Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зайырлылық – тұрақтылық тұғыры

0 674

Қазақстан Республикасы Ата Заңының абсолютті нормаларының бірі – зайырлылық. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бастап діни еркіндікті паш етіп, қабылдаған алғашқы заңдарымыздың бірі – ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы болатын. Аталмыш заңнамаға замана ағысына қарай бірнеше рет толықтырулар жасалды. Ал 2011 жылы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заңы қабылданды. Яғни қазақ елі зайырлы мемлекетті орнықтыру үстінде. Оның ішінде зайырлылықтың қазақстандық үлгісінің негізін қалауға талпынуда.

«Зайырлы» сөзінің түбірі араб тіліндегі «сыртқы» деген мәндегі «захир» сөзінен келіп шығады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне үңілсек, «зайыр» сөзі «анық», «айқын», «ашық» деген сын есімдердің мағыналарын береді. Осы «зайыр» деген сын есімнен түрленген «зайырлы» сөзі «білгір», «білімдар» деген мағыналарға саяды. Демек, «зайырлылық» деп «білгірлікті», «білімдарлықты» атасақ болады. Өкінішке орай, бүгінгі таңда «зайырлылық» сөзін батыстан ауып келген «лаицизм», «секуляризм», «светскость» терминдерінің баламасы ретінде түсінеміз. Қазақстан Республикасындағы зайырлылық жаңағы «білімдарлық» ұғымына жақын деп түсінгеніміз жөн.
Бұл ұғымның түп-төркіні тереңде. Жалпы әлімсақтан бері адамзат қоғамына тән өзгермейтін құндылықтар мен ақиқаттар болады. Дара құндылықтардың қатарында зайырлылық та көптеген қоғамдарға ежелден етене тән болып келеді. Әр дәуірде ол алуан түрде көрініс тапты. Кей кезеңдерде шашыраңқы ұстанымдар сипатында болса, кей дәуірлерде тұжырымдалған көзқарастар жүйесін құрап, мемлекет тұрпатына әсер етті.
Төл тарихымызға назар салсақ, сайын дала төсінде салтанат құрған мемлекеттердің ешбіріне зайырлылық қағидаттары жат болмағанын байқаймыз. Ата Заңымыздың 1-бабының 1-тармағында көзделген «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деген қастерлі қағидаттар қазақ даласының сан ғасырлық тарихи-рухани тәжірибесімен тоғысып жатыр.
Тарихта таңбасы қалған кезеңдерден бастап сөз қозғасақ, сақтар мен ғұндар кезеңінде бүгінгі Қазақстан аумағында тайпалық одақтар сипатындағы көптеген кіші мемлекеттер өмір сүрді. Әр алуан сенімдердің көрініс беруі кезең-кезеңімен орын алып отырғанымен, сақ-ғұн дәуіріндегі негізгі сенім – Тәңірлік діні болғаны белгілі.
Тәңірлік сенім жүйесі адам еркі мен құқығын ерекше құрметтеді, ұғымдар мен ұстанымдарды ізгілік қағидаттарына негіздеді, ырымдар мен тыйымдарды берекесіздік пен зияннан сақтандыру мақсатында жасақтады. Ғасырлар сынынан өте келе осы айтылғандар рухани құндылықтарға негіз болып қаланды. Сол кезеңнен бастау алып, ұлт санасында берік орныққан «көкті жұлма», «ақты төкпе», «суды ластама», «талды кеспе», «малды теппе», «аң-құсты себепсіз өлтірме», «отты үрлеп өшірме», «күлді шашпа» секілді тыйымдардың барлығы табиғаттағы үйлесімділікті қорғау, қоршаған ортадағы тазалықты сақтау, сол әрекеттер аясында адами қасиеттердің де дұрыс тәрбиеленуіне әсер ету мақсаттарынан туындаған. «Құт», «кие», «обал» ұғымдары бұл әрекеттердің рухани мазмұны бай болғанын аңдатады.
