Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүйелі жұмыстардың жемісі

0 1  600

Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімнің негізгі міндеттері мен функциялары халықтың өмір сүру деңгейінің сапасын және әл-ауқатын арттыру мақсатында жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар аясында өңірлік саясатты іске асыру, әлеуметтік қызмет көрсету мен көмектің сапасын жақсарту болып табылады. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік қолдау, жеке санаттағы азаматтарға көмек көрсету, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту да осы бөлімнің алға қойған мақсат-міндеттерінің бірі.

Бүгінде бөлімде 27 мемлекеттік қызметші жұмыс істеуде. Олар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес 15 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында жалпы саны 18019 қызмет ұсынылды. Оның ішінде бөлім арқылы 1378, мемлекеттік корпорация арқылы 11331 және веб-портал арқылы 5310-ы іске асты.
Осы жылдың 16-мамырынан бастап көшіп келушілерге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу қағидаларына сәйкес, бөлімге 1155 құжат келіп түссе, оның 748 мақұлданып, 407-не бас тартылды.
2021 жылдың желтоқсан айына табыстары кедейшілік деңгейінен төмен 3612 отбасының 17572 адамына 1миллиард 241 миллион теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалып төленді. Ал биыл мамыр айында дәл осы санаттағы 2857 отбасының 13993 адамына 627 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек берілді. Мұның барлығы аумақтық учаскелік комиссиясының шешімімен тағайындалатынын атап өткен жөн. Жалпы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің орта мөлшері 24,1 пайызға өскенімен, өтініш берушілердің көрсеткіші 8,7 пайызға кеміді. Сондай-ақ табыстары кедейшілік шегінен асып кетуіне және толық мәлімет бермеулеріне байланысты 368 өтініш берушілерге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмады.
Тұрғын үй көмегі бойынша ілкімді істер қолға алынуда. Мәселен, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңын басшылыққа ала отырып, аз қамтылған 3161 отбасына 107 миллион теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалып төленсе, осы жылдың бес айында аз қамтылған 2135 отбасы 68,5 миллион теңгеге дәл осы игілікке қол жеткізді. Сондай-ақ күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген тұрғын үйлердің табысы аз 623 отбасының шығынын өтеуге 7 миллион 345 мың төленді. Ал ағымдағы жылдың 5 айында табысы аз 398 отбасына 3 миллион 272 мың теңге берілді. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда тағайындалған тұрғын үй көмегінің орташа мөлшері 26,1 пайызға артып, өтініш берушілердің саны 13,1 пайызға азайды. Ал отбасының жиынтық табысының асуына және құжаттарының толық болмауына байланысты 237 жанұя аталған төлемге қол жеткізе алмады.
Жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірі жаңа жұмыс орындарының ашылуы екені белгілі. Осыған байланысты тұрақты жаңа жұмыс орындарының саны 3667 деп жоспарланып, жыл басынан бері 1208-і ашылды. Сонымен қатар былтыр шаһарда ашылған жаңа жұмыс орындарын Интеграциялық картаға еңгізу жұмыстары жүргізілуде.
Биылға қоғамдық жұмысқа жергілікті бюджеттен 749,1 мың теңге бөлініп, 792 адамның жолдануы жоспарланған болатын. Ағымдағы жылдың басынан бері 699 азамат екі қолға бір күрек тапты. Олардың еңбекақысы бүгінде 85000 теңгені құрайды. Сондай-ақ «Жастар тәжірибесі» аясында республикалық бюджеттен 91,8 миллион теңге бөлініп, 200 жас түлекті және жергілікті бюджеттен бөлінген 137,8 миллион теңгеге 125 адамды жұмысқа тарту көзделген болатын. Жыл басынан бері 139 жас маман жұмысқа жолданып, 91890 теңге жалақымен еңбек етуде. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орнына республикалық бюджеттен 7,6 миллион теңге бөлініп, 25 адамды жолдау жоспарланған еді. Бүгін бұл көрсеткішті 26 адамды құрап, жоспар артығымен орындалды.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы да біздің назарымыздан тыс қалған емес. Айталық, осы жылдың 6 айында 10 мекемеге 11 мүмкіндігі шеклеулі азамат квота арқылы жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ мұндай азаматтарды әлеуметтiк қорғау, қолжетімділікті қамтамасыз ету және қоғам өмiрiне басқа азаматтармен бірдей қатысуына мүмкiндiктер жасау үшін тиісті жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Бүгінгі күні шаһарда 16478 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген болса, оның ішінде I топ – 1533, II топ – 6299, IIІ топ – 6021. Ал 18 жасқа дейінгі бала мүгедегі 2625 адамды құрап отыр. Осындай жандардың өмір сапасын жақсарту мақсатында арнайы оңалту құралдарымен қамтамасыз ету үшін 2022 жылға республикалық бюджеттен 557 миллион теңге, облыстық бюджеттен 87,3 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 418,1 миллион теңге қаражат қарастырылды. Бұған қоса биыл қозғалуға қиындығы бар І-топ мүгедектерге инватакси қызметтерін «Шапағат» корпоративтік қоры қызмет көрестеді. Бөлінген қаражат сомасы – 10,7 миллион теңге. Ал көздері нашар көретін І-топ мүгедектеріне инватакси қызметін – «Өмір сапасы» корпоратив қоры көрсетеді. Бұл мақсатта 7,2миллион теңге қаржы бөлінді. Аталған бағытта шаһар аумағында 4 арнайы жасақталған автокөлік жұмыс істеуде.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүргізілуде. Порталда 54 түрлі техникалық оңалту құралдары, яғни протез-ортопедиялық, міндетті гигиеналық құралдар, кресло-арбалар, санаторий-курорттық емделу, жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметі көрсетіледі. Бүгінгі күнге оларды оңалту құралдарымен қамтуға жыл басынан бері 8189 көмек түріне өтініш түскен. Оның орындалу көрсеткіші 70,5 пайызды құрап отыр. 1566 өтініш тапсырыс беріп, орындалуын күтуде. 624 көмек құралынан бас тартылды.
Мүгедектерге кедергісіз ортаны қалыптастыру мақсатында әлеуметтік мәселелер жөніндегі қалалық консультативтік-кеңесші ведомствоаралық комиссиясы құрылып, жұмыс жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда. Шаһар бойынша 293 нысан интерактивті картаға енгізілді. Картаға енгізілген нысандардың ішінде 68 мемлекеттік мекеме, 45 денсаулық сақтау нысаны, 89 білім, 17 мәдениет, 6 спорт, 4 көліктік қызмет көрсету мекемесі, 64 әртүрлі нысандар бар.
Биыл «Amanat» партиясының «Өзгеру жолы: әркімге лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасына сәйкес қолжетімділікті қамтамасыз ететін мекемелер тізіміне 55 нысан енгізілген. Оның 41-не 67 миллион 672 мың теңгеге бейімдеу жұмыстары жүргізілген. Ал 14-де бұл әлі іске аспаған.
Мониторгинтік топтың зерделеу жұмыстары кезінде 2 мемлекеттік мекеме, 3 мәдениет, 3 денсаулық нысанында, «Казпошта», «Халық банк, Халықаралық Тараз инновациялық институтында бейімделу жұмыстары ішінара, құрылыс стандартына сәйкес еместігі анықталды. Зерделеу барысында мекемелерге орнатылған көтермелі пандустың стандартқа сәйкес келмейтіні, мекеме атауы Брайль қаріпімен жазылмағаны, шақыру тетігінің жұмыс істемейтіні, мүгедектер үшін арнайы автотұрақ қарастырылмағаны белгілі болды. Сондай-ақ «Тараз MaLL», «Kids park», «Арай-Агро» элеваторында бейімделу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Ғимарат кәсіпкерлерге жалға берілгендіктен, иелерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Жекелеген санаттағы азаматтар әлеуметтік көмектен де кенде қалып жатқан жоқ. Тараз қаласы мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы «Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы» №66-8 шешіміне сәйкес Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға атаулы және мереке күндеріне бір реттік әлеуметтік көмектер белгіленген. Осы орайда 9-мамыр Жеңіс күніне, Ауған соғынысың ардагерлеріне, Чернобыль апатына қатысушыларына, жалпы саны 2024 адамға 151 миллион 960 мың теңге әлеуметтік көмек жеке есеп шоттарына аударылды. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектеріне, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», «І-ші дәрежелі Даңқты аналар», «ІІ-ші дәрежелі Даңқты аналар» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға, І-топ мүгедектеріне, нашар көретін ІІ-топ мүгедектеріне, Ауған соғысының, Чернобыль Атом электростанциясы апатын жоюға қатысушыларына және мүгедектеріне, олардың жесірлеріне, сонымен қатар, ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдарға қалалық бағыттағы жолаушылар көлігінде жол жүруге бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы берілді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 40 миллион теңге қаражат бөлінген. 2022 жылғы 1 шілдеге аталған санаттағы 997 адамға қоғамдық көлікте жүргендері үшін 16 миллион 952 мың теңге қаражат төленді.
Жоғарыда аталған шешімге сәйкес қан майданның ардагерлеріне байланыс қызметі мен табиғи газ төлемі шығындарын төлеуге 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек ай сайын көрсетіледі. Сондай-ақ, аталған санаттағы азаматтар жергілікті бюджет есебінен шипажайлық-курорттық емдеумен де қамтамасыз етіледі.
Өткен жылы соғыс қатысушыларына және оларға теңестірілген 170 адамға және 100 еңбек ардагеріне жолдама беру үшін 26,3 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізіліп, барлығы 144 теңестірілгендер және 46 еңбек ардагері «Самал» емдеу-сауықтыру орталығында демалды.
Ағымдағы жылы бұл мақсатқа 38,6 миллион теңге қарастырылып, жалпы саны 340 ардагерге жолдама беру үшін мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізілді. Жеңімпаз деп танылған «Самал» емдеу-сауықтыру орталығында бүгінгі күнге 47 соғыс және 28 еңбек ардагері тынығуда.
Бұдан бөлек әлеуметтік мәні бар ауруларға тиісті медициналық ұйымдардың анықтамасы негізінде туберкулез ауруымен ауыратын, амбулаториялық жағдайда ем жалғастырушы 168 тұлғаға 18 миллион теңге, АИТВ инфекциясы бар кәмелетке толмаған 3 балаға 1 миллион 80 мың теңге әлеуметтік көмектер қарастырылып, төленді. Мұндай төлемдер өмірлік қиын жағдайда деп танылған бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға да тағайындалып, берілгенін айта кеткен жөн.
Қорыта айтқанда, халықты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыру біздің ұдайы назарымызда. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғаса береді.

Даурен Абдуқасымов,
Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.