Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қыдыруға кетіп, қылмыскер болып шықпасын…

0 2  381

Есірткімен күрес – қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі. Елімізде есірткі саудасымен айналысатындардың, наша тұтынатындардың жолына тосқауыл болу үшін барлық тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Ендігі ретте құзырлы органдар синтетикалық есірткіні интернетте жарнамалаушыларға қарсы күресті қолға алды. Өйткені соңғы уақытта көптеген қалаларда, соның ішінде Таразда да қауіпті синтетикалық есірткіні жарнамалау белең алған.

Жалпы синтетикалық есірткі – бүкіл әлемнің мазасын қашырып отырған ауыр дерт. Бұл кеселдің адам психологиясына санаулы секундта өте қатты әсер ететінін неврология ғылымы баяғыда-ақ дәлелдеп берген. Полиция есірткінің бұл түрімен күресудің қиындығын айтып, синтетика саудасының белең алып бара жатқанын ескертіп, дабыл қағуда. Ал сарапшылар әлем бойынша аптасына синтетикалық есірткінің 10 жаңа түрі шығарылатынын алға тартып, жасырын зертханалардың «көркін қыздырып» жүрген психикалық белсенді заттардың таралу жолдарын іздеп бас қатыруда.
Елімізде «синтетикалық есірткі» дейтін ұғым осыдан он шақты жыл бұрын пайда болды. Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» келді, уақыт өте түтіні жоқ темекі – «снюс» саудаға шыға бастады, кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тез жаулап алды. Ең сорақысы – бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатыр.
У саудалап, ұртын майлағандардың ұрымтал тұсын тауып, заң алдында жауапқа тарту да оңайға соғып тұрған жоқ. Синтетикалық есірткімен күресу құзырлы органдар үшін қаншалықты қиын болса, химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты оңай болып барады. Буыны бекіп үлгермеген жеткіншектердің дені бұл дерттің торына онлайн арқылы ілігіп жүр. Себебі синтетикалық есірткілер, негізінен, интернет арқылы сатылады. Ал елімізде кез келген азамат үшін интернет дүкендер қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни сатып алушы мен саудагер бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді. Тауар онлайн таңдалып алынады, төлем де онлайн жасалады. Кейіннен сатып алушы мен саудагер түрлі мессенджерлер арқылы байланысқа шығып, тауарды қай жерден, қай уақытта алып кете алатындығы жөнінде нұсқаулықтармен алмасады. Осылайша барлық іс белгісіз арақашықтықта жасалады.
Ең қауіптісі, сымсыз байланыстың арғы жағынан бұйрық беріп отырғандар өздерінің арамза пиғылдарын кәмелетке толмаған, бесіктен белі шықпаған жеткіншектердің қолымен жүргізіп отыр. Өйткені есірткі саудасын жүргізіп отырғандар мұндай «жұмысты» оңай ақша табу жолы ретінде ұсынады. Өз кезегінде қаланың қызығына батып, қатарластарының алдында қалталы көрініп, арзан абырой жинағысы келетін желөкпелер мұндай іске қуана-қуана кірісіп кетеді. Осылайша олар есірткі тасымалдаушы немесе өз араларында аталатын «закладчик» болып шыға келеді.
Осы ретте қазіргі есірткі сатушылардың жұмысына егжей-тегжейлі тоқтала кетсек. «Аталған салада жүргендер» арасында тыйым салынған заттың бір рет тұтынуға келетін мөлшері «доза» деп аталады. Сол дозаны өткізу үшін алыпсатарлар қазір елімізде қолданыста бар кез келген әлеуметтік желіні пайдаланады. Мұнда олар өздерін қадағалау мүмкін емес деп ойлайды. Содан, жоғарыда аталған алыпсатар өз тұтынушысымен келісіп, тапсырысын қабылдайды. Синтетикалық есірткі дайындалып болғаннан кейін, «курьер» оны тиісті қалаға алып келеді. Ол бұл қызметі үшін тиісті сыйақысын алады. Қажетті жеріне келген соң, оны бір жерге көміп кетеді. Ол көмген жерге «гранатчик» келіп, тауарды алып, белгілі граммдармен өлшеп, тауарды бөледі. Бұл «қызметіне» ол да өз жалақысын алады. Осыдан кейін ол да басқа жерге тығып кетіп, «закладчикке» мекенжайды фотоға түсіріп жібереді. «Закладчик» дозаларға бөлінген «тауарды» белгіленген жерінен алып кетіп, «администраторы» айтқан жерге тығып кетеді. Ол да бұл «жұмысы» үшін өз тиісті жалақысын алады.
«Закладчиктер» – есірткі нарығының қара жұмысшылары, көбінесе ұсталып, сотталатындар да осылар. Өйткені олар тапсырыстарды бірнеше мекенжайға жеткіземін деп жүріп, көзге түсіп қалады. Осыған орай, Тараз қаласы полиция басқармасы ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын қадағалауға шақырып, оларды есірткі тасымалдаушылар ретінде жалдау қаупі туралы ескертеді.