Дүние тіршілігінің негізі болған табиғатты қастерлеу, от пен суды қасиеттеу, әрбір жаратылыстың иесі мен киесі бар деп білу, төрт түліктің піріне сыйыну Түркі жұртының Тәңірі жаратқан әрбір болмысты киелі де қасиетті санаған бірегей танымының көрінісі болып саналады. Мұндай дүниетаным өз кезегінде жаратылыстың төресі – адамзаттың да киелілігін тани отырып, адам құқықтарының қастерленуіне, теңсіздік қағидатының қолданылмауына жол ашқаны күмәнсіз.
«Тәңірдің құты дарыған» делінетін қағандар тылсым түсініктерге емес, нақты өмір жағдайларына негіздеп ел басқарды. Тәңірлік діннің абыздары саналатын ұлы бақсылар діни ғұрып пен ем-шараға қажеттілік туындаған жағдайда ғана қоғам өміріне араласты. Қоғам өмірін құндылыққа айналып үлгерген ұстанымдар реттеп отырды. Үйлесім мен бірлікте өмір сүру өнерін қарапайым халыққа өмір тәжірибесімен сұрыпталған дана құндылықтар үйретті. Далалық өмір салты сол кезеңнің өзінде-ақ ашық, айқын бағдарлы, терең рухани мазмұнды мемлекет құруға негіздер қалады.
Ашық қоғам ұстанымдары өз кезегінде дін таңдау еркіндігіне жетелейді. Дегенмен өзіндік бүтін болмысқа ие болып, тұлғаланған ұлт немесе ұлыс үшін дін таңдау − кездейсоқ құбылыс емес. Сол таңдау ұлттың болашақ құндылықтық бағдарларын, өмірлік қағидаттарын, ұлттық ұстанымдарын белгілейді, болмысы мен мінезіне бірдей әсер етеді.
Тарихи дәуірлерде, әсіресе әлемдік және дәстүрлі діндердің кең тарала бастаған кезеңінде көптеген ұлттар алдында кезең-кезеңімен дін таңдау мәселесі талқыға түсіп отырды. Тәңірлік дінді сенімдік тұғыр еткен Көк Түріктер қағанаты кезеңінде түркілер іргелес жұрттың ықпалды діні буддизммен тереңірек таныса бастайды. Будда іліміне көңілі құлаған кей қағандар осы дінге тән ғибадатханалар салдырып, дін таратпаққа әрекет етеді. Осы тұста Түркі қағанатының ұлы қағаны Күлтегін мен кеңесшісі Тоныкөктің арасында «Будда дінін қабылдау керек пе, жоқ па?» деген сауал төңірегінде әңгіме өрбіп, буддалық ұстанымдар сарапқа салынады. Сонда будда дінінің негізгі он қағидатының бірі «Тірі жан иесінің тіршілігін сақтаңдар» деген ұстаным екенін естіген Білге қаған: «Біз желдің өтінде, күннің бетінде, жаудың шетінде жатқан елміз. Ертең ел шетіне жау келсе, қасқая қарсы тұрып ел қорғамай, «тірі жан иесінің тіршілігін сақтаңдар» деп бас бұғып отыра алмаймыз. Бұл дін біздің жауынгерлік рухымызға сай келмейді», – деп будда дінін қабылдаудан бас тартады.
Кезінде Киев Русінің князы Святослав та Исламды қабылдау туралы көп толғана келіп, орыс халқының рухына, болмысына, дәстүрлеріне христиан дінінің қағидаттары көбірек сәйкес келгендіктен, саналы түрде сол дінде қала берген.
Тарихи даму кезеңінде Түркі жұртының тәңірлік сенім құшағынан шығып, Исламды қабылдауында да саналы таңдау еркі жатты. Қазақ жері Ресей мен Қытай секілді қос алып мемлекетпен бағзы замандардан іргелес болып келді. Діндердің аралас-құраластығы, сенімдердің шарпысуы, белгілі бір кезеңдерде белгілі бір діндердің сайын далада азды-көпті таралуы тарихымызда талай болған. Бірақ олардың ешбірін түгел түркі төл діні ретінде қабылдаған жоқ.
