Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік қызмет – мінсіз міндет

0 728

Руслан Шарипов,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

Адамзат қоғамы мен қарым-қатынасының дамуында ерте заманнан мемлекеттің алғашқы белгілері пайда бола бастады. Осыған сәйкес, қоғамды басқару аппараты да іске қосылды. Бұл аппарат кейіннен мемлекеттік басқарудың тұтас бір институтына айналды.

Мемлекеттік басқару мәселелері бойынша шетел әдебиеттерінде «азаматтық қызмет», «қоғамдық қызмет», «үкіметтік қызмет» терминдері кеңінен қолданылатынын атап өткен жөн. Көбіне бұл ұғымдар синонимдер ретінде пайдаланылып, тұтастай алғанда, кәсіби мемлекеттік қызметшілер деген ұғымды білдіреді. Дүние жүзіндегі елдердің басым көпшілігінде азаматтық (қоғамдық) қызметте лауазымынан босатуға болмайтын тұрақты кәсіби мемлекеттік қызметшілер жұмыс істейді, ал үкіметтік қызметте жүйелі түрде ауыстырылуы тиіс жоғары мемлекеттік шенеуніктер жұмыс істейді. Әдетте шенеуніктер саяси қызметі үшін мемлекеттік лауазымдарға тағайындалады және олардың қызмет ету мерзімі олар қолдайтын партия басшысының Үкімет басында болған уақытына байланысты. Осылайша мемлекеттік қызмет жүйесіне саяси шенеуніктер, кәсіби мемлекеттік қызметшілер, тіпті кейде мемлекеттік органдардың қызметкерлері де кіреді. Әрбір елдің дәстүрлері мен заңдары әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін айқындаған мемлекеттік қызметтің жұмыс істеуінің ерекше тәртібін қарастырады.
Жоғарыда аталған кәсіби шенеунік институты Франция мен Германияда пайда болды. Өйткені дәл осы елдерде Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық жүйесі кіретін континенттік құқық жүйесінің негізгі элементтері қалыптасты. Осы құқық жүйесіне сәйкес мемлекеттік қызмет модельдері құрылды және оларға орталықтандыру, қатаң иерархия, біріздендіру, нормативтік реттеу жатқызылды.
Посткеңестік кеңістіктегі көптеген мемлекетте, соның ішінде Қазақстан Республикасында әкімшілік реформа дамудың жаңа кезеңіне өтуде. Мәселен, негізгі шаралар мемлекеттік басқару процестерін жетілдіруге және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жақсартуға, кәсібилік деңгейін, мемлекеттік аппарат қызметінің нәтижелілігін арттыруға бағытталады.
Қазақстанның саяси жүйесін қайта құрудың, оның ішінде мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметті реформалау жолдарын белсенді іздеудің нәтижесі 1993 жылы 28 қаңтарда егемен Қазақстанның бірінші Конституциясының қабылдануы болды. Ол тәуелсіз мемлекет ретінде Республиканың мемлекеттік қызметін қалыптастыруда екінші кезеңнің бастауы болды.
1993 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабында азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізуге құқығы тең болып бекітілді. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар тек лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты болды. Бұл ереженің тарихи маңыздылығы осы құқықты заңнамалық тұрғыдан бекіту болды. Мұндай құқық КСРО-ның негізгі заңында айтылмаған, сонымен қатар жеке заңда құқықтық регламенттелмеген. Тұтастай алғанда, Кеңес Одағында мемлекеттік қызмет туралы бірыңғай одақтық заң болмады.
1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Осы сәттен бастап Қазақстанда мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы дамытудың келесі негізгі кезеңі басталды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 33-бабы 4-тармағымен республика азаматтарының мемлекеттік қызметке қолжетімділікке тең құқығы жарияланды. Сондай-ақ «мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар тек лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты болады және заңмен белгіленеді» деп көрсетілді.