Жыл басынан бері полицейлер соңы өлімге апаратын қоспаларды сататын 201 сайтты анықтаған. Тәртіп сақшыларының айтуы бойынша, алыпсатарлар жұмысшы ретінде тез және оңай ақша тапқысы келетін жастарды таңдайды. Мұндай жұмысты жасауға жайсыз отбасылардан шыққан балалармен қатар, толық отбасының балалары да келіседі.
– Соңғылар үшін бұл ойынның немесе уақыт өткізудің бір түрі саналады екен. Ал іс жүзінде барлығы ұзақ мерзімді түрмемен аяқталады. 5 айда тәртіп сақшылары 12 есірткі қойып кетушіні ұстады. Олардан 1 килограмм 625 грамм синтетика тәркіленді. Ауқымын түсіну үшін айта кетейін, бұл – шамамен 4 500 бірреттік доза, – дейді ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларының күмәнді немесе күрт өзгерген мінез-құлқына уақытында назар аударуға кеңес беріп отыр. Ол белгілердің бірі – балаңыз кешкі уақытта серуендегенді жөн санайтын болады. Сондықтан тәртіп сақшылары баланың қыдыруға кетіп, қылмыскер болып шықпауы үшін оларды ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін айтады.
– Әдетте синтетика қоюшылар күніне қаланың әр түкпірінде 15-20 жасырын орын қалдырады. Есірткілерді қалдырудың ең көп таралған орындары – тұрғын үйлердің кіреберістері, орындықтар, электр қалқандары, ойын алаңдары мен гүлзарлар. Бұл орындардағы фотосуреттер «жұмыс берушіге» жіберу үшін есірткі қоюшылардың телефонында болу керек. Сондықтан балаңыздың телефонындағы сақталған суреттерге мейлінше назар аудару қажет.
Сонымен қатар есірткіні межеленген орынға қалдыру үшін оны бекіткіші бар пакеттер мен скотч арқылы жапсырып кетеді. Сондай-ақ оларды өнімді кез келген металл құрылымына қалдыра алу үшін магниттер қолданады. Аталған заттардың баланың заттарының арасынан табылуы да оның жай серуенге кетпегенінің белгісі болуы мүмкін, – дейді Ә.Бажықбаев.
Бұдан бөлек, баламен кенеттен пайда болған ақша мен қымбат заттар және криптовалюта тақырыбында сөйлескеніңіз абзал. Есірткі таратушылар төлемді көбінесе криптовалютада алады. Егер ол ақшаның қалай пайда болғанын айтуды қаламаса немесе түсіндіре алмайтын болса, онда бұл жайтқа назар аудару қажет.
Сондай-ақ есірткі қоюшыларды жасырын қорқынышы білдіріп тұрады. Олар өздерін әдеттегідей емес, тым асығыс немесе керісінше күмәнді баяу ұстайды. Өздерінің хоббиіне деген қызығушылықтарын жоғалтады, көбінесе агрессивтілік танытады. Сондықтан полицейлер ата-аналардан балаларының мінез-құлқындағы өзгерістерді мұқият бақылауды сұрайтынын айтады.
Ең өкініштісі, жеңіл ақшаның соңында жүріп қолға түскен жеткіншектер заң алдында ересек адамдармен бірдей жауап береді. Полиция қызметкерлерінің берген дерегіне сүйенсек, олар түрлі жағдайларды ескере отырып, орташа есеппен 7,5 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.
– Есірткі таратушыларды жалдаған кезде оларды бірден өз арбауларына түсіреді. Оларға: «Егер полиция қызметкерлеріне ұсталып қалсаңдар, еш уайымдамаңдар. Сендер кәмелетке толмағансыңдар. Сол себепті сендерді қамауға алуға ешқандай құқықтары жоқ», – деген сынды жалған сөздерімен өздеріне сендіріп, «жұмыстарын» еш үрейсіз жүргізуге үйретеді. Өткен жылдың ішінде еліміз бойынша осы «қызметпен» айналысқан ондаған жасөспірім қолға түсті. Олардың ең кішісінің жасы – 14-те. Ал биыл жыл басынан бері есірткі жасырумен айналысқан 20 оқушы ұсталды. Оның жетеуі сотталды, – дейді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.

Түйін

Жоғарыда айтқанымыздай, синтетикалық есірткі – жер-жаһанды жайлаған елдердің жаппай проблемасына айналған жайт. Ал оларды интернет арқылы тарату – бұл қылмысты кәсіп қылғандардың мойнына қылбұрау салуға кедергі келтіріп отыр. Ең сұмдығы сол, арам ақшаға алданған жеткіншектер солардың қолшоқпарына айналып, қызыққұмарлықпен кіріскен ісі үшін темір торға тоғытылып жатыр. Сол себепті әрбір ересек айналасындағы жетіліп келе жатқан жасөспірімнің қылығы мен іс-әрекетіне бақылау жасап, оны теріс жолға түсіп кетуінен қорғай жүргеніміз абзал. Баланы болашағы деп білген халық үшін оны сақтап қалудың ең тиімді жолы осы болса керек.

Мерей Сарманова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.