Дүниенің екінші бір түкпірінен тау асып, тас басып жеткен Ислам дінін таңдап, ұлт діні етіп қабылдауы − бүгінгі қазақ, кешегі түркінің өркениетті ел ретінде жасаған таңдауы болатын. Өйткені ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен барынша үйлескен бірден-бір дін – Ислам діні болды. Ғасырлар бойы халқымыздың болмысына сіңе отырып, Ислам біздің бүгінгі бірегей мәдениетімізді құраған, мемлекеттілігімізді қалыптастырған ата дінімізге айналды.
Айта кету қажет, Исламның алғашқы кезеңінде бейбіт жолмен дінге бет бұрмаған елдерге Исламды таратудың бір жолы қарулы күрес болды. Исламға дейінгі дәуірде жоғары дәрежеде ұйымдасқан әкімшілік-басқару жүйесі, жауынгерлік өнерді терең меңгерген әскері, тас кітаптарға тарихын таңбалаған жазу мәдениеті болған, адамгершілікті ту еткен мол рухани мұраға, жарты әлемді жаулап, «бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» даңқты тарихқа ие Түркі жұрты да жаңа дінге қарсылықсыз бірден бас ие қоймады. Ислам қағидаттарын түстеп танып, діннің рухын сезінгенге дейін бойұсынудың болмауы қалыпты екені белгілі. Ал бойұсыну болмаған жерде қақтығыс міндетті түрде болады. Исламның таралу кезеңінде қазақ жерінде де, әсіресе қазіргі Өзбекстанмен шектес өңірлерде талай қарулы қақтығыс болды. Бертініректе қарумен бағындыра алмаған тұста бітімге тоқтап, бейбіт дін тарату келісіміне келген оқиғалар да орын алды. Араб қолбасшысы Ысқақ әт-Түрки мен түркі басшысы Баба Құмардың арасындағы келісім туралы дерек – соның бір айғағы.
Дін тарату жолындағы соғыстардың Орта Азия жерінде көптеп жүргізілгенін отандық тарихпен қатар араб-парсы тарихи деректері де жоққа шығармайды. Мауараннахрда дін жорықтарын жүргізген араб қолбасшысы Қутайба ибн Муслимнің мазары қазіргі Өзбекстан жерінде сақталған. Қазақ даласында көптеген араб әскербасыларының қабірі қалды.
Оңтүстік өңірге түбегейлі орныққаннан кейін ғана қазақ даласының қалған өлкелеріне Исламның таралуы бейбіт жүзеге асты деуге болады. Байырғы тәңірлік сенім мен жаңа Ислам дінін бірқұдайлық қағидасы мен ізгілік ұстанымдары біріктірді. Ислам діні мен тәңірлік сенімнің астасуы ғасырлар бойы жүрді.
Түркілер Ислам әлеміне өзіндік орнықты дүниетанымымен енді және терең тамырлы рухани құндылықтарды қалыптастырған құт, кие, обал, қасиет, аруақ тәрізді іргелі ұғымдарын сақтап қалды. Аталған ұғымдардың кейбірі ислами ұғымдармен де сәйкес келгендіктен, исламдық мәтіндегі сөздермен ауыстырылып, халық жадында сол қолданыста қалыптасты.
Қазақ даласына Ислам діні енгеннен кейін зайырлылық қағидаттарының тереңдеуі әрі қарай жалғасты. «Дін аясындағы зайырлылық» деген теңеудің бүгінгі қоғам азаматтары үшін тосын естілуі мүмкін, бірақ «зайырлылық» ұғымы аясында діннің де қамтылатыны секілді дін шариғаты аясында зайырлылық қағидаттарының да дамытылу мүмкіндігі бар.
Қазақтың «зайырлы» ұғымының өзі араб тіліндегі «захири», яғни «ашық», «айқын» деген сөзінен бастау алады. Ашықтық пен айқындық демократияға, құқықтық құндылықтардың қорғалып, әлеуметтік теңдіктің орнығуына жол ашатын іргетастық қағидаттардың қатарынан саналады.
