Қабырғамызды қайыстырып, еңсемізді езген еліміздегі бүліктің салдары облысымыз үшін де өте ауыр тиді. Жаппай тәртіпсіздік кезінде шаһарымыздың көркіне айналған еңселі ғимараттарға зақым келіп, зор шығынға соқтырды. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, тонау мен өртеу оқиғалары салдарынан 6 мемлекеттік нысан бүлінген.
Құрылысқа 32 техника, 726 жұмысшы жұмылдырылды
Қазіргі таңда Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандарымен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, сметалық құны есептелуде. Алдын ала есеп бойынша, қажетті оргтехникамен және кеңсе жиһаздарымен қамтамасыз ету арқылы қалпына келтіру жұмыстарының жалпы құны 6 миллиард 905,0 мың теңгені құраған. Аталған мекемелердің қоғамдық тәртіпті тұрақтандыру мен қамтамасыз етудегі маңыздылығын ескере отырып, ҚР «Төтенше жағдайлар туралы» Заңына және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес, 50 пайызын, яғни 3 452,5 мың теңге бөлу туралы Үкіметке өтініш хат жолданған. Бүгінгі таңда 7 мердігер ұйым анықталып, олар 8 қаңтардан бастап қалпына келтіру жұмыстарына кірісіп кеткен. Қазіргі таңда құрылысқа 32 техника мен 726 жұмысшы жұмылдырылған. Қалпына келтіру жұмыстары қызу. Бұған нысандарды аралау барысында көзіміз жете түсті. Енді қыруар жұмыстардың барлығы ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін толығымен аяқталады деп жоспарлануда.
«Nur Otan» ғимаратының сәулеттік үлгісі сақталады
Шаһарымыздың шырайын кіргізіп, ажарын ашқан Орталық алаңда орналасқан «Nur Otan» партиясы облыс- тық филиалының ғимараты бүлікшілердің шабуылынан астан-кестеңі шығып, тек қаңқасы ғана қалған. Мұндағы жұмыстармен «Сырым Блеке» ЖШС айналысуда. Учаске басшысы Едіге Төрежановтың айтуынша, мұнда 50-ден астам жұмысшы таңғы сағат 8:30-дан кешкі 18:30-ға дейін бел жазбай тер төгуде екен.
– Әлбетте бірлігімізге сызат түсіріп, тәуелсіздігімізді тұғырынан тайдыруды ойлаған қаскөйлердің ессіз әрекеті көңілге кірбің ұялатады. Соның салдарынан мемлекетіміз зор шығынға ұшырап отыр. Құрылыс барысына келсем, мұнда ондаған техника тартылған. Дәл қазір жертөледегі қабырғалардың ескі сылақтарын түсіріп, қайтадан сылап жатырмыз. Жұмысшылардың бір тобы қоқыс- тарды шығарумен айналысуда. Бізге берілген 2-2,5 ай мерзім ішінде ғимаратты толықтай жөндеуді жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, нысанның бұрынғы сәулеттік үлгісі сақталып қалады. Сондай-ақ жөндеу жұмыстарына отандық құрылыс заттарын пайдаланудамыз әрі олардан ешқандай тапшылық жоқ, – дейді Едіге Төрежанов.
Әкімдіктегі жоспарлы жұмыс ақпан айында аяқталады
Біз келесі кезекте облыс әкімдігінің ғимаратына ат басын бұрдық. Нысанды қалпына келтіруге 300 жұмысшы мен 15 техника жұмылдырылған. Алдын ала есептеуге сәйкес, бұған 2 300 000,0 мың теңге қаржы жұмсалмақ екен. Мердігер – «Таразстрой-2004» ЖШС. Учаске басшысы Ғани Оразовтың сөзінше, жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтауға ешқандай кедергі жоқ көрінеді.
– Қазіргі таңда 6 бригада әкімдіктің 6 қабатында қызу жұмыс істеуде. Басты мақсатымыз – ақпан айының соңына дейін барлық жұмысты толығымен тәмамдау. Нысанның 50 пайызына зақым келген. Есік-терезелері сынып, өртенген. Едендерін де ауыстыру қажет. Сондай-ақ өртті сөндіру кезінде шашылған су қабырғаларға да сызат түсірген. Сондықтан атқаратын шаруа шаш етектен, – деген учаске басшысы адам күші де, техника да, құрылыс материалдары да артығымен жеткізілгенін баян етті.
