Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қытаймен қарым-қатынас экономикаға тың серпін береді

0 787

Қытай әлемдік рейтингте жоғары көрсеткішке ие. Бұл елдің даму стратегиясы мен қарқыны көпшілікке үлгі. Еліміздің іргесінде осындай көршіміздің бары, серіктестік құруда сенім ұялатады. Президент бастамасымен инвестициялық ықпалдастықты арттыру нәтижесін беріп келеді.

Бұл ретте «Орталық Азия-Қытай» саммиті өңірлік диалогты нығайту және бірлескен бастамаларды ілгерілету үшін жаңа жұмыс алаңы ретінде дүниеге келді. Бұл форматтағы саммиттер екі жылда бір рет – Қытайда және өңір елдерінде кезектесіп өткізіледі.

Мұндай бірінші саммит 2023 жылдың мамыр айында Қытайдың Сиань қаласында өтті, онда ҚХР басшысы Си Цзиньпиннің төрағалығымен Орталық Азия мемлекеттерінің президенттері, оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев бас қосты. Кездесу барысында Сиань декларациясында бекітілген сауда, инфрақұрылым, көлік және цифрландыру салаларындағы негізгі келісімдерге қол қойылды.

«Орталық Азия – Қытай» форматы қазірдің өзінде барлық тараптардың жүйелі диалогқа тұрақты мүдделерін көрсететін қалыптасқан дәстүр ретінде қабылдана бастады. Мамандандырылған саммиттен басқа Орталық Азия елдері Қытайдың қатысуымен басқа да көпжақты алаңдарда өңірлік мәселелерді белсенді түрде талқылауда. Атап айтқанда, 2024 жылы Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтіп, онда өңірдің тұрақтылық, инфрақұрылымдық өзара іс-қимыл және Қытай мен өңір мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастығы тақырыптары да көтерілді.

Қазақстан үшін мұндай бастамаларға қатысу оның белсенді сыртқы саяси ұстанымын баса көрсете отырып, халықаралық беделін айтарлықтай арттырады. Сонымен бірге, бұл платформалардың практикалық сипаты Қытаймен экономикалық байланыстарды нығайтуға, инвестицияларға қолжетімділікті кеңейтуге, жаңа нарықтарға және елдің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін технологиялық алмасуға септігін тигізеді.

Елордада өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінің екінші отырысының алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді қарсы алды. Мемлекет басшысының айтуынша, ҚХР Төрағасы қазақ жерінде қай кезде де қадірлі қонақ саналған, ал оның бұл жолғы сапары – шынайы әрі мызғымас достығымыздың айқын көрінісі.

– Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның тату көршісі, жақын досы және сенімді серіктесі. Сан қырлы қазақ-қытай ықпалдастығы Сіздің жеке қолдауыңызбен мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптeстік рухында және бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мұны ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Ортақ тарихымызға мұқият үңілсек, елдеріміздің арасында ешқандай түйткілдер немесе тосқауылдар болмаған. Тек қана өзара достық пен ықпалдастық, түсіністік пен жылы лебіздер басым болды. Қытай халқы қазақ халқына ешқандай зиян келтірген жоқ,– деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынас жылдан жылға нығайып, жаңа «алтын кезеңге» қадам басқанын мәлімдеді. Достық байланыс екі елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтардың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп жатқанына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының елімізге сапары оның туған күнімен тұспа-тұс келіп отырғанына ерекше мән беріп, Си Цзиньпинге зор денсаулық, бақ-береке, жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі.

– Сізді Қазақстанда аса көрнекті мемлекет қайраткері, халықаралық қоғамдастық алдында зор абырой-беделге ие көреген көшбасшы деп біледі. Еліңіздің қарқынды дамуы Өзіңізбен тікелей байланысты. Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасында Қытай Халық Республикасы әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісінде ерен жетістікке жететініне сенімдімін. Біз жаңа тарихи кезеңде өзіне тән ерекшелігі бар социализм негізін қалап жатқан Қытай халқының мол табыстарына шын қуанамыз. Сіздің маған және барша Қазақстан халқына деген құрметіңізді жоғары бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қытайды Қазақстанның тату көршісі және уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктесі деп атады. Мемлекет басшысының айтуынша, екі елдің қарым-қатынасы тұрақты сипатқа ие әрі оған геосаяси сын-қатерлер мен дүрбелеңдер, сондай-ақ халықаралық ахуал теріс әсер етпейді.