«Ислам – зайырлы дін» деген анықтаманы қазіргі зерттеушілер жиі келтіруде. Бұл теңеуді Мұхаммед пайғамбардың сахаба-серігі, әділетті төрт халифтің бірі Әзіреті Әли VІІ ғасырда-ақ қолданған болатын. Өзін кімнің өлтіретінін алдын ала сезген Әзіреті Әли ол туралы серіктеріне айтқанда, серіктері сол адамды өлтірмекші болады. Сонда Әзірет Әли: «Біздің дініміз Ислам – зайырлы дін, ол болған нәрсеге ғана үкім береді», – деп тоқтатады.
Әрине, бұл мысалдағы «зайырлы» ұғымы бүгінгі зайырлылық өлшемдерін тұтастықта қамтыған мемлекет сипатын толығымен танытатын ұғым емес. Бірақ мұнда, ең бастысы, зайырлылыққа тән іргетастық ашықтық, айқындық қағидаттары туралы сөз қозғалған.
Осы қағидаттарды қамтыған Ислам шариғаты аясында зайырлылыққа тән өзге де құндылықтар көрініс тапқан. Оның ең маңыздыларының бірі – діни сенім бостандығы қағидаты. Кез келген дін секілді Ислам да өз ілімін ең кемел, ең ақиқат сенім деп біледі. Бірақ Исламды ақиқат ретінде тани отыра өзге дінді ұстанушыларға шек қоймайды, зәбір көрсетпейді, қамқорлықсыз қалдырмайды.
«Дінде зорлық жоқ» деген Құран қағидаттарынан бастау алып, Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде толық айшықталған өзге дін өкілдеріне деген құрметті қарым-қатынас Исламның адамгершілік-өнегелік ұстанымдарына негіз болып қаланған. Дінаралық қатынас қағидаттарын, діни сенім мен ар-ождан бостандығын бекіткен алғашқы құжаттар да Ислам өркениетіне тән (исламтанушыларға аян «Мәдина келісімі» туралы сөз болып отыр).
Өзге дін өкілдеріне қамқорлық таныту, оларды аманат ретінде қабылдап, хақысына қиянат жасамау, олардың ғибадат ғимараттарын бұзбау, мал-мүлкіне қол сұқпау, дін иелеріне залал келтірмеу, мұсылман мемлекетіндегі қоғам мүшелері болып табылатын өзге дін өкілдерімен бейбіт көршілік қатынаста болу өз кезегінде исламдық өркениетті рухани кемелдікке жетелеп қана қоймай, оның әлем тарихында алтын әріптермен жазылуына өзіндік үлес қосты.
Үстіміздегі жыл ЮНЕСКО көлемінде Ясауи жылы деп жарияланғаны баршаға белгілі. Исламның шынайы болмысы мен Мұхаммед пайғамбар сүннетінің рухын сезінген кешегі Ясауидей бабаларымыз «Сүннет екен, кәпір де болса берме азар» деп мәмілегерлік қағидаттарын жырына арқау етті. Ясауи іліміндегі «Адам адамға құл емес, Аллаға ғана құл» деген ұстаным да адам баласының бәріне бірдей қарауға, ешкімді кемсітпеуге, өзін де өзгелер алдында төмен санамауға міндеттейді. Бұл қағида бүкіл қоғамдағы рухани тепе-теңдік пен келісімді сақтауға бағытталған. «Адамды ақиқатқа жетелейтін бірден-бір жол – білім жолы» деп ағартушылықтың баға жетпес маңызын да Ясауи көрсетіп кетті. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай ақынның алдында осындай ұлылардан қалған ұлық жол, ескіден қалған есті сөз жатты. Осылайша ұлтымыздың болмысындағы мәмілегер мінез Исламдағы дінаралық сұхбаттың қастерлі қағидаттарымен ұштаса дамыды.
Зайырлылықтың қасиетті құндылықтарының бірі – адам құқықтарын қорғау болса, бұл қағидат та Ислам дінінің өзегін құраған негіздердің бірі болып табылады. Мұсылман құқықтануы адамзат қоғамына тән құқықтық қатынастарды бүге-шігесіне дейін қамтиды. Оған негіз болған құқықтық нормалар Құран Кәрімде кеңінен қамтылған.
Көрнекті ислам ғалымы Имам Әбу Хамид әл-Ғазали: «Жаратушы жаратылысына бес нәрсені сақтауға кепілдік береді: діні, өмірі, ақыл-есі, ұрпағы және мал-мүлкі. Аталған бес нәрсені сақтау – парыз, ал оларды бұзу – жамандық. Бұл жамандықты тоқтату міндеттелген», – деп жазады.
Бүгінгі зайырлы мемлекетіміздің қымбат қазынасы саналатын адамды және адамның өмiрiн, құқықтары мен бостандықтарын сақтау Ислам аясында өзіне тән ерекшеліктерімен қамтамасыз етілген. Соның ішінде әйелдер қауымының құқықтарын жоғары деңгейге көтеріп, қоғамдағы орнын айқындап беруі Исламның зайырлы қағидаттарды негізге алуының бір көрінісі болып табылады.
Рас, қай кезеңде де дінді тұтынушы адам баласы болғандықтан, тұлғалық қатынастар салдарынан аталмыш қағидалардан ауытқу да адамзат тарихында талай орын алған. Дін қағидаларын қызғыштай қоримын деп шектен шығу немесе тар түсінікке салынып, дінді тартысқа негіз ету оқиғалары Ислам аясында да жүріп жатты.
Х ғасырда қазақ жеріндегі қарахандықтар мемлекетінде Исламның мемлекеттік дін ретінде жарияланғаны белгілі. Х-ХІІ ғасырларда қазіргі Қазақстан өлкесінде ислам дінінің кеңінен қанат жайғанын және жергілікті халықтың дәстүрлі құндылықтарымен, ұғым-түсініктерімен астаса бастағанын сол тұста дүниеге келген жазба ескерткіштер, түркі даласынан шыққан жүздеген ойшылдың туындылары айқын аңғартады.
ХІІІ ғасырдағы Алтын Орданың қалыптасу кезеңінде моңғол текті мемлекет басшылары үшін дін мәселесінің едәуір күрделі болғаны белгілі. Мемлекет басына келушілердің ұстанған діні мен сенімінің әртекті болуы тақ таласында өзіндік маңызға ие болды. Дегенмен жалпы халық бұл кезеңде Исламды ата діні ретінде ұлықтап үлгерген болатын. Алтын Орда билеушілері ХІV ғасырдың бас кезінде Өзбек ханның тұсында Исламды мемлекеттік дін ретінде таныды.
ХV ғасырдағы Ұлы даладағы үдерістер Қазақ хандығын тарих сахнасына шығарды. Қалыптасқан ислами танымға ие өлкеде құрылған Қазақ хандығындағы рухани үдерістер толығымен дерлік Ислам діні аясында жүрді. Мемлекет басқару, заң шығару ісінде қазақ хандары Ислам шариғатына жүгініп отырды. Бірақ мемлекет істері жалаң шариғатшылдықпен жүргізілген жоқ, әсіресе дүнияуи істер дін ұстанымдарымен қатар нақты жағдайлар мен әдет-ғұрып заңдарына да негізделіп, шешім тауып отырды.
Қазақ хандарының дін жолындағы ұстазы қожа-молдалар болса, ел билеуде олар билер кеңесіне көбірек жүгінгені тарихтан белгілі. Әз-Тәукенің 34 баптан тұратын «Жеті Жарғысының» 3 бабы ғана дінге қатысты болса, қалған 31 бабы адам құқықтары мен қоғамдық қатынастарға қатысты болған.
