Мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылау жүргізеді — бұл салық есептілігін салық төлеушінің берген деректері мен басқа да ақпарат көздерінің негізінде, орнына шықпай-ақ қашықтан талдау арқылы тексеру түрі.
Осындай тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, салық төлеушіге оларды жою туралы ресми хабарлама жолданады. Хабарлама салық төлеушіге қол қойғызып жеке табысталады немесе электрондық кабинет арқылы жолданады: https://cabinet.kgd.gov.kz.
Хабарлама талаптарын орындау мерзімі – оны алған күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні.
Хабарлама алған салық төлеушінің іс-әрекеттері
Егер салық төлеуші анықталған бұзушылықтармен келіссе, ол тиісті кезеңге нақтыланған салық есептілігін тапсырып, берешек болған жағдайда қарызын төлеуге міндетті.
Егер камералдық бақылау нәтижесімен келіспесе, салық төлеуші салық органына:
– өз ұстанымын түсіндіретін түсініктеме мен растайтын құжаттарды;
немесе
– лауазымды тұлғалардың әрекетіне қатысты жоғары тұрған салық органына шағымды жолдауға құқылы.
Түсініктеме келесі мәліметтерді қамтуы тиіс: жазылған күні, салық төлеушінің атауы немесе тегі, аты-жөні, ЖСН/БСН, хабарлама нөмірі, келіспеу себептері және қоса берілетін құжаттардың тізімі.
Хабарламаны орындамағаны үшін жауапкершілік
Хабарлама талаптары белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, заңбұзушылықтар жойылғанға дейін салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылады.
Камералдық бақылау — бұл салық төлеушіге қателерді өз еркімен түзетуге мүмкіндік беретін құрал және қосымша айыппұлдар қолданылмайды. Сондықтан хабарламаларға уақытылы жауап беру және салық органдарымен байланыс орнату ұсынылады.
Камералдық бақылауға кімдер ілігеді
Камералдық бақылау тұрақты түрде жүргізіледі және барлық санаттағы салық төлеушілерді қамтиды. Оның басты мақсаты — салық есептілігінің толықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету және салық заңнамасының бұзылуына жол бермеу.
Бүгінде салық органдары кең ауқымды талдау мүмкіндіктеріне ие. Олар электронды шот-фактуралар жүйесін (ЭСФ) және тәуекелдерді басқару жүйесін белсенді қолданады.
Салық төлеушінің камералдық бақылауға ілігу ықтималдығын арттыратын негізгі белгілер:
– кіріс немесе салық жүктемесінің деңгейі салалық орташа көрсеткіштерге сәйкес келмеуі;
– қызметкерлердің болмауы немесе төмен жалақы кезінде айналымның жоғары болуы;
– бақылау-кассалық машиналар (БКМ) деректеріндегі сәйкессіздіктер;
– жалған немесе адал емес компаниялармен жасалған операциялар;
– салықтан жалтару мақсатында бизнесті жасанды түрде бөлу және «көлеңкелі» схемаларды қолдану.
Камералдық бақылауға ілігу қаупін төмендету бойынша ұсыныстар
Салық органдарының сұрақтарынан аулақ болу үшін мына ұсыныстарды сақтау қажет:
– кірістерді толық әрі шынайы көрсету;
– салық есептілігін мұқият, арифметикалық және логикалық қателіктерсіз толтыру;
– декларацияларды уақытында тапсырып, салықтарды кешіктірмей төлеу;
– қызметкерлерді ресми түрде тіркеу;
– тексерілген және сенімді серіктестермен жұмыс істеу;
– салық жүктемесін салалық орташа деңгейден төмендетпеу;
– банктік және қолма-қол операциялар кезінде мұқият болу, негізсіз аударымдардан аулақ болу.
Камералдық бақылау — бұл жазалау емес, керісінше уақтылы қателерді анықтап, түзетуге мүмкіндік беретін алдын алу тетігі. Заң талаптарын сақтай отырып, есептілікті ашық жүргізетін және белгіленген мерзімдерді орындайтын бизнес үшін бұл бақылау қауіп тудырмайды.
Жамбыл облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаменті