Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қырағы қызметтегі қаракөздер

0 584

Қоғам тыныштығын күзетіп, тәртіпке шақыру, қылмыстың алдын алып, ел іргесін берік ұстау оңай шаруа емес. Қыз-қыз қайнаған тіршілікті қаз-қалпында сақтап, қоғамды ың-шыңсыз бақылауда ұстап, тәртіптің жанашыры, жақсылықтың жаршысы болуға тырысқан тәртіп сақшыларының еңбегі орасан. Осындай қызығынан қиындығы басым, шым-шытырман, әр күні алашапқын, әр сәті алақұйын қызметтің тұтқасын ұстау өжеттік пен қайсарлықты, ержүректікті талап етеді. Бұл салада қызмет еткендердің бәріне қойылар талап пен тәртіп бірдей болғанмен, күн-түн демей ел тыныштығы үшін басын қатерге тігіп, сеніміне селкеу түсірместен осы салада қалтқысыз қызмет атқарып жүрген нәзік жандылар жайлы не білеміз?

Ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып, өмірлік тәжірибесінде талай қиындықты көре жүріп, жетістікке жетіп, халықтың қорғаны болуға тырысып, талапқа сай жауапкершілікпен қызмет атқарып жүрген арулардың еңбегі қашан да бағалы, бөлек.
Нормаланбаған жұмыс күні, кезекшілік, рейдтік іс шара – бұл әйел-полицейлер тап болатын қиындықтардың бір парасы ғана. Ішкі істер органдарында қызмет ету – мінез мықтылығымен өлшенетін жұмыс. Бұл қызмет жан дүниесі нәзік бола тұра, сыртқы қайсарлығы мен батылдығын сол нәзік болмысымен үйлестіре білетін асау толқынды рухтың өршілдігімен бағаланса керек.

Антына адал Әсем

2008 жылдың сәуір айында Тараз қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығы құрылған болатын. Оны бүгінде полиция подполковнигі Әсем Мұхамеджанова басқарады.

Жас қыз университет бітіргеннен кейін 2001 жылдың қыркүйегінде Жамбыл облысы ІІБ ПБ-2 криминалдық ақпарат тобының инспекторы болып қызметке тұрады. Қазір бұл қызмет ақпараттандыру және байланыс басқармасы болып қайта құрылған.
2012 жылы қараша айында ол Жамбыл облысы ІІД жедел басқару орталығына кезекші-инспектор (навигатор) лауазымына ауыстырылды. 2013 жылғы желтоқсанда Тараз қаласы Ішкі істер басқармасы жедел басқару орталығы күштер мен құралдарды басқару тобының аға кезекші инспекторы, ал 2019 жылғы қаңтарда бастығы болып тағайындалды. Бұл орталық жедел жағдайдың жай-күйін бақылауға, қылмыстардың алдын алу мен ашудағы ішкі істер органдарының қызметтері мен бөлімшелерінің іс-қимылын үйлестіруге арналған. Орталық қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында полиция қызметкерлері азаматтардың құқық бұзушылықтар мен қылмыстар, табиғи апаттар және басқа да төтенше жағдайлар туралы кез келген хабарламаларына жедел әрекет етеді. Орталық функцияларының бірі жасалатын барлық құқық бұзушылықтарды, оның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде анықтау және тіркеу болып табылады. Бұл олардың жолын кесуге және қылмыстарды ашуға тиісті шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді. Жедел басқару орталығының басты ерекшелігі – жедел әрекет ету және полицияның кешенді күштерін басқару үшін полиция департаментінің барлық қызметтерін өзара үйлестіру болып табылады.
– Үлкен жұмыс жүктемесіне қарамастан, әрбір бос минутымды отбасыма арнауға тырысамын. 16 жасар қызым мен 14 жасар ұлымды тәрбиелеп отырған анамын. Үйде қызметтегі әйел емес, балаларымның сүйікті анасы, отағасының адал жары болып, үй шаруасында барынша қарапайыммын. Ас пісіруді, әсіресе корей тағамдарын дайындағанды ұнатамын. Біз үшін ең ғажап демалыс ол табиғат аясына шыққан сапарымыз. Туған жердің төсінде, өлкеміздің сұлулығына тамсанып, таза ауада серуендегенге не жетсін?! Бала күнімде жазғы демалысымды Мақпал шатқалындағы туыстарыммен өткізетінмін. Олар жылқы өсірумен айналысқандықтан сәйгүлікке деген сүйіспеншілігім оянып, атқа мінуді жақсы меңгергенмін. Сондықтан болар жылқы көрсем, шаба жөнелгім келіп тұрады. Бұл да жылқы тектес қазақи мінезімнің бір көрінісі деп білемін – дейді Әсем Біржанқызы.

Өзі де, ісі де Мөлдір

Алишер және Мөлдір Қалышевтер өз бақыттарын осы саладан тапқан. Алишер Мөлдір есімді қаракөзбен 2014 жылы жұмыс барысында танысқан. Екі жас ішкі істер органында қызмет етіп жүріп, махаббат бесігінде тербеліп, 2015 жылы отау құрған. 2012 жылы патрульдік полиция батальонынан Тараз қалалық ювенальды полиция бөліміне ауысып келген Алишер бүгінде осы бөлімнің бастығы.

– Күз айында таныстық. Бір-бірімізді күнде жұмыста көреміз. Бастапқыда қатты мән бермедім. Кейін жұмыс барысында араласып, өзіме қатты ұнап қалды. Мөлдірдің жақсы адам екенін бірдең аңғардым. Алғашқы уақытта жеті рет киноға шақырғаным есімде. Бірақ Мөлдір барлық шақыртуымнан бас тартты. Алайда мен оған деген ілтипатымды білдіріп жүріп, ақыры жүрегін жаулап алдым. Мөлдір ұсынысымды қабыл алудан бұрын, анасымен ақылдасып, сол кісінің рұқсатымен киноға келгенін айтты, – дейді полиция капитаны.
Бүгінде ұл тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы үйде де, жұмыста да жұптары жазылмай бірге жүр. Қызығушылығы, қызметі мен тағдыры бір арнада тоғысқан жұп, бірге жұмыс жасаудың пайдасын көрмесе, зияны тимейтінін айтады.
– Алишерді жұмыстан жиі көргеннен жалықпаймын. Әр ай сайын басшылыққа есеп береміз. Сол уақытта үлгермей жатсақ, басқаларға білдірмей бір-бірімізге көмектесіп те жібереміз. Бос уақыттарда бірге серуендеп, еңбек демалысына да бір уақытты таңдап аламыз. Жұмыс барысында уақытылы кесте жоқ. Біздің қызмет зор жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан жұмыстағы бұйрықты кез келген уақытта орындап, отағасының да көңілінен шығып, үй шаруасын дөңгелетіп отыруды өзіме міндет санаймын – дейді Мөлдір.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.