Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зорлық-зомбылықты тоқтатыңыз!

0 170

Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші 25 пайызға артып отыр. Бұрын-соңды болмаған көрсеткішке сала мамандары да дабыл қағуда.

Осыған орай, Тараз қаласы мен облыс аудандарының учаскелік полиция инспекторлары, Жамбыл облысы полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі, облыстық дағдарыс орталығының мамандары мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті психологтарының қатысуымен вебинар өтті. «Zoom» қосымшасы арқылы өткен вебинардың спикерлері ОЮЛ дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зульфия Байсакова және сол орталықтың психологы Салтанат Маусейітова тақырыпты жан-жақты ашты. Іс-шара «Отбасын қолдау мектебі» жобасы аясында ұйымдастырылды. Вебинар барысында қоғамды толғандыратын мәселелер көтеріліп қана қоймай, заңнамалық деңгейде түзетулер енгізу туралы нақты ұсыныстар мен пікірлер айтылды.

«Отбасын қолдау мектебі» жобасының мақсаты – қазіргі қоғамның, ана мен әкенің оң имиджін құру арқылы отбасылық өмірдің сапасын жақсарту, отбасы институтын нығайту. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қазіргі таңда бұрынғыдан да өзекті болып отыр.

Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұрыннан бар мәселе. Ал карантин кезінде адамдар төрт қабырғаға қамалып, жұмыссыз қалған әке жарына қол көтерсе, оған араша түскен бала да опық жеп отыр. Біз адамдардың үйде оқшаулануы коронавирусты жеңу үшін қажет екенін білеміз. Алайда тұрмыстың тауқыметіне шыдамаған отбасының шаңырағы ортасына түсуде. Соңғы уақытта экономикалық және әлеуметтік қысым мен қорқыныштың үдеуіне байланысты отбасындағы зорлық-зомбылықтың жаһан бойынша бұрқ еткенін байқап отырмыз. Вебинар барысында бұл тақырып аясында кеңінен қозғалды.

– Карантин кезінде үйде отырған адамдар ашуға бой алдырып, эмоциясын қайда көрсететінін білмейді. Сол себепті жанұяда осындай кикілжің туады. Бұрындары отбасында ұрыс-керіс болған жағдайда әйелі өз үйіне кетіп қалатын, ал қазіргі жағдайда үйден шыға алмайды, оның үстіне күйеулері телефонын тексеріп, аңдитындар да бар. Бұл әйелдің жеке басына қол сұғушылық, – деді Зульфия Байсакова.

Онлайн форматта өткен жиында әр сала маманы өз ойларын ортаға салып, әр спикерге қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берілді.

Әсем Жолымбет,
ТарМУ-дың 1-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.