Департаменттің есігі елге қайта ашылатын күн жақын
«ТКД» ЖШС-нің мердігерлігімен қалпына келтіріліп жатқан облыстық полиция департаментінің ғимаратындағы жұмыстарға 2 200 000,0 мың теңге қаржы қарастырылған. Мұнда 120-дан астам жұмысшы таң атқаннан қас қарайғанға дейін жөндеу жұмыстарымен айналысуда. Құрылыс басынан облыстық жергілікті полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Мұхтар Бейсенбаевты кезіктіріп, сөзге тарттық.
– Ғимараттың коммуналдық жүйесі әбден бүлініп, соның салдарынан ішін қараңғылық басты. Әрі үйіліп жатқан қоқыстардан да аяқ алып жүру мүмкін емес еді. Әлбетте біз үшін жұмысшылардың денсаулығы бірінші орында тұрады. Бүгінгідей қауіпті індет өршіген тұста олар да вирус жұқтырып алуы әбден мүмкін. Сол үшін нысанға жарық пен жылу жүргізіп, коммуналдық жүйе- ні қалпына келтірдік. Қоқыстарды тазалап, бүлінбеген құжаттар мен жиһаздарды арнайы қоймаларға жиыстырып, тазалау жұмыстарын толығымен аяқтадық. Енді қабыр- ғаларды тазалап, күйіктің ізі мен иісін кетіруге күш салудамыз. Ең бастысы, жұмыс күші жетерлік, құрылыс материалдары да уақытында жеткізілуде. Қауіпсіздікке айрықша мән берілген. Тағы да қосымша жұмыс күші келіп жатса артық етпейді. Жоспарланған 2 айға жеткізбей ғимаратты бұрынғы қалпына келтіруді көздеп отырмыз, – дейді Мұхтар Жапарғалиұлы.
Кәсіпкерлердің де көп көмегі тиюде
Өңірдің бірқатар кәсіпкерлері нысандарды қалпына келтіру шараларына қол ұшын созып, көмек беруде. Солардың бірі – құрылысқа қажетті құрғақ қоспаларды әзірлейтін «AR Adhesion» ЖШС. Серіктестік директоры Рустам Рашитов облыстық әкімдіктің жөндеу жұмыстарына өз қаражаты есебінен 5 тонна құрғақ қоспа жеткізген. Қажет болған жағдайда қосымша тағы жеткізуге дайын екендігін айтты.
– Сын сағатта көмекке келу, жәрдемдесу – ердің ісі деп білемін. Бізге мемлекетіміз жеке кәсіпкерлікпен айналысуға зор мүмкіндіктер туғызды. Енді осындай қиын жағдайда біз де елдің керегіне жарауымыз керек, – дейді кәсіпкер.
Депутаттар мен «жасотандықтар» күш біріктірді
Құрылыс жұмыстарына «жасотандықтар» да үн қосып, нысанның айналасына тазалық жұмыстарын жүргізіп, көмек қолын созуда. Ал облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков бастаған азаматтар облыс әкімдігі мен партия ғимаратын жөндеп жатқан 300 жұмысшыға және блокбекетте тұрған құқық қорғау қызметкерлеріне түскі ас ұйымдастырып, игі іске атсалысуда. Мұндай ізгіліктің ерен үлгісінен облыстық мәслихаттың депутаттары, Қан орталығы мен өзбек этномәдени орталығы да тыс қалған жоқ. «Мулла Мухамеджан» мешітінің имамы Абдурахим Зайнутдиновтің айтуынша, мешіт жамағаты өз күшімен біраз азаматтың басын қосып, жұмысшылардың бір күндік тамағын жеткізіп берген.
– Алла Тағала жұртымызды орны толмас апаттардан сақтап, келешекте осындай жағдайлардың қайталанбауын тілейміз. Өзге мешіттердің де жамағатын осындай қайырымды іске атсалысуға шақырамыз әрі олар бұл әрекетімізді қолдайды деп сенеміз, – дейді Абдурахим Зайнутдинов.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ даналығы. Қайырымды жандардың осынау игі істері жаныңды жадыратып, жүрегіңе ізгілік нұрын себеді. Күшіміздің бірлікте екенін танытып, жұдырықтай жұмыла білсек, қалпына келтіру жұмыстары бұдан да зор қарқын алып, шаһарымыз бұрынғы келбетіне ертерек ораларына сенім мол.
Құрбанәлі Аманкелдіұлы