Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыс іздеп жүрсеңіз, солтүстікке барыңыз!

0 349

Бүгінгі таңда елімізде ішкі көші-қон үдерісін дамыту мақсатында мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы халықты жұмыспен қамтуға және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға бағыттайды. Бұл – 2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №919 Қаулысымен бекітілген бағдарлама.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Әлеуметтің әлеуетін арттыру ел экономикасын ілгерілетудің тиімді тетігі ретінде қарастырылып отыр. Республиканың оңтүстігінде халық тығыз орналасса, теріскейдегі шұрайлы алқапты игеруге қол күші қажет болып тұр. Күнгейде жұрт жұмыс таппай жүрсе, теріскейде жұмыс күшінің тапшылығы сезіледі. Мемлекет тарапынан бұл іске қолдау көрсетіліп жатқаны белгілі.

– Халыққа әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бойынша қиындық тууы мүмкін, сондықтан қоныс аударамын деушілерге көмек көрсетеміз. Қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көшуге материалдық көмек беру мақсатында отбасының әрбір жеке мүшесіне бір рет 35 айлық есептік көрсеткіш және 12 ай ішінде тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу қажет. Қалалық жерде 1 адам үшін – 20, 2-4 адам үшін – 25, 5 және одан көп болған кезде 30 айлық есептік көрсеткіш болса, ал ауылдық жерде 1 адам үшін – 15, 2-4 адам үшін – 18, 5 және одан көп болған кезде 21 айлық есептік көрсеткіш бөлінуде. Сонымен қатар еңбекші жастар үшін қызметтік тұрғын үй немесе жатақханалардан бөлмелер беріледі, қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидиялар қарастырылып, техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберіледі. Осы бағдарламаға орай 2019 жылы өңірден қоныс аударған отбасы саны 37 болса, өтініш білдірушілер саны бүгінде 40 отбасына жетіп отыр, – дейді Жұмыспен қамту орталығының ізденушілерге қолдау көрсету бөлімінің маманы Бекболат Айткулов.

Сонымен қатар еңбекші жастар үшін қызметтік тұрғын үй немесе жатақханалардан бөлмелер беріледі, қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидиялар қарастырылып, техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберіледі. Осы бағдарламаға орай 2019 жылы өңірден қоныс аударған отбасы саны 37 болса, өтініш білдірушілер саны бүгінде 40 отбасына жетіп отыр, – дейді Жұмыспен қамту орталығының ізденушілерге қолдау көрсету бөлімінің маманы Бекболат Айткулов.

Мемлекеттік бағдарлама бастау алысымен қоныс аударған Мылтықбаевтар жанұясы 2015 жылы Құлан ауылынан Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысындағы Риддер қаласына көшіп барған. Бүгінде жағдайлары өте жақсы. Отбасы мүшелері бара сала бірден жұмысқа кірісіп кетіпті.

– Бала-шағамызбен Риддер қаласына қоныс аудардық. Бізге жаңа салынған үйлерден екі бөлмелі пәтер берілді. Жолдасым екеуміз де бірден жұмысқа орналастық. Болашағымыз деп үміт артқан балаларымыз Риддердегі «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясынан білім алды. Сондай-ақ бұрын-соңды үйірмеге баруға мүмкіндігі болмаған балаларым өнерін жетілдіріп, қызым қолөнерге қатысса, ұлым еркін күреске барды. Елде жағдайы болмаған отбасыларға айтарым, болашағының жарқын болуы үшін еш күмәнсіз алға қадам басуға кеңес береміз. Елден көштік деп өкінбей, керісінше, көз жұмып, тәуекелге бел буғанымыз дұрыс болды. Мемлекет баспанамен қатар жұмыспен де қамтыды, – дейді бүгінде сол өңірге сіңісіп кеткен жанұя.

Жұмыс іздеп, әлде климат алмастырып, жер жаңалағысы келген әрбір азамат осылай қоныс аударса, баспанамен қатар жарқын болашақтың кілтін қолына алары анық. Оған осындай жылы ұямен қатар жетістікке қол жеткізген жанұялардың тұрмысы дәлел.