Дін қатынастарын реттеген баптарға тоқталсақ, «Жеті Жарғының» 6-бабында: «Жеті адам куә болып, Құдайға тіл тигізгені дәлелденсе, тас лақтырып өлтіріледі», – делінеді. Аңдап қарағанда, бұл жерде сенім бостандығын шектеу емес, керісінше, қазіргі зайырлылық қағидаттарында да қолданылатын «өзгелердің сеніміне қол сұқпау, діни сезімін қорламау» қағидаты үстем тұрғанын аңғаруға болады. «Жеті Жарғы» туындаған кезеңде Аллаға тіл тигізу біртұтас діни танымға ие дәстүрлі қазақ қоғамының барлық мүшесін қорлаумен тең болып табылғаны айқын. Бұл орайда Мұхаммед пайғамбардың мұсылман баласына Жаратушыға тіл тигізу тұрмақ, өзге дін өкілдерінің Аллаға тіл тигізуінен сақтану мақсатында олардың Құдайларына қатысты қорлау сөздерін айтпауды да өсиет етуінің мәні зор екенін ескеру керек. «Жеті Жарғыдағы» аталмыш жағдай бірен-саран болса да ел ішінде орын алып отырған. Бұл норманы сақтау ел ішінде алауыздық туындауының алдын алу, идеологиялық тұтастықты сақтау, өз кезегінде Исламның ізгілікті қағидаларына адал болу әрекетін көздегені айқын.
«Жеті Жарғының» 7-бабы бойынша «өзге дінге кіріп, кәпір болған адам мал-мүлкінен айырылады». Бұл бап қазақ арасында өсіп, мұсылмандық тәрбие алған адамның өзге дінге өтіп кетуіне қатысты айтылған. Ондайларды қазақ біртұтас тарихи таным, бірегей ұлттық сана негізінде «дінін сатқан» деп таныған. Оның өзінде де қазіргі жалған жиһадшылар секілді өлтіру жазасын емес, шариғат аясындағы мал-мүлкін тәркілеуді қолданған. Ал тумысынан өзге дінді ұстанған басқа ұлт пен дін өкілдеріне қазақ қашанда мәмілегер мінез танытты. Бұл ереже де дәстүрлі қазақ қоғамының тұтастығын, дін бірлігін сақтауды көздеген қағидат болып табылады. Қазіргідей сан ұлт сапырылысып, көп дін жайлаған қоғам емес, біртекті сана, бірегей болмысқа ие болған дәстүрлі қоғамда өз дәуірінде үйлесімділікті өміршең еткен осындай қағидаттар болатын.
«Жеті Жарғының» 8-бабы бойынша «өзіне-өзі қол салғандар бөлек жерленеді». Бұл – Ислам қағидаттарымен ұштасатын әрі өз өміріне қол салудың өлімнен кейінгі салдарын да ескертіп, дәстүрлі-дәстүрсіз кез келген қоғам мүшесіне сабақ болатын ұстаным болып табылады.
Өркениетке ұмтылған өрелі қоғам өз тарихының тұщысынан ғана емес, ащысынан да сабақ ала білуі қажет. Біздің тағылымды тарихымыз діни сенім бостандығын өз мүдделеріне пайдаланып, шектен шығудың қасіретті салдарына да куә. Жан-жақтан қаптаған дін таратқыштардың «әрі тарт та, бері тарт» әрекеттерінің, мол дүниесінің, тәтті тілінің құрбаны болып, біртұтас сенімінен айырылып, әр діннің жетегінде кеткен ел иелерінің толассыз қырқыстарының салдарынан қазақ даласында дәуірлеген даңқты Хазар қағанаты жер бетінен жоғалды. Хазария қасіреті – түркінің төл тарихындағы зайырлы мемлекет идеяларын жалған құндылықтарға жем етудің ащы салдары мен сабағы.
Айтылғандардан аңғаратынымыздай, «зайырлылық» және «жоғары руханият» секілді айнымас өміршең құндылықтарды өскелең буынның санасынан өткізіп, жүрегіне жеткізіп бергіміз келсе, оның өнегелі мысалдары төл тарихымызда тұнып тұр. Солай етуге біз мәжбүрміз де, өйткені баба тарихтан бастау алған бастамалар ғана жаңа тарихқа жол тартпақ.

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ,
филология ғылымдарының кандидаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.