Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қызыл Абадта» 5 көше асфальтталады

0 575

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Қызыл Абад» алқабының тұрғындарымен кездесті.

Мұндағы жұртшылықты талай уақыттан жол мәселесі толғандырып келеді. Енді биыл соның орайы келіп, алқаптағы М.Мақатаев, Ж.Бекеев көшесінің 1, 2-бұрылыстары, Д.Қалымбетов және Береке көшелеріне жол салынбақ. Бұл бойынша мердігер мекеме «Дан-Строй-Проект» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар басталған.
– Алқаптағы әрбір мәселе маған жақсы таныс. Бұл бойынша жоба-жоспарлар сызылып, тиісті жұмыстар қолға алынуда. Дегенмен бәрі бір-ақ сәтте орындалмайтынын да естен шығармауымыз қажет. Барлығы жоспарға сай кезең-кезеңімен шешімін табады, – деген шаһар басшысы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ басқосу барысында ауызсу, көшелерді жарықтандыру, интернет желісінің жылдамдығын арттыру сынды маңызды мәселелер де көтерілді.
Жалпы алқаптың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар баршылық. Айталық, алқап тұрғындарын электр желілерімен қамтамасыз ету мақсатында «Радикон» мекемесімен келісімшарт жасалған. Соған сәйкес, 2021 жылы «28 саяжай» және «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл Абад», «Казарма», «Жиделі» тұрғын алқаптарын электр желісімен қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары сәуір айында басталып, ондағы 5 771 тұрғын үйге электр желілері орнатылған. Сонымен қатар жобада қарастырылмаған тұрғын үйлерге де абоненттеу жұмыстары мердігер тарапынан жүргізілді. Бұдан кейін «Жамбыл электр жүйесі» мекемесі тарапынан арнайы мамандар бөлініп, мердігер мекеменің жұмысшыларымен бірлесіп абоненттеу жұмыстары атқарылған.
Алқап тұрғындарының таза тіршілік нәріне қол жеткізетін күні де алыс емес. Бұл бойынша «Пырақ Құрылыс» ЖШС-нің мердігерлігімен алқапқа ауызсу жүйесі тартылған. Су құбырының ұзындығы – 21,5 шақырым. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Енді қала әкімдігінің құрылыс бөлімі тарапынан сорғы стансасы іске қосылса, әуелі «Шаңырақ», кейін «Қызыл Абад» алқабы сапалы ауызсуды тұтынады.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.