Конституцияның осы ережелерін іске асыру үшін келесі қадам 1995 жылғы 26 желтоқсанда заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік қызмет туралы» №2730 Жарлығы шығып, Қазақстанда мемлекеттік қызметті институттандыру процесі басталды. Онда оның негізгі принциптері айқындалды. Олардың ішінде азаматтар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің мемлекет мүдделерінен басымдығы жалпыға қолжетімділігі атап өтілді.
1999 жылғы 23 шілдедегі «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және оның негізінде шығарылған Заңға тәуелді нормативтік актілердің қабылдануымен отандық мемлекеттік қызметті дамытудың мүлдем жаңа кезеңі белгіленді.
Халықаралық тәжірибені талдау демократиялық мемлекеттердегі мемлекеттік қызметтің негізі меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке еңбегіне негізделген, мемлекеттік қызметте адам ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған жүйе екенін көрсетті.
Меритократия қағидаты жаңа заңның негізін қалаған мынадай элементтерді қамтыды: 1) мемлекеттік қызметке кіру және жоғарылату кезінде міндетті конкурстық іріктеу; 2) мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы; 3) балама жұмыстарды орындағаны үшін тең еңбекақы; 4) қызметінде тиімді нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу; нәтижелері толық қанағаттанарлық емес тұлғалардың қызметін түзету және жұмыс нәтижелері қанағаттанарлықсыз қызметкерлерді жұмыстан шығару; 5) мемлекеттiк қызметшiлердiң өз қызметiнiң нәтижелерiн жақсарту мақсатында оларды тұрақты оқыту.
Мемлекеттік қызмет институтын дамыту және одан әрі жетілдіру нәтижелерін бекіту мақсатында 2011 жылы Қазақстан Республикасында Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын бекіту болды, бұл шет мемлекеттерде Мемлекеттік қызмет модельдерін қалыптастырудың табысты тәжірибесін ескере отырып, отандық мемлекеттік қызмет институтын дамытуда қағидатты жаңа тетіктерді енгізу жөніндегі мемлекеттік билік органдарының, ғылыми қызметкерлердің, мамандардың ұзақ жұмысының қорытындысы болды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделінің тұжырымдамасын табысты іске асырудың нәтижесі мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген өзекті қажеттіліктеріне сәйкес келетін мемлекеттік қызметтердің нәтижесі мен сапалы көрсетілуіне бағдарланған кәсіби мемлекеттік қызмет болды.
Бұл ретте мемлекеттік қызметтің қолданыстағы заңнамалық базасы да жетілдірілді. Мәселен, 2015 жылғы 23 қарашада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға қол қойды, ол 2016 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді. Мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жаһандық жаңғырту жүргізілді. Мансаптық ілгерілеу, тұтастай алғанда, құзыреттілік тәсіл негізінде жүзеге асырыла бастады.
Адам қызметінің кез келген саласы (немесе кәсібі) өзінің кәсіби немесе есте қаларлық күніне (мерекесіне) ие.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2003 жылғы 7 наурыздағы 57/277 қарарында 23 маусымды «Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет күні» деп жариялауға шешім қабылдады.
Аталған құжатқа мүше мемлекеттерді осы күні мемлекеттік қызметтің қоғам өмірі мен оның даму процесіне қосқан үлесі үшін мәнін жария ету үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастыруға, мемлекеттік қызметшілерді марапаттауға, сондай-ақ жастардың өмірлік мүдделерін мемлекеттік қызметшінің мансабы туралы шешімдер қабылдау бағытында бағдарлауға шақыру қамтылған.
Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін Үкімет саяси реформаларды, институционалдық үйлестіруді, инклюзивті шешім қабылдау процесін, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиімді, жауапты, әмбебап және есеп беретін жүйелерін ілгерілету үшін инновациялық және интеграцияланған тәсілдерді қолдануы керек.
Осылайша Қазақстан Республикасында тиімді мемлекеттік аппараттың қалыптасуы біздің еліміздегі демократиялық, құқықтық, азаматтық қоғамның эволюциясына қарай одан әрі жетілдіріліп, өзгеретін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.