Қалалық қоғамдық-саяси газет

Арғынбай Бекбосынға арналған ескерткіш тақта орнатылды

0 724

Елімізге белгілі қаламгер, публицист, шығармашылық қабілетімен, азаматтық ісімен туған еліне, қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткері, профессор, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Жамбыл облысының құрметті азаматы», жерлесіміз Арғынбай Бекбосынның орны біз үшін биік. Алашқа аты мәлім Арғынбай Бекбосынның туғанына биыл 85 жыл толып отыр. Осыған орай «Астана» мөлтек ауданында қайраткердің өзі тұрған №16 үйге естелік тақта орнатылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.
Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев арнайы қатысып, тұлғаның ел үшін істеген елеулі еңбектеріне, журналистік жолына айырықша тоқталды.

–Бүгін елімізге белгілі жазушы тұрған үйінің алдына жиналған халық естелік тақта орнатып, Алашқа танымал азаматты еске алып жатыр. Арғынбай ағамыздың еңбек жолы «Жамбыл» радиосынан басталған болатын. Ол кісі қай жерде жұмыс істесе де әріптестеріне үлгі болып, із қалдыра білген адам, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Парламенттің 13-шақырылымының депутаты болып тұрған тұста тындырған жұмыстарына тоқталып өтті. Ал «Жамбыл облысының құрметті азаматы» Аманкелді Карентаев тұлғаның әдебиет әлеміндегі еңбектерін айырықша атап өтсе, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-ның бас директоры Оралхан Дәуіт облыстың ата газетінің атын «Ақ жол» деп ауыстыруға Арғынбай Бекбосынның қосқан үлесі зор екенін ел есіне салды.
Естелік тақтаның орнатылу салтанатында сөз алған Арғынбай ағамыздың жұбайы Дариға Қасенқызы:

– Арекең 17 маусым күні сәске түсте дүниеге келдім деп айтып отырушы еді. 85 жыдан кейін дәл маусымның осы күні ескерткіш тақтасы ашылып отыр. Ол кісі екеуміз Алматы, Астанада жүрген кезімізде осындай ілінген тақталарға айырықша көңіл бөлетін. Танитын тұлғалары болса, қасына аялдап, өткен күнін еске алатын. Болашақта өзі де келешек ұрпақтың алдында жарқырап тұратынын сезді ме екен? Осы жұмысқа ат салысқан азаматтарға айырықша алғыс айтамын, – деді.

Мемориалдық тақтаны облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы, «Ақ жол» газетінің ардагері Тұрсынхан Толқынбайұлы, Арғынбай Бекбосынның ауылдас інісі Есберген Базарқұлов ашты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.