Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаттықтырушы жүлдесіне арналды

0 193

Елдің рухын асқақтатар үлкен оқиғалардың бірі һәм бірегейі – спорттық додалар екені даусыз.

Ал осындай бәсі жоғары байрақты бәсекелерде алаш атын аспандатар спортшыларды тәрбиелеу – жаттықтырушыларға артылған жүк. Тап осындай сенім үдесінен шыға білген тәжірибелі мамандардың бірі – еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұл. Алты жасар Елдос Сметовтей жеткіншекті татами төріне оздырып, Олимпиада жүлдегері атандырған да – Ахмет ағай. Расында, киелі Тараз топырағы – спорттың сан түрінен кіл мықтыларды даярлаған өлке. Міне, осындай алыптар өмірге келген өлкеден жас чемпиондарды даярлау мақсатында 2002-2003 туған жасөспірімдер дзюдо шеберін анықтады. «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен облыстық аламанда Ақтөбе, Ақмола, Түркістан, Жамбыл облысы мен Шымкент, Тараз қалаларынан, сондай-ақ Қырғызстан Республикасынан 150-ге жуық спортшы өнер көрсетті. Тоғыз түрлі салмақ бойынша облыстың озығын анықтауда оғландар аянып қалмады. Жаттықтырушы Ахмет Жұмағұл жүлдесіне арналған тартысты бәсекеде жаттықтырушының талантты шәкірттері, Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылкелдиев, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков төбе көрсетіп, жарыс жеңімпазын бірге анықтады.
– Ағам Жандос кішкентай кезінен татамимен дос болды. Оның жаттығуға бара жатқанына мен қызықпай қоймайтын едім. Бір күні ағам мені өзімен бірге ілестіріп алып кетті. Үлкен зал. Кимоно киіп, жаттығу жасап жүрген жеткіншектер. Алты жасар менің бойым ондағылардан аласа етін. Солардың қатарына қосылып, көргенімді мен де қайталай кеттім. Ахмет ағай сол сәтте жаныма келіп, маған да кимоно ұсынып, арқамнан қақты. Оны киген мен мәзбін. Жігітті арқадан қағудың өзі үлкен серпін ғой. Міне, дзюдоға деген қызығушылық мені түрлі деңгейлі жарыстарға жетелеп, шынықтырды. Жалпы спортқа келу үшін де махаббат керек-ақ. Шынайы жасаған дүние өзінің жемісін беретіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі жарыста жас спортшыларға осыны жеткізгім келеді, – дейді Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Бақтыбайұлы.
Жарыс барысында жаттықтырушы Ахмет Жұмағұлға Қазақстан дзюдо федерациясының Алғыс хаты табысталды. Алғыс хатта: «Егеменді еліміздің бірлігі мен беріктігі жолындағы спорт саласының қарқынды дамып, кең қанат жаюына қосқан зор үлесіңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз», – делінген.
Сонымен, жас алыптар айқасында 7 түрлі салмақ дәрежесінде тараздық тарландар үздік атанды. Атап айтсақ, Н.Исабай (46 келі), Е.Жұманәлі (55 келі), Ш.Қанатбек (60 келі), Д.Қайратұлы (66 келі), Д.Токонов (-73 келі), Ж.Жұмабай (-90 келі) және 90 келіден жоғары салмақта Д.Сапарбек алтыннан алқа тағынды. Сондай-ақ 50 келі салмақта өнер көрсеткен ақтөбелік Ж.Рахметқалы үздіктер көшіне енсе, -81 келі салмақта Шымкент қаласының жас спортшысы К.Досымов жеңімпаз атанды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.