Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өз ісіңді бастаудың тиімді жолы

0 417

Бүгінгі таңда ауданда «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында ауқымды істер атқарылуда. Аталған жобада тұрғындардың ұсыныстарын зерделеп, халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында 5 бағыт қарастырылған.

Бұл бағыттар бойынша үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы (пайлық) жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласында мал және құс өнімдерін арттыру, қосалқы шаруашылықты жемісті жүргізуге қолбайлау мәселелерді кооперативтер арқылы шешу және шағын жобаларды қаржыландыру қолға алынған.

Жобадағы 5 бағыт бойынша Бесағаш ауылдық округіне 1 млрд 35 млн теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 895 млн 490 мың теңге 2,5 пайызбен 279 өтінім қаржыландырылса, жергілікті бюджеттен «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативінің айналым қаражаты мен ауыл шаруашылығы техникаларын алуға 139 млн 510 мың теңге 5 пайызбен несиелендірілді.

Ендігі жерде нақты деректерге көшсек, Бесағаш округінде үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану мақсатында 1117 аулаға 155 гектар жер телімі мен айналым қаражатына 13,3 млн теңге несие қаралды.

Мал шаруашылығын дамыту үшін 276 несие алушыға 797,350 млн теңге беріліп, бұл қаражатқа 4760 бас мал алынды.

Жерді тиімді пайдалану – еңбек өнімділігінің басты шарты. Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану мақсатында «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативінің 110 мүшесінің алған малын арзандатылған мал азығымен қамтамасыз ету үшін ауыл сыртындағы 1335 гектар жерді игеруге қажетті сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алуға 38 млн 800 мың теңге айналым қаражаты алынды. Осы орайда, ағымдағы жылы 1355 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып, бұл жұмыс толығымен аяқталды. Оның ішінде бидай – 180 гектар, арпа – 229 гек­тар, жүгері – 100 гектар, көпжылдық шөп 646 гектарға және рапс дақылдары 30 гектарға егілді.

Пилоттық жобаның 5-ші бағыты, яғни, тұрғындардың өз кәсібін ашу бағыты бойынша ауыл тұрғыны З.Парпиева мен К.Мухтаварға кондитерлік цехын ашуға 1 млн 860 мың теңге қаражат беріліп, жоба іске қосылды. Мұнда бүгінге дейін 3,4 тонна кондитерлік өнімдер өндірілді, сондай-ақ, 2 адам жұмыспен қамтылды. Ал, Өрнек ауылдық округінде 2021 жылы 393 млн теңгені құрайтын жобалар қанат қақты. Округте пилоттық жоба аясында үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ауыл тұрғыны Д.Масатбаевқа 6 млн 600 мың теңге несие аударылса, А.Альшеровке 4,1 млн теңге мақұлданды.

Ал, С.Маратовтың үй іргесінде жылыжай орнату үшін дайындаған құжаттары «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына тапсырылды. Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалануға 67 аула 243 млн 570 мың теңге несие алды. Тұрғындардың аула сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану мақсатында ауылда 560 гектар арпа, 100 гектар бидай, 40 гектар жүгері, 120 гектар жоңышқа орналастыру, өткен жылдардағы 300 гектар жоңышқалықты баптау үшін айналым қаражатына 28,790 млн теңге несие алу жоспарланған. Айналым қаражатының құжаттары «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына тапсырылып, «Өрнек-Даму» ауыл шаруашылығы кооперативі 10 млн теңге несие алды. Осы қаржыға 150 гектар жаздық арпа, 50 гектар жоңышқа егілді. Кооперативтерді жабдықтау және құру бойынша «Өрнек-Даму» ауыл шаруашылығы кооперативі ауыл сыртындағы егістік алқапты тиімді пайдалану үшін 21 млн теңгеге 1 техника, 2 қосалқы тіркемеге тапсырыс беруге «Тараз» микроқаржылық ұйымына сұраныс білдірді. Техника алу бойынша құжаттар «Тараз» микроқаржылық ұйымына тапсырылды.

Тұрғындардың өз кәсібін ашуға және кеңейтуге арналған екі жобаны қаржыландыруға 37 млн теңге қажет. Бүгінде ауыл тұрғыны Г.Орымбаеваның «Кондитерлік цех және наубайхана» жобасының құжаттары «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына жіберілді.

Аудан аумағында шалғай орналасқан Тоғызтарау және Ерназар елді мекендеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Осы елді мекендерде су тапшылығына қарамастан аула іргесіндегі жерлерін тамшылатып суару арқылы мол өнім алып отырғандығы анықталды. Атап айқанда, Тоғызтарау ауылының тұрғыны П.Онғарбаев ауласындағы 36 сотық жерге тамшылатып суару арқылы дақыл егіп, пайда тауып отыр. Дәл осындай жағдай, Ерназар ауылының тұрғындары Ш.Аубакиров жүгері және К.Шынтасов көкөніс егіп, жерді тиімді пайдалануда.

Сонымен қатар Ақбастау ауылдық округінің тұрғындары К.Махамбетқұлова, Д.Әбдірәсілова және Көлқайнар ауылдық округінің тұрғыны С.Айтбаев өз шаруаларын дөңгелетіп отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.