Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қытайлық компания Таразда қоқыс өңдейтін зауыт салуға ниетті

0 581

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қытайлық «Power China» компаниясының өкілі Ю Хаомен кездесті.

Басқосуда инвестор көне шаһар аумағында қоқыс өңдеу зауытын салу жобасымен таныстырды. Оның айтуынша, «Power China» компаниясы әлемдегі қоқыс өңдеу, құрылыс және жобалаумен айналысатын 500 компанияның арасында 105-ші орын алады екен. Бұған дейін еліміздің аумағында «Балқаш-Бурылбайтал» тасжолын, Алматы облысының Шелек ауылындағы қуаты 60 МВт болатын жел электр станциясын салып, жуырда Алматы жылу электр станциясын қайта жаңғырту жобасын іске асырыпты.

– «Power China» – қоқыс өңдеудің бірегей технологиясын жасап шығарған ірі бірлестік. Біздің зерттеулерімізге сәйкес, Тараз қаласында қоқыс өңдеу зауытын салу жобасын жүзеге асырудың болашағы жарқын. Аталған кәсіпорын шаһар аумағынан жиналатын қатты қалдықтарды өртеу арқылы 10 мегаваттқа дейін электр қуатын өндіре алады. Одан қалған күлден брикет үлгісіндегі кірпіштер жасап шығаруға болады. Айта кетер жайт, өнеркәсіп орнынан қоршаған ортаға ешқандай зиян келмейді. Өйткені ол жерден шығатын түтін 4 деңгей бойынша тазартудан өткізіледі. Тәулігіне 400 тонна тұрмыстық қалдықты өңдей алатын зауыт іске қосылған соң 60-қа жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік ашылады. Олар Қытай еліне барып, арнайы дайындық курсынан өтіп келеді, – деді «Power China» компаниясының өкілі.

Кездесу барысында өнеркәсіп ошағының құрылысын жүргізу үшін 6 гектарға жуық жер телімі қажет екені айтылды. Қала әкімдігі тарапынан аталған жағдай жасалатын болса, инвесторлар жобаға 60 миллион АҚШ долларына дейін қаражат салуға дайын екен.

Өз кезегінде Бақытжан Әмірбекұлы мұндай жобаның облыс орталығы үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Қазіргі уақытта инвесторлар тарапынан Тараз қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауытын салу бойынша бірнеше ұсыныс түсіп отыр. Біз жергілікті атқарушы орган ретінде ең тиімді шарттар ұсынған компаниямен тығыз қарым-қатынас орнатуға дайынбыз. Ол үшін құрылысқа қатысты шарттарды талқылап, мерзімін бекіту мақсатында өзара меморандумға отыру қажет. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеп, ортақ шешімге келеміз деген ойдамын, – деді шаһар басшысы.

Айта кетейік, бүгінде облыс орталығының аумағынан тәулігіне 500 тоннаға жуық қоқыс жиналады. Ал қала сыртындағы полигонда 800 мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдық жиналған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.