Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеу – кез келген азаматқа беріле бермейтін мүмкіндік. Сайдың тасындай іріктелген ер азаматтар ғана Ұлттық ұлан қатарында сап түзей алады. Сарбаздарға жүктелген басты міндет – ел тыныштығын күзету. Осы орайда, 5513 әскери бөлімінде болып, қатаң тәртіпті ұстанған Ұлттық ұланның жас сарбаздары өздеріне жүктелген тапсырманы қалай орындайтындығын біліп қайттық.

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген А.РЫСМАХАН

Сіз бен біз жұмысқа барып-келіп, үйде тамақтанып, тынығып, саялы орындарда серуендеп жүргенде, олар күн-түн демей қала тыныштығын күзетеді. «Атаның баласы болмай, адамның баласы болу» деген осы болса керек. Жауынгерлер – темір тәртіпке бейімделген жандар. Ұйқысынан тұрып, жаттығуға кірісетін сарбаздар әрдайым шымырлығын шыңдап отыруға үйренген. Таңғы астан кейін жауынгерлер тәрбиелік және нұсқамалық сабақтарға қатысады. Тәрбиелік сабақтарда сарбаздар қызмет барысында қала тұрғындарымен, қаладағы заң бұзушы азаматтармен қандай қарым-қатынаста болуды, сондай-ақ өздерінің құқықтарымен және міндеттерімен танысады. Әскери қызметтің құндылығы мен жауапкершілігін сезіндіре отырып, әрбір жауынгерді отансүйгіштікке баулу сағаттары да осында жүреді.

Ал нұсқамалық сабақтарда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қызметке дайындығы тексеріледі. Бұл теориялық және практикалық бағытта өрбиді. Теориялық нұсқаулық сабағында заң бұзушылық әрекеттері болып табылатын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің және ҚР Қылмыстық кодексінің баптары айтылады. Ал практикалық нұсқаулық сабағында сарбаздар дене шынықтырады. Өзін-өзі қорғауға жаттығады. Заң бұзу, қылмыс жасаумен шектелмей, қарсылық білдірген азаматтарды құрықтау кезінде қолданатын әрекеттерді үйренеді. Бұдан басқа, заң бұзушыны құрықтаған соң құжат рәсімдеу, оны ІІД қызметкерлеріне тапсыру сынды жұмыстар төңірегінде де өрбиді. Сіз көшеде үш-үштен жүріп отыратын сарбаздарды күнде көресіз. Бірақ сол әрбір үш сарбаздың бір маршрут екенін білмеуіңіз мүмкін. Осы маршруттың жұмыстары толығымен реттелген әрі уақыты санаулы.

– Қызметке шыққанға дейін жауынгерлерді жасақтап, пысықтаймыз. Бізден бұрын кезекшілікке шыққан немесе бір күн алдын орын алған оқиғаларды сараптаймыз. Егер қатаң бақылауды қажет ететін нүктелер анықталса, маңыздылығына қарай сол маңайға жауынгерлерді көбірек шоғырландырамыз. Кең көлемдегі іс-шаралар өткізу барысында да халық көптеп жиналатын орындарға жауынгерлер әдеттегіден артық бөлінеді, – дейді рота командирінің тәрбие және әлеуметтік құқық жөніндегі орынбасары Санат Қалмахан.

Оқу-жаттығу сабақтарынан кейін Ұлттық ұланның рота жауынгерлері сартылдата сап түзеп түскі асқа бет алды. Сарбаздардың тәртіппен қозғалып, тік жүргені көрген жанды тәнті етеді. Олар бұдан кейін кезекшілікке түседі. Қызмет қала көшелеріндегі жауапты қызметке оларды өз маршруттары бойынша орналастырудан басталады.

«Жауынгерлік жанұяда ұйысқан, Ұлттық ұлан елі мен халқына қорған» деген ұранмен сап түзейтін 5513 әскери бөлімінде күзгі және көктемгі шақырылым бойынша еліміздің 12 облысынан келген сарбаздар Отан алдындағы борышын өтейді.

