылдың 23 сәуір күні өтетін партияның кезектен тыс ХІХ съезіне делегаттар ұсынылып, сайланды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.