– Қытай Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығында қандай да бір саяси шарт қоймаған. Біздің егемендігіміз бен қауіпсіздігімізге көрсеткен қолдауыңызды бағалаймыз. Қытайдың бейбітшілік бастамаларын қолдаймыз. Еліңіздің әділ әлемдік тәртіп орнату әрекеттерін қуаттаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында, сондай-ақ БРИКС + және «Орталық Азия – Қытай» форматында жоғары деңгейдегі ықпалдастық орнатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы ҚХР-дың Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін еске салды. Былтырғы қорытынды бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі 44 миллиард долларға жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Сонымен қатар Президент мәдени-гуманитарлық саладағы елеулі жетістіктерге тоқталды. Атап айтқанда, елімізде мәдениет орталықтары, Лу Бань шеберханалары, Қытай жоғары оқу орындары мен ғылыми-техникалық орталықтарының филиалдары ашылды. Қазақстан Конфуций орталықтарына қолдау көрсетеді. 2025 жыл «Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы» болып жарияланды. Бұл екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге, өзара сенімді нығайтуға септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына арнайы тоқталды.

– Біз Қазақстанда бірнеше, тым болмағанда екі-үш АЭС салу туралы шешім қабылдадық. Осы маңызды жобаға ірі компанияларды тартуға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылды. АЭС құрылысы бойынша Қытайдың CNNC компаниясын сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отырғанымызды ерекше атап өткім келеді. Әлемге әйгілі компания біздің нарықта өз орнын табатыны анық. Сонымен қатар Қазақстан Қытайға табиғи уран мен ядролық отын жеткізіп отырған сенімді ел, – деді Президент.

Си Цзиньпин қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Президентке ризашылығын білдірді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан ұлттық жаңғыру жолына түскенін, ел дамуында тың табыстарға қол жеткізіп келе жатқанын атап өтті.

– Тату көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде біз Сіздердің жетістіктеріңізге тәнтіміз. Сіздер үшін қуаныштымыз. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл – тек географиялық тұрғыдан жақындықтың, ғасырларға ұласқан достықтың арқасы ғана емес, елдеріміздің өркендеу жолындағы табиғи сұранысы. Соңғы жылдары бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тағдыры ортақ Қытай мен Қазақстан арасындағы ықпалдастық жаңа мән-мазмұнмен толығып жатыр. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуы қос халыққа айтарлықтай пайда әкелді. Мен Өзіңізбен тізе қосып, Қытай-Қазақстан достығын нығайтуға, өңірдің және жалпы әлемнің дамуына елеулі үлес қосу үшін екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуге әзірмін, – деді ҚХР Төрағасы.

Келіссөз барысында екі ел ынтымақтастығының барлық бағыт бойынша перспективасы талқыланды. Байырғы достық пен өзара құрметке арқа сүйеген екі ел басшылары емен-жарқын әңгімелесті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды

Екі ел делегациясының мүшелері энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты.

Олардың ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер бар.

Сонан соң Президенттер екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты. Саммитті ашқан Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасына және Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан басшыларына ілтипат білдірді.

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерімен жан-жақты ынтымақтастыққа ниет танытқаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты. Сондай-ақ Саммит жұмысына белсене атсалысып, өңірлік ынтымақтастыққа ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан бауырлас мемлекеттердің басшыларына ризашылығын жеткізді.

– Жиынға қатысып отырған Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен ортақ күш-жігерінің нәтижесінде тату көршілік қарым-қатынасқа, достық пен қолдауға арқа сүйеген ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған үлгісі қалыптасты. Осы ретте аса көрнекті мемлекет қайраткері, Төраға Си Цзиньпин басқаратын Қытай елінің белсенді әрі тиімді рөлін атап өткеніміз дұрыс. Көршілес Қытай Қазақстанның мәңгі әрі стратегиялық серіктесіне, нағыз досына айналды. Сексен миллиондай халқы бар ауқымды нарыққа ие және табиғи ресурстарға бай біздің өңір халықаралық қатынастардың, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде өз позициясын бірте-бірте нығайтып келеді. Осынау оң үдерісте Қытай Халық Республикасымен сан қырлы ықпалдастық негізгі рөл атқарады. Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыстар мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне баса назар аударғым келеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қолда бар мүмкіндікті біріктіру Қытаймен қарқынды әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін береді.

– Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты триллион доллар межесіне таяп қалды. Соңғы бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің Қытаймен тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді. Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Қытайдан кең көлемде инвестиция тартуға бағытталған саясатынан айнымайтынын растады.

