Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени қорық-музейі ұжымының ұйытқы болуымен «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Көне шаһардағы мың бір түн» атты музей түні өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Алуан түске боялған ашық аспан астын жарық сәулеге бөлеп, 20.00-де басталған шара мың бір түнге бергісіз уақыт аралығында 3.00-ге дейін жалғасты. Өткен күн мен бүгіннің арасын жақын етіп, тарихтан шерткен түннің сыры көп. Көпестер мен қолөнершілер қаласының тарихи атмосферасына үңіліп, батыр Қарахан мен сұлу Айша бибі тарихы, музей кеңістігіндегі тарихи тұлғалардың жанданған бейнелері кешенің бір белгісіндей нұрланды. Түрлі-түсті инсталляция аясында естелік фотоға түскен қала тұрғындары бір сәт тарих қойнауына сүңгіп, кешенің мәнін бүгін ұғуға, көненің көзінен түсінік ұғуға тырысты. Іс-шараның ашылу салтанатында «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев кіріспе сөз сөйлеп, келушілерге ризашылығын жеткізді.
– «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараның тарихтан тағылым беруде маңызы зор. Тараз қаласының тұрғындары бір сәт тарих қойнауына сүңгіп, терең ұғынуға мүмкіндік алды. Түнгі музейді қызықтап келген қонақтарға қош келдіңіздер дегім келеді, – деді.
Күндізгі күйбең тіршіліктен сергіп, түнгі музейге жол тартқан қала тұрғындары жәдігерлерді қызықтап, шат-шадыман күйге бөленді. Шара барысында облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сайлаухан Ашанов, «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкері Бақытбек Қасымов, «Таңбалы» мемлекеттік қорық-музейінің қызметкері Қуаныш Нұрмақсұтов сынды азаматтар жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға көңілдері толғанын жеткізіп, алғыстарын айтты.
«Музей түні» театрландырылған қойылымын тамашалағандар көпестер мен қолөнер шеберлері орналасқан қалашыққа сапар шегіп, Қарахан мен Айша бибінің тарихынан мол мағлұмат алды. Музей кеңістігіндегі қайта жанданған тарихи тұлғалармен бір қатарда жүріп, түрлі-түсті инсталляция аясында естелік фотоға түсті. Осынау іс-шараға аса белсенділікпен қатысқан азаматтар соңыра Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Осы іс-шараға достарыммен келдім. Бәріміз өсіріп отырған ұл-қызымызды ертіп келдік. Өйткені бүгін мен ертеңді жалғайтын – бала. Бала өзінің тарихын ұғып, оның құндылығын біліп, мәнін жетік түсінбесе, елін де, тілін де құрметтемейді деп ойлаймын. Өзім ойлағандай ұл-қызымыздың музей түнінен алған әсері зор. Олар жәдігерлерді қызыға тамашалап, көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, көптеген мағлұмат алды, – дейді музейді тамашалауға келген Гүлзада Қырықбаева.
Сондай-ақ мұнда «Қазақ әжелері» тобының қатысушыларынан тоқу шеберлігі бойынша шеберлік сабағымен танысып, әсем әуендерін тыңдауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар жастар қауымы қазақтың асық ату, арқан тарту сынды ұлттық ойындарына қатысып, мәре-сәре болды. Және де мәдени, ойын-сауық бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған тарихи-викториналық сұрақтар, фотосессиялар, музыкалық конкурстар және де іс-шараға белсене атсалысқан көрермендер мен қатысушыларға арнайы сый-сияпаттар берілді.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған