Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өзгеретін уақыт келді

0 702

Дәулет ТӨЛЕНДІ

Дәл қазір нарықтық экономикаға бейімделетін кезең. Себебі стратегиялық нысандардан бастап, бюджеттік мекемелерге дейін жекеменшікке өтуде. Бұл – заман талабы. Бұған үрке қарауға әсте болмайды. Өйткені жекеге өту арқылы бәсекелестік орта қалыптасады емес пе?.. Иә, еліміздің медиа әлеміне бұл да өзіндік өзгерісін әкелетіні анық. Себебі тәуелсіз журналистика тың идеялар мен батыл жазбаларды тудыратыны даусыз. Алайда бұл мемлекеттік саясаттан біржолата қол үзу деген сөз емес. Қайта бірлесе, ақылдаса, үлкен мүмкіндіктерге жол ашу. Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газеті де жергілікті билікпен әрдайым етене жақын жұмыс жасайды. Бұған дейін қалыптасқан үрдісті үзбей, мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, қала әкімдігі тарапынан қолға алынған жобаларды да жан-жақты насихаттайды.

Сондай-ақ басылым көне шаһар шеңберінде қалып қоймай, ақпарат ауқымын аудандар көлемінде кеңейтуді көздеп отыр. Бұл ауылдағы ағайынның тынысын танып қана қоймай, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді көтеруге жол ашады деп сенеміз. Мұндай берік байланыс бұқара мен билік арасын тағы жақындата түсері анық.

Қазіргі таңда «Jambyl-Taraz» газетінде жас журналистер шоғыры қалыптасқан. Сондай-ақ аға буын тілшілер тобы да бар. Алдағы уақытта қалалық басылымның материалдық базасын кеңейте отырып, болмысы мен бағытын өзгерту жоспарлануда. Ол үшін алғашқы қадамдар да жасалды. Біздің мақсат оқырманға сапалы да мазмұнды, сүйекті әрі жедел дүние ұсыну болғандықтан, бұл бағытта аянбай тер төгеміз.

Ендеше, заман ағымымен өркениет көшіне желкен керген «Jambyl-Taraz» газетінің қадамы құтты болғай деп тілейміз! Жазар көбейіп, басылымымыз шаһардың ғана емес, өңірдің шамшырағына айналсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.