Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа форматқа қадам бастық

0 206

Ел дамуы жолындағы жарқын жобалар мен баянды бағдарламаларды жүзеге асырудың алғы шебінде әрдайым мемлекеттік қызметшілер жүреді. Бүгінде Қазақстан қандай жетістікке жетсе де, оған мемлекеттік қызметкерлер қосқан үлес орасан. Соңғы жылдары бұл сала да түбегейлі өзгерістерді бастан өткеруде. Ашықтық, жариялық принциптері кең көлемде қолданысқа енуде. Мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында біз Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаевпен сұқбаттасқан болатынбыз.

– Равиль Қуанышбекұлы, жаһандану жайбасарлықты кешірмейтіні анық. Өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жетілдіру қай мамандық иесі үшін де өзекті болуы тиіс қой. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруда, заман талабына сай бәсекеге қабілетті маман қалыптастыруда қандай шаралар қолға алынуда?
– Әрине, бұл мәселе біздің назарымыздан еш уақытта тыс қалған емес. Мемқызметкерлердің өзін-өзі жетілдіру, түрлі жақсы дағдыларды қалыптастыру мақсатында мекемеміздің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы табысты жұмыс істеуде.

Онда білікті бизнес тренерлер мен психологтар қазіргі заманғы дағдыларды үйрету мақсатында білім беруде. Нақтылы кезеңде мемлекеттік басқару академиясының магистратурасы мен докторантурасына іріктеу емтихандары жүруде. Бұл оқытулар тегін. Оған кез келген мемқызметкер қатыса алады. Тиісті шәкіртақы да төленеді. Тіпті ағылшын тілін оқытудың тегін курстары да жұмыс істейді. Біліктілік көтеру курстарында жылына 1000-1500 адам білім алады. Бұл облысымызда 4000 мемқызметкер бар десек, соның жылына 30 пайызға жуығын қамтып отырмыз деген сөз. Сонымен қатар қызметкерлерді меритократия принциптері негізінде алға қарай жылжыту жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Мен өзім облыс аудандарын аралағанда мұның бәрін айтып жүрмін. Сонымен қатар кез келген мемқызметкер жұмысында қандай да әділетсіздікке тап болса, менің жеке ұялы телефоныма хабарласып өз шаруаларын айтуына, ақыл-кеңес алуына болады. Жұмысында келіспеушіліктер, басшысымен екеуара түсініспеушіліктер орын алған жағдайда маған тікелей хабарласса, тиісті бағыт-бағдарын беруге әзірмін. Менің ұялы байланыс нөмірім – 8 775 332 64 82. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жеке аккаунтыма хабарласып, кеңес алуларына болады.
– Дәл осылай жеке сұрақпен хабарласқан қарапайым азамат немесе мемлекеттік қызметкердің мәселесін шешкен жағдайдан бір мысал келтіріп айтып бере аласыз ба?
– Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп «Болашаққа бағдар» жобасын қолға алдық. Жоба аясында біз аудандарда көшпелі жиындар өткізіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырудамыз. Осы жоба аясында бес адамды тұрақты жұмыспен қамтыдық. Бұл азаматтардың барлығы да өздерінің жергілікті жердегі Жұмыспен қамту орталықтарына бірнеше рет барып, тиісті нәтижеге қол жеткізе алмаған. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданында бір әйел ұзақ уақыт бойы әлеуметтік көмек ала алмай, бірқатар басшылардың есігін қаққан. Ауыл әкіміне де, Жұмыспен қамту орталығының директорына да барған. Бірақ мәселе біздің араласуымызбен ғана шешілді, өкінішке орай.
– Әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмау оқиғасында кемшілік әлгі әйелдің өзінен бе, әлде шенеуніктер тарапынан орын алған ба?
– Әйел азаматша тарапынан да құжаттарды жинақтауда кемшіліктер болған, сондай-ақ шенеуніктердің ойынша, оның әлеуметтік жәрдемақы алуы заңға қайшы келген. Мәселенің мәнісін талдай келе ешқандай да заңға қатысты қайшылықтың жоқ екендігін анықтап, әлеуметтік төлемді тағайындауға қол жеткіздік.
– Сіздерге келіп түсіп жатқан арыз-шағымдар негізінен қай салаға байланысты болуда?