Иә, 1992 жылдың 25 ақпанында Тараз қаласында ҚР Ішкі істер министрлігі ішкі әскерлерінің жеке моторланған милиция батальоны, яғни 5513 әскери бөлімі құрылған. 3670, 5512, 6506 әскери бөлімдерінен келген әскери қызметшілер – бөлімнің жинақталу негізі. Алғашқы кезеңде барлық жеке құрам 200 адам ғана болыпты. Жаңа құрылған ұжымның бірінші командирі подполковник Валерий Шапавалов 1994 жылға дейін, ал штаб бастығы майор Иван Лахов болған. Ал бүгінде әскери бөлімді подполковник Жәнібек Сағадиев басқарады.

Сондай-ақ жауынгердің әскери міндеті аяқталғаннан кейін одан әрі жұмысқа орналастыру бойынша мекемеде әр жауынгерге мінездеме беріледі. Сарбаз қалауы бойынша қызметке кіріп, одан әрі шенді болғысы келсе, Петропавл қаласында әскери институтқа қажетті құжаттарды тапсырып, білімін шыңдауға да мүмкіндік алады екен. Одан өзге ішкі істер органдарына да барып қызмет етуге болады. Сонымен қатар ел ішінде әскери бөлімдерде ұрып-соғу, жауынгерлерге күш қолдану сынды жағымсыз пікірлерді естіп, көріп жүргеніміз де жасырын емес. Баласы әскерден келгенше жанын шүберекке түйіп отыратын ата-аналар енді алаңдамаса да болатын көрінеді.

– Жалпы біздің әскери бөлімде барлық аймақта және роталарда бақылау камералары орналастырылған. Арнайы маман 24 сағат бойына бақылауды қадағада ұстайды. Сонымен қатар кезекшілер де 24 сағат бойына қарауылдайды. Әскер ол қатаң тәртіпті талап етеді. Сондықтан әр ротада командир жауапты қызметін атқарады. Жеке құрам әрдайым бақылауда. Біздің бөлімнің әскери қызметшілері анттарына адал және өздерінің күнделікті ерен еңбегімен, еліміздің ішкі қауіпсіздігін, құқықтық тәртіп күзетін қамтамасыз етеді. Азаматтарды қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғайды. Құқықтық тәртіп әскері – мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігінің қалқаны, – дейді 5513 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқық жұмыстары жөніндегі орынбасары, майор Дамир Қасымов.

Толық мемлекеттің қарауындағы жауынгерлер өздеріне қажетті жабдықтарды алу үшін айына 3700 теңгеден айлық есебінде Үкіметтен қаржы алады. Ал күнделікті қолданысқа қажетті құрал-жабдықтар әскери бөлімде бас-басына тегін таратылады. Қаланың қоғамдық тәртібінен өзге ұландықтар түзету мекемелерінде кезекшілік атқарады. Ондағы сарбаздарға қойылатын талап өзгеше. Өйткені олар заң бұзып, бас бостандығынан айырылған азаматтарды күзетіп, олардың абақтыда заң бұзбауы үшін, қашып кетпеуі үшін бар күш-жігерлерін салады. Осыған орай, оларға қойылатын талап пен тәртіп екі есе қатал екені айтпаса да түсінікті.

Отан алдындағы борышын өтеу абырой, міндет деп түсінетін Ұлттық ұланның әрбір сарбазы ант қабылдап, әскер қатарына кіргеннен бастап Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат түссе мойымай көтеру, қажет болса жан қию керектігін білетін азаматтар. Ант – адалдық рухы. Халқымыз «Анттан аттағаны – ардан аттағаны» дейді. Яғни адамзат нормаларының қалыптасқан шегі ар болса, оны бұзу опасыздыққа жатады. Талай ғасыр халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздың, кешегі фашизмнің отын өшірген майдангер аталарымыздың аманаттаған Отанымыздың тәуелсіздігін қырағы күзету – ең ұлық қызмет, мәртебе. Бүгінде сол мәртебені абыроймен көтеріп жүрген 5513 әскери бөлімінің қызметкерлері мен ондағы әрбір сарбаз Ұлттық ұланның қорғаны, елдің қалқаны екені сөзсіз.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған