Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қырағы құтқарушылар маусымға дайын

0 214

Әлем елдерін әбігерге түсірген коронавирус пандемиясымен күрес жұмыстары әлі де жүргізіліп жатқаны белгілі. Төтенше жағдай режимінен кейін елдің саулығы үшін атқарылатын жұмыстарды әр облыс өз құзырына алды. Нәтижесінде облыс орталығында да сақтық шараларын барынша қатаң сақтау мәселесі жолға қойылған-ды. Бірақ суға шомылу маусымы басталғалы қала тұрғындары жұқпалы індеттің барын ұмытқанға ұқсайды. Бұған қала аумағындағы «Зербұлақ» демалыс орнына барып, шомылу маусымындағы құтқарушылардың жұмысымен танысқанда көз жеткіздік.

Сәндібек Піренов, суреттерді түсірген Кирилл БЕРДЕЦКИЙ

Маусым айы басталмай жатып-ақ жасанды көлге 80-90 метр тереңдіктен арнайы қондырғы арқылы су жіберілген. Биыл жаз мезгілінің алғашқы күндері шіліңгір шілденің ыстығынан кем түспегені рас. Содан болар, маусымның алғашқы онкүндігінен кейін-ақ суға шомылушылардың қатары артқан. Демалыс орнындағы жағдайға келер болсақ, мұнда жылдағыдай шомылуға тыйым салынған аумақтарға ескерту белгілері қойылған. Құтқарушылар көлдің жағасында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін күзетте тұрады. Ондағы жағдайды көрген сәттен-ақ екіұдай ойда қалдырған жайттың жай-жапсарын «Зербұлақ» көліндегі құтқарушылар бекетіне барғанда білуге тырыстық. Бекетте облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Бақыт Искаков болып, орайы келгенде, жазғы демалысқа алаңсыз шыққан тұрғындардың жайы туралы сұрадық.

– Елдегі жағдайға байланысты қала аумағындағы бассейндер әлі ашылмады. Сондықтан болар, аптап ыстықта көлге келетіндердің қатары азаймай тұр. Бір өкініштісі, біз демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ел саулығы үшін сақтық шараларын сақтау керектігін айтып қана шектелеміз. Егер облыстық штабтан тиісті шаралар қабылданып, демалыс орнына блок-бекет қойылса, осы мәселені тиімді шешудің жолын қарастыруға болар еді. Осыған дейін бірнеше рет санитарлық дәрігердің қаулысын тұрғындарға көрсетіп те көрдік. Бірақ оны ескеріп жатқан ешкім жоқ, – дейді Бақыт Бақтыбайұлы.

Суға шомылу маусымы басталғаннан кейін-ақ үйреншікті тірлігіне бел сыбана кіріскен құтқарушылардың жұмысы күшейтілгенін жұқпалы індеттің алдын алу үшін атқарылған шаралар деуге келмейді. Себебі мамандардың міндеті – суда келеңсіз жағдайға тап болған адам жанын арашалап қалу.

Осыдан кейін «Зербұлақ» демалыс орнына келгендегі мақсатымыз бойынша құтқарушылардың суға шомылу маусымына дайындығын бақыладық. Мұнда құтқарушылар рация арқылы көлдегі жағдайды назарда ұстаса, кез келген тосын жайға дайын тұрған сүңгуірлер де құралдарын реттеп жүр. Қазіргі таңда облыс бойынша 60-тан астам құтқарушы бар. Олардың ішінде Жаңатас қаласындағы бекетте, оған қосымша Талас өзені мен Қаратау қаласында бақылау жұмыстарын жүргізетін мобильдік топ бар. Басқасын айтпағанда, дәл осы «Зербұлақ» демалыс орнында құтқару жұмыстарына қажетті құралдар жеткілікті, жағдай да тұрақты. Құрамында 12 құтқарушы болса, оның алтауы көлде кезекшілік етеді, ал қалғандары апатты жағдайларда полицейлер мен дәрігерлердің күші жетпеген жұмыстарды атқаруға жөнелтіледі. Құтқарушылардың айтуынша, олар қала аумағында көбіне көлік қақтығысы орын алған орындарға жиі барады. Себебі ауыр қақтығыс салдарынан көлік ішінен жарақаттанған адамды алып шығудың өзі оңай шаруа емес. Мұндағы әр құтқарушы жыл сайын оқу-жаттығу жиындарында жас ерекшеліктеріне сай бекітілген нормативтерді орындап отырады. Ол нормативте елу жасқа дейінгі азаматтарға ғана сынақтар бекітілген. Біздің он ойлансақ та түсіне алмағанымыз: сала мамандары зейнет жасына 63 жасында шықса, олардың өздеріне бір-бірден құтқарушы керек болмай ма деген сұрақтың төңірегінде болды. Оның үстіне құтқарушылардың шамамен 70 пайызы ересектер. Ал қазіргі жастардың дәл осы мамандыққа қызығушылығы төмендеп барады. Соған қарағанда, қауіпсіздікті күзететіндердің жалақыларын жастар азсынатын сыңайлы. Тек бала кезінен құтқарушы болуды армандап, елдің қауіпсіздігі үшін барын салып жүргендер ғана өз таңдауына өкінбейді. Бірақ бұл өзекті мәселенің оңтайлы шешімі деп айта алмаймыз.