– Қазақстанда экономикалық өсімге серпін беретін тың мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Әсіресе, Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосуға, тауар номенклатурасын көбейтіп, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Өңделу деңгейі төртінші сатыға сай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнемдеу әзірлемелерін қолданысқа енгізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бұл ретте Қытай компаниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз. Елдеріміз арасындағы экономикалық ықпалдастыққа «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбегінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын қамтамасыз ету барлық ел үшін стратегиялық тұрғыдан өзекті екенін айтты.

– Еуропа мен Азияның ірі өңірлерін жалғауда Орталық Азия басты логистикалық хабқа айналып келеді. Былтыр Қытайдан Орталық Азия елдері арқылы тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға артып, 211 мың контейнерден асты. Қытайдан Еуропаға құрлық жолдарымен жөнелтілетін жүктің 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. Біз құрлықаралық байланысты күшейтуге және Орталық Азия аймағының бәсекелестік артықшылығын барынша пайдалануға ерекше мән береміз. Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының алғашқы буыны ретінде бұл бастаманы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және «Солтүстік – Оңтүстік» секілді маңызды транзиттік бағыттармен ұштастыруды көздейді. Транскаспий бағытының тартымдылығын арттыру үшін Каспий теңізіндегі айлақтарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, сондай-ақ жүк кемелері өндірісін жолға қою бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі «Құрық» портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы ықпалдастықты өңірдің орнықты дамуына әсер ететін ең басты факторлардың бірі ретінде атады.

– Біз озық технологиялар алмасуға және энергетика инфрақұрылымдарын жаңғыртуға ниеттіміз. Сондай-ақ аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қуат көздерін әртараптандыруға мән берген жөн. Қытай Халық Республикасының ядролық энергетиканы дамытудағы бай және табысты тәжірибесін ескере отырып, аталған стратегиялық салада орнықты ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Жуық арада келісімге қол қоюға дайындаламыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын» құру бастамасына жоғары баға берді. Оның пікірінше, бұл теңқұқылы серіктестік, ортақ игілік пен өзара құрмет қағидаларына толық сай келеді. Мемлекет басшысы аталған ұстанымдар бүгінгі Саммит қорытындысы бойынша қол қойылатын «Мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартта» көрініс табатынына сенім білдірді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азияның бейбітшілік, орнықты қауіпсіздік пен өнімді ықпалдастық мекені болғанын қалайды. Еліміз діни экстремизммен, терроризммен, сепаратизммен, есірткі тасымалдаумен, заңсыз қару-жарақ саудасымен, рұқсатсыз көші-қонмен және адам саудасымен ымырасыз күресті жалғастыруға әзір. Халықаралық киберқылмыстың өршуі айрықша назар аударуды талап етеді. Осыған орай Президент салалық ведомство басшылары арасында тұрақты байланыс орнатуды ұсынды.

Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Қытай халықтарының арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары қарқынына тоқталды. Мәдени орталықтардың ашылуы, креативті индустрия және туризм салаларының дамуы осы бағыттағы басты басымдықтар ретінде аталды.

– Сиань қаласынан Алматы шаһарына қатынайтын алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын құптаймыз. «Қазақстандағы Қытай туризмі жылына» орайластырылған бұл оқиға ғасырлар бойы Еуразия аумағында тауарлар мен идеялардың толассыз алмасуына дәнекер болған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Шанхай қалалары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың бірқатар өңірлері арасында бауырластық қарым-қатынас орнағанын қуаттады.

Мемлекет басшысы Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастыққа арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына қолдау білдіріп, келесі жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл қадам елдеріміздің гуманитарлық ықпалдастығын жандандырады.

Қазақстан білім беру инфрақұрылымын жасақтауға және жаңа технопарктер ашуға белсенді түрде кірісті. Осы орайда Қытайдың алпауыт технологиялық компанияларының қатысуымен бірлескен зертханалар мен инженерлер академиясын іске қосуға бейіл. Президенттің пікірінше, кәсіби мамандардың жаңа буыны өңірдің цифрлық, «жасыл», индустриялық трансформациясына түрткі болатын қозғаушы күшке айналады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу қажет деп санайды.

Президенттің пікірінше, бүгінгі Саммит елдеріміздің тату көршілік қатынасты, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты дамуға мүдделі екенін растады. Мемлекет басшысы жиын барысында айтылған ұсыныстар мәңгі достық пен стратегиялық серіктестікке берік негіз қалайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ ортақ күш-жігер жұмылдырудың нәтижесінде «Орталық Азия – Қытай» форматын институттандыру ісі табысты жүзеге асқанын атап өтті.

Екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Форум қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің Астана декларациясына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.