Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүрек жылуы

0 2  733

Жуырда Талас ауданы, Ақкөл ауылындағы №6 аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында «Жүрек жылуы» тақырыбында жан жадыратар іс-шара өтті.

Менің ұлым Марат Кокушев денсаулығына байланысты сол мекемеде әлеуметтік қызмет алуда, жасы 33-тен асты. Арнайы шақырту алған соң толқу да, «қалай қарсы алар екен?» деген қорқу да болғаны жасырын емес. Алайда іс-шараға келген ата-аналарды құшақ жая қарсы алып, жылы сөздерін аямаған мекеме қызметкерлерін көргенде, көңіліміз орнына түсті.
Аталған орталықтың әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Эльзира Сарымбекова бізді әрдайым жылы жүзбен қарсы алып, ем алушылардың денсаулық жағдайын жан-жақты баяндайды.
Іс-шараның ашылуында орталық директоры Жалын Баймаханов сөз алып, жылы лебізін білдірді. Оның айтуынша, ашылғанына 2-ақ жыл болған орталықта қазіргі таңда 200 қызмет алушыға жан-жақты көмек көрсетілуде екен. Бұдан кейін қонақтарға арнап дастарқан жайылып, еркін сұхбатқа кезек берілді. Сондай-ақ орталықтың материалдық-техникалық базасымен, бүгінгі жұмысымен кеңінен таныстық. Жалпы бізге орталықтың жағдайы, мекеме қызметкерлерінің кішіпейілділігі ерекше ұнады.
Сондай-ақ кеш барысында қызмет алушылар және олардың ата-аналарымен бірге «Сыйлығыңды тап», «Шаттық шеңбері» сынды ойындар ойналып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Бұдан бөлек, түбекке гүл көшеттерін отырғызу, оны естелік ретінде біздерге сыйға тартуы сынды шаралар да көңіл толқытып, жүрек қылын шертті. Қызмет алушылар мен қызметкерлер де өз өнерлерін паш етіп, әсем әндер шырқады.
Қорыта айтқанда, жұмысы жүйелі, тірлігі тиянақты орталықтың ұжымына шынайы ризашылығымды білдіріп, еңбектеріне жеміс тілеймін.

Алима Джумабаева,
ата-ана,
Талас ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.