Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өзбекстанға еге болмақ 5 үміткер. Мирзиёевтен басқаларында мүмкіндік бар ма?

0 402

Оңтүстік көршіміздің бірі Өзбекстанда президент сайлауы өтіп жатыр. Ала шапанды ағайын көшбасшы етіп бұл жолы кімді сайлайды? Бұл сауалдың жауабы күні бұрын белгілі тәрізді. Қазақстандық сарапшылар бір ауыздан қазіргі президент Шавкат Мирзиёевтің жеңісіне еш күмән келтірмейді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.

Сайлауға кімдер түсіп жатыр?

Шавкат Мирзиёев екінші мерзімге Өзбекстанның либерал-демократиялық партиясының атынан ұсынылып отыр. Бақ сынап жатқандардың арасында әйел де бар. Ол — Өзбекстанның халықтық-демократиялық партиясының үкілеген үміткері Максуда Ворисова. «Адолат» социал-демократиялық партиясы болса, Бахром Абдухалимовке үміт артып отыр. Бұдан бөлек, сайлауға «Миллий Тикланиш» ұлттық демократиялық партиясынан Алишер Кадиров, Өзбекстанның экологиялық партиясынан Нарзулла Обломородов түсіп отыр.

Өзбекстан президентіне қойылатын талаптар: жасы 35-тен асуы, өзбек тілін білуі және соңғы он жылда елде тұруы тиіс. Бірақ өзін өзі ұсынатын тәуелсіз үміткерлер президенттік сайлауға түсе алмайды.

gazeta.uz
gazeta.uz

Жеңіс кімдікі?

Әрине, бес үміткер болғанмен, сайлауда қандай да бір шиеленіс күту әбестік. Бұл партиялар ортақ ойын ережесіне бағынған билікшіл партиялар болып есептелінеді.

Менің пікірімше, қазіргі президент Шавкат Мирзиёев сөзсіз жеңіске жетеді. Өйткені, өзбек элитасында оған бәсекелес бола алатындай тұлға жоқ,

—дейді саясаттанушы Максим Казначеев.

Сарапшылардың пікірінше, дауыс беру нәтижесінде итжығыс түсу, дауысқа таласу атымен болмайды.

Көп тартыс болмайтыны түсінікті. Болса, ол «қазіргі президент 90 пайыз дауыс жинай ма, әлде 95 пайыз дауыс жинай ма?» деген сауалдың төңірегінде жүреді,

—деп тұспалдайды саясаттанушы Расул Жұмалы.

gazeta.uz
gazeta.uz

Мирзиёев кім?

Бір анығы, Шавкат Мирзиёев билікке келген соң ел имиджін жақсартуға біраз күш жұмсады. Ислам Каримовтың авторитарлық мұрасынан арылу саясаты халықаралық қауымдастықтың оң бағасына ие болды. Балаларды күштеп мақта тергізуге тыйым салып, саяси айып тағылып бас бостандығынан айырылғандарды босатты. Бірнеше тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдарды тіркеді. Халықаралық БАҚ-тарға аккредитация берілді. Бір сөзбен айтқанда, жылымық орнады.

Дипломатия жағынан ілкімділігі анық көрінеді. Билікке келген соң, ушығып кеткен өзбек-тәжік қарым-қатынасын жақсартты,

—дейді саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев.

Сарапшы Шавкат Мирзиёевті терең ойлы, ашық саясаткер деп атап отыр. Бұл үміткерді халық қолдайтынына Өзбекстандағы сапарында көз жеткізіп қайтыпты.

Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға көзқарасы жақсы. Екі ел басшылары жиі қатынасып, бас қосып тұрды. Өзбекстанда тұратын қазақтар аз емес. Бұл елдің билігінде ұдайы қазақ азаматтары кездеседі,

— дейді сарапшы.

Мәскеудегі өзбек елшілігінің алды, gazeta.uz
Мәскеудегі өзбек елшілігінің алды, gazeta.uz

Сайлау қалай өтіп жатыр?

Десе де, сайлауда қатаң қауіпсіздік шаралары қарастырылып отыр. Өзбек БАҚ-тарының мәліметінше, сайлау учаскелерін күштік құрылымдар торуылдап жүр. Оның ішінде Ұлттық гвардия мен жол полициясы да бар. Сайлау учаскелерін саперлер тексеріп шыққан. Бұған 53 670 маман жұмылдырылыпты. Учаскелердің алдына өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем көліктері қойылған.

Тағы бір ерекшелік — сайлауға жеңіл қылмыс жасағандар бірінші рет қатыстырылмақ. Түрмелерде 18 сайлау учаскесі ашылыпты.

Екі қолға бір күрек іздеп Ресейге кеткен өзбектер аз емес. Сондықтан да болар, Өзбекстанның Мәскеудегі елшілігінің алдына таң атпай ұзын-сонар кезек пайда болған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.