Қырағы құтқарушы Дархан
Құтқарушылардың жасына шектеу қойылмағаны өкінішті, әрине. Дейтұрғанмен қазірдің өзінде жұмысына жауапкершілікпен қарап, жаттығудан қол үзбей жүрген мамандар бар. Мәселен, осы уақытқа дейін 100-ге жуық адамды құтқарған Дархан Қуанышханұлы «Зербұлақ» демалыс орнын және құтқару жұмыстары кезінде қабылданатын жедел шараларды бес саусағындай біледі.

– Құтқарушы мамандардың әрқайсысы өз ісін жақсы біледі. Мәселен, оқу-жаттығуда олар тереңдігі 3 метрден аспайтын судан адамды еркін шығара алады. Ал Зербұлақтың шомылуға арналған бөлігінің ұзындығы 500 метр болса, көлдің тереңдігі – 6 метр. Мұндай кезде сүңгуірлер жұмысқа кіріседі. Бізде су астында демалуға арналған 22 аппарат бар. Барлық жағдай байланыс рациясы арқылы бақылауда болған соң, мамандар жедел шешім қабылдайды. Бастысы, абдырап қалмау керек. Қосымша күш ретінде моторлы қайықты да пайдалануды естен шығармаған жөн. Әрине, құтқарушылар күн сайын оқыс оқиғаларға тап бола бермейді. Бірақ еш уақытта босаңсуға болмайды. Мұнда демалушыларға жағдай жасалған. Көлдің жағасына құм төселген, балалардың қауіпсіздігі үшін қойылған қоршау да бар. Тазалық жұмыстарын «Жасыл Ел-Тараз» жасағы жүргізеді, – дейді ол.
Мамандарға оқыс оқиғаның барысын суретке түсіріп, есеп беріп отыру міндеті де жүктелген екен. Бұл ақылға қонымсыздау көрінгенімен, талап сондай. Әрине, кез келген мәселенің шешімі болатынын ескерсек, мамандар арнайы қорғаныш бас киімге орнатылатын су астында суретке түсіруге арналған камералармен қамтылған. Құтқарушылардың айтуынша, бағасы қалта көтермейтін құралды алып жүруге көбісінің батылы бара бермейді. Оқыс оқиға орын алғанда құралды тағынып іздестіру жұмыстарын жүргізу де қиын әрі жедел шақырту кезінде камераларды реттеуге уақыт тапшы болады. Мұндайда адам өмірінің құны өлшенбейтінін естен шығармауың керек.

Жыл сайын шомылуға тыйым салынған өзен-көлдерге белгілер қойылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Десе де, атқарылған профилактикалық жұмыстарға қарамастан, 2019 жылы облыстағы су айдындарында оқыс оқиғадан 25 адам қаза тапқан. Оның 13-і – ата-аналарының қадағалауынсыз қалған балалар. Қайғылы жағдайлар құтқару бекеттері құрылмаған және шомылуға тыйым салу белгілері орнатылмаған су айдындарында көптеп тіркелген. Өткен жылы орын алған қайғылы оқиғалардың салдарына мән берсек, ескертуді ескермей, ажал құшқандардың тізімін көреміз. Сол үшін де тұрғындар демалуға шықпас бұрын ол орында қауіпсіздік шараларының қолға алынғанын анықтап алғаны ләзім. Ал жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында аймақ тұрғындары үшін суға шомылуға нақты шектеу қойыла ма әлде жоқ па, бұл алдағы уақыттың еншісінде. Бастысы, құтқарушылар тобы жылдағы үйреншікті жұмыстарына қызу кіріскен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.