Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүрекке жол іздеген жазушы

0 229

Жер басып жүрген әр жұмырбасты пенденің өз міндеті бар дейді кітаптарда. Ал көз алдынан өмірдің көші кино ленталарындай сырғып өтетін, әрбір сәттен жанын сілкіп өтер сезім іздейтін жазушының міндеті не? Ол – әлбетте, жазу. Жай жазу емес, адамды өзімен табыстырып, әдемі ойлар мен оқиғаларға іңкәр етіп жазу. Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында дәл осындай міндетпен жазушылық ғұмырды жанына серік еткен белгілі қаламгер, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Аягүл Мантаймен кездесу өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суретті түсірген Юрий КИМ

Осындай мазмұндағы рухани кештерге шөлеркеп қалған тараздық әдебиет сүйер қауым жас жазушының әңгімесін ұйып тыңдап, өзге күйге бөленді. Елдегі жазушылық ортаға есімі етене таныс болғанымен, Аягүл Мантай бүгінде Мәскеуде тұрады. 7 жылдан астам елден жырақ өмір сүріп келе жатқан ол қоғамдағы қалыптасқан қағидаларға, әдеби тенденцияға, әлем әдебиетіндегі өзгеше құбылыстарға қатысты ой орамдарын ортаға салды. Мазмұны ерек кешті белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы ашты.
– Қазақта мықтылардың «аруақ қолдасын» деген аталы сөз бар. Мұны мәдениетті әрі интеллектуалды түрде айтсақ, «рухы қолдасын» дейді. Әдебиетте, оның ішінде проза мен поэзияда интеллект болуы тиіс. Бұл нәрсе бізге енді келе жатыр. Оқырман ауыл әдебиетінен жалықты. Қазір бізге интеллектуалды әдебиет қажет. Мұнда батыс мәдениетінің элементтері бар. Батыс мәдениетіне жақындай түспеген әдебиеттің көсегесі көгермейді. Қазіргі оқырман басқа. Бүгінгі буынға басқа әдебиет керек. Басқа даму, басқа түсінік керек. Жамбыл – шағын өңір. Дегенмен мұнда бір шоғыр талантты ақындар бар. Ортамызға елдегі әдеби ахуалға сырт көзбен қарай алатын, сергек санамен ойлап, әлемдік әдебиеттегі жаңалықтармен салыстырып екшей алатын Аягүл сынды жас жазушылардың келгені ғанибет қой. Кейінгі жылдары елде проза жанры кенжелеп қалды. Бұл ретте ізденіс дағдысын Аягүл сынды жолға қойған жастар көбірек қажет, – деді жазушы.
Расымен, жазушы Аягүл Мантайдың бүгінгі әдебиетке деген көзқарасы өзгеше, ұстанымы нық. Өзіне қойған талаптары мен жазушылық амбициясы да қатардағы қаламгерлерден әлдеқайда жоғары. Оқырман көзімен түйсінгеніміз осы еді.
Санаға сілкініс орнатып, рухты оятатын ойларды сөзбен кестелеп, оқырманға ұсынған тұста жазушы өз шығармасы үшін алаңдайды, жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалайды. Қазіргі қазақ әдебиетін әлем әдебиетімен иық тірестіре алар жағдайға жеткізу үшін тер төгіп жүрген жас қаламгерлер аз емес. Осы бір үздіксіз үрдіс турасында сөз қозғаған жазушы бүгінгі әдеби ахуал жайында батыл ойларын ортаға салды.
– Мен 7 жылдан бері Мәскеуде тұрып келе жатырмын. Бұл аз да, көп те уақыт емес. Біздің қоғамда көбіне ішкі мәдениет пен сыртқы мәдениетті шатастырып жатады. Бұл – бүгінгі күннің ең асқынған құбылысы. Осы дүние жазушылардың бойынан да табылады. Қолына қалам ұстаған әр адам ең әуелі жақсы шығарма жазуды мақсат тұту керек. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары елімізде ауыл прозасы көш бастап тұрды. Ал қазір оқырман өзгерді. Оқырманның талғамы мен қызығушылығы өзге арнаға бұрылды. Қазір бүкіл әлем халқы үлкен депрессияда. Бұл – қалыпты жағдай. Менің түсінігімде санасыз, ой өрісі тар адам ғана депрессияға түспейді. Сол себепті қоғам депрессияға жиі ұшырайтын адамдардан қорықпау керек. Менің депрессия кезінде шығармашылық тынысым ашылады. Мұндай күйді тиімді пайдалануға тырысамын. Бұл менің тұлғалық болмысымды ашуға көмектеседі, – дейді Аягүл Мантай.
Бұдан өзге кездесуде бүгінгі оқырманның талғамына, әлемдік әдебиеттегі оқылымды шығармалар авторларының жазушылық ізденістері, болып жатқан құбылыстардың суреткерлер шығармашылығына әсер етуі сөз болды. Оқырмандар өздерінің сүйікті жазушысына көкейдегі сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Өзгеше ойлайтын, рухты жазушыны киелі шаһарға шақыртып, кешті ұйымдастыруға мұрындық болған «Aq jol» газетінің тілшісі Маржан Рақай қаламгердің әулиеаталық оқырмандарға деген ыстық ықыласына алғыс білдірді. Сондай-ақ көпшілікке қаламгердің жуырда жарық көрген «Жүрекке оралу» кітабы таныстырылып, оқырмандар автордың қолтаңбасына ие болды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.