Жамбыл облысы, Сарыкемер ауылында туып өскен Мейрамбек Ахметов – бүгінде аталмыш бағдарлама аясында Павлодарға қоныс аударғандардың бірі. Ол бүгінде Павлодар облысы, Тереңкөл ауданының тұрғыны. Жамбыл облысы, Сарыкемер ауылында Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінде домбырадан сабақ берген азамат солтүстікке қоныс аудару туралы бағдарламаны естіген соң, отбасымен ақылдасып, бірден Павлодар қаласындағы Тереңкөл ауданының Жұмыспен қамту орталығына тартып кетеді. Орталықтағы мамандар ауданның әкіміне жолықтырады.

– Әкімге жолығып, дипломмен жұмысқа орналасу туралы өтініш білдірдім. Сөйтіп, маған Тереңкөл аудандық мәдениет үйінің басшысы қызметі ұсынылды. Келіншегім Құндызай мен үш баламнан құралған шағын мемлекетіммен солай павлодарлық болып шыға келдік. Мұнда бізге 4 бөлмелі жер үй берілді. Жамбыл дейтін жылы өлкеден мұнда 2018 жылдың қараша айында келген едік, міне жылдың жүзі болды. Басында күн суық көрінетін. Қазір үйрендік. Ауа райы таза. Үйіміздің іргесінде Ертіс өзені ағып жатыр. Біз көшіп келген өңірде оңтүстіктен 40-қа жуық отбасы көшіп келген. Оның ішінде тараздықтармен бір туғандай етене жақын араласамыз. Солтүстіктің салт-дәстүрінің оңтүстікпен салыстырғанда аздап өзгешеліктері бар. Мәселен, тараздықтар көпшілікке ұлан-асыр той жасағанды ұнатса, мұнда тойға жиналған қауымның ең көбі 120-ға жуықтайды. Басында сондай аз адамнан құралған тойлар бізге қызық көрінетін. Міне, туған жерге деген сағынышты жүрекке түйіп, бұл өңірдің тұрмыс-тіршілігіне де бауыр басып келеміз. Бұл өлкенің азаматтары да бізді жатсынбады. Қазір әбден үйреніп кеттік, – дейді Мейрамбек Ахметов.

Осындай келелі жоспарды жүзеге асыру үшін оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғысы келгендер бағдарламаның шарттарымен танысуға тиіс. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама нақты іс жүзіне асып, өз нәтижесін беруде. №47 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Айылшиева да Қостанай қаласына қоныс аударғысы келетінін айтты.

– Екі қызым және жолдасыммен 5 жыл көлемінде пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Күйеуім орта білімді. Бүгінгі таңда таксист қызметін атқарады. Менің білімім жоғары, мектепте бастауыш сыныпқа сабақ беремін. Баспаналы болудың жолдарын қарастырып, банктерге бардым. Онда маған «үйлі болуға айлығыңыз жетпейді» деп шығарып салды. Тағы басқа да мәселелер шығып, үй алудың ауылы алыс екеніне көзім жетті. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы туралы естіп, жаз айында Жұмыспен қамту орталығына бардым. Ол жерде маған тиісті қалаларға хабарласып, мән-жайды білуге болатын телефон нөмірлері жазылған қағаз ұстатты. Қостанай қаласына баруға ниеттеніп едім, онда бос жұмыс орны жоқ екен. Қазір көшудің амалын қарастырып жатырмын. Баспаналы болумен қатар әлеуметтік жағдайымыз түзелер деген ниеттемін, – деді Айгүл Айылшиева.

Осы орайда, еліміздің солтүстік өңірлерінде қажетті мамандықтар тізіміне тоқталуды жөн санадық. Онда медициналық персонал: акушер, акушер-гинеколог, маммограф, маммолог, дәрігер-невропатолог, тіс және балалар дәрігері, терапевт, хирург, құлақ-мұрын, тамақ дәрігерімен қатар мейірбике мамандығы жетіспейтін көрінеді. Екінші кезекте білім беру саласы бойынша орыс және орыс әдебиеті, ағылшын тілі, математика, физика, бастауыш сынып, дене шынықтыру мен әскери дайындық сабағының мұғалімдері сұраныста. Ал үшінші кезекте электрик, тракторшы, механизатор, нан пісіруші, құрылысшы, агроном, сатушы, мал дәрігері мен көлік жүргізушісі қажет екен. Елге ел қосылса құт емес пе?! Ендеше, көш көлікті болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.