– Меніңше, мына салада шағым көп немесе мына салада аз деп айтуға болмайтын шығар. Себебі мұның барлығы өзінің науқанына байланысты болатын секілді. Мысалы, осы сәуір айында негізінен әлеуметтік төлемдерге қатысты болды. Содан кейін мемқызметкерлердің Әдеп кодексіне байланысты көп шағым келеді. Сонымен қатар кей жағдайда мемлекеттік қызметтердің өз деңгейінде көрсетілмегендігі туралы болады. Ал егер салаларға бөліп қарасақ, жер қатынастары мен тұрғын үйге қатысты шағымдардың қатары көп. Бірақ бұл да сол өз науқанына байланысты орын алып отырады. Бұлар негізінен мемлекеттік қызметке қанағаттанбаған қарапайым тұрғындар тарапынан келіп жатқан арыздар.
– Жақсы, ал енді мемлекеттік қызметкерлер тарапынан арыз-шағым қаншалықты түседі? Ондай жағдайлар болып тұра ма?
– Иә, болып тұрады. Бірақ статистикаға зер салатын болсақ, соңғы жылдары бұл көрсеткіш едәуір төмендеді. Мәселен, 2015-2018 жылдардың аралығын алып қарасақ, мемқызметкерлер тарапынан түсетін шағымдар тек облысымыз ғана емес, жалпы республика көлемінде екі есеге азайған. Ал Жамбыл облысында былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есеге азайған. Бұл өз кезегінде біздің тарапымыздан жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесі деп білемін.
– Мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытының негізгі бөлігі түрлі жиналыстарға кететіндігі белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жиналыстар қатарын азайту мәселесі көтерілген еді. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай болып жатыр?
– Бұл туралы ұдайы айтылып келеді. Тиісті ұсыныстар да берілуде біздің тарапымыздан. Енді басқа мекемелерде азаннан кешке дейін отырып, қанша уақыт жиналыс өткізіп отырғанын және оның өздерінің қызметтік міндеттеріне тікелей қалай әсер етіп жатқанын бақылай алмаймыз. Бірақ назардан тыс қалдырған емеспіз.
– Ал өзіңіз жиналысты қаншалықты көп өткізесіз?
– Мен жалпы ұжыммен жиналысты аптасына екі мәрте ғана өткіземін. Жұрттың бәрін жинап алып жиналыс өткізіп отырудан аулақпын. Тіпті көбіне тапсырманы орынбасарыма, бөлім басшысына немесе тікелей орындаушы маманның өзіне бере беремін. Сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы да қызметкерлеріммен байланысып, тапсырма беріп, жұмысын қадағалаймын. Бұл өте тиімді әрі уақытқа үлкен үнем.
– Мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек?
– Мемлекеттік қызметкер қоғамға үлгі болуы тиіс. Ол дегеніміз – оның сауаттылық деңгейі жоғары, цифрлық технологияларды ең алдымен өзі меңгеруі, жаңашыл болғаны.
– Ал біздің мемқызметкерлер осы талапқа қаншалықты сай келеді?
– Бүгінгі күнге оң үрдіс байқалып отыр. Қазір бұрынғыдай Әдеп кодексін бұзып жүрген қызметкерлер қатары жоғарыда айтқандай едәуір азайды. Саналық тұрғыда да үлкен өсу бар. Ашықтық, жариялық принциптерін ұстануда. Әлеуметтік желі игіліктерін де кең көлемді пайдаланып, халыққа жақындай түсуде.
– Әлеуметтік желі демекші, осы тұста тоқтала кететін тағы бір жайт бар. Қазір барлық аудан әкімдері мен басқарма басшылары әлеуметтік желіге тіркелді. Осылайша, ашық қоғам қалыптастыруға атсалысуда. Алайда мемқызметкерлерге әлеуметтік желіде негізді-негізсіз айтылып жатқан сын-ескертпелер мен даттауларға қалай жауап беруі тиіс? Себепсіз айтылып жатқан сын-ескертпелерден мемқызметкер қалай қорғанады немесе қалай қорғау керекпіз?
– Меніңше, егер мемқызметкерге әлеуметтік желіде қасақана жала жабылып, ар-намысына тиетін сөздер жазылып қаралап жатса, ол тек сот тәртібімен ғана шешілуі тиіс деп ойлаймын. Біздің оған араласуға құзыретіміз жоқ. Оның үстіне әлеуметтік желідегі дау-дамайға обьективті баға беру де қиын. Егер біз мемқызметкердің сөзін сөйлеп, оны жақтайтын болсақ, ал ол сотқа барғанда кінәсі дәлелденіп жатуы да мүмкін. Сондықтан бұл тұрғыда сот төрелігіне жүгінген дұрыс деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.