Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баланы таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын

0 692

Барлығымыздың өкінішімізге қарай, кәмелет жасына толмай жатып қылмыс жасайтын жасөспірімдер азаймай отыр. Олар өмірге деген көзқарасы қалыптасып үлгермей тұрып, өз болашағына балта шабуда.

Жалпы құқық бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп, ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады. Осыдан келіп бала тәрбиесінің әлсіреуі қоғамның ең басты бас ауруына айналып отыр.
Ендігі сұрақ – аталған мәселенің қоғамдық сипат алуына кім кінәлі? Бұл тұрғыдан келгенде біріміз мектепті, біріміз құқық қорғау органдарын, енді біріміз, жоғарыда атап өткеніміздей, отбасындағы жағдайды айыптап жатамыз. Шындығын айтар болсақ, бұл мәселеге бүкіл қоғам жауаптымыз және онымен қоғам болып күреспесек, қалған істің бәрі бос. Сондықтан «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» деп мәселені қолға алуды бір-бірімізге итермелемегеніміз маңызды. Бүгінгі бала ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын азамат екенін ескерсек, олардың тәрбиесін талбесіктен бастап, кешенді шараларды қолға алғанымыз жөн.
Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», – деген болатын.
Осыған орай, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары қабылданды.
Жалпы еліміз егемендік алған сәттен бастап осы мәселеге ерекше екпін түсіріп келеді. Себебі бүгінгі бала ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын атпал азаматқа айналады. Сондықтан олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесі бәрінен маңызды болуы заңдылық. Осыған орай, Тараз қаласының аумағында кәмелетке толмағандар және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың, оның ішінде олардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың, өзіне-өзі қол жұмсаудың алдың алу мәселелері бойынша кешенді шаралар қолға алынған.
Тараз қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Айбек Асабаевтың айтуы бойынша, жеткіншектер арасындағы қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытын дұрыс ұйымдастыру.
– Патриоттық тәрбие мәселелерімен барлық мемлекеттік органдар, оның ішінде полиция органдары айналысатыны белгілі. Айта кетейік, полицияның негізгі қызметі жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу шараларымен шектелмейді. Бүгінгі таңда ішкі істер органдары қызметкерлерінің бірінші мақсаты – өскелең ұрпаққа құқықтық, патриоттық тәрбие беру деңгейін көтеру және оны дұрыс жолға бағыттау. Осы мақсатта ағымдағы жылдың өткен кезеңінде 36 спорттық сайыс және түрлі профилактикалық тақырыптарда 1 500 дәріс пен сұхбаттар өткізілді. Оның ішінде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша – 951, салауатты өмір салты бойынша – 617, діни экстремизм мен сепаратизмнің алдын алу бойынша – 82, түрлі профилактикалық тақырыптарда 45 дөңгелек үстел және 29 акция өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында барлығы 287 сөз сөйлеу ұйымдастырылды, – дейді бөлімше бастығы.
Алайда осы атқарылған кең көлемді іс-шараларға қарамастан, ішкі істер органдарына түрлі құқық бұзушылық жасаған 1 771 кәмелетке толмаған жеткіншек жеткізілген. Олардың ішінде спирттік ішімдіктерді пайдаланғаны, ұсақ бұзақылық жасаған және түнгі уақытта қараусыз жүргендер бар. Нәтижесінде, Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығына 122 жасөспірім орналастырылған. Осылайша қазіргі таңда полиция басқармасында профилактикалық есепте 179 жасөспірім тұр екен. Сондай-ақ бірнеше рет құқық бұзушылық жасағаны үшін девиантты мінез-құлқы бар балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектепке 6 жасөспірім орналастырылып, 31 ата-ана мен қамқоршы ата-ана құқықтарынан айырылған.
Ал ағымдағы жылдың 5 айында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар өткен 2023 жылдың осы есеп кезеңімен салыстырғанда 23 деректен 25 дерекке немесе 8,7 пайызға артқан. Десе де, ауыр қылмыстар саны 13 деректен 7 дерекке дейін төмендеген.
Жасөспірімдер арасында дертке айналып отырған жайттың бірі – суицид. Аталған уақыт ішінде өз-өзіне қол жұмсау мәселесі бойынша 2024 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша, суицидтің 8 дерегі тіркелді. Өкінішке қарай, суицид жасау фактісі өткен жылға қарағанда 5 дерекке артып отыр. Өз-өзіне қол жұмсауға 6 қыз бала, 2 ұл бала ұмтылған. Олардың үшеуі мектеп оқушылары болса, төртеуі колледж студенттері. Ал біреуі еш жерде оқымайтыны анықталған. Толық отбасыдан шыққаны – 6, толық емес отбасыдан шыққаны – 2.
– Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар санынан жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс санаты 28,6 пайызға немесе 11-ден 6-ға төмендеген. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың алдын алу қиын, өйткені әрбір екінші қылмысты үй-жайда жақын адамдар, бірге тұратын өгей әкелері, көршілері және жақындары жасайды.
Тіркелген деректерді талдау кезінде аталған жағдайларға ең әуелі жұмыссыз халықтың санының өсуі, интернет желілердің қолжетімділігі, ата-аналар тарапынан өз балаларының қауіпсіздігі мәселесіне аз көңіл бөлуі, олардың байланыстары мен бос уақытын бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болып отырғаны анықталды.
Жыныстық сипаттағы қылмыстардың ең белең алып тұрғаны – 16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу. Тараз қаласы аумағында осы жылдың 5 айында мұндай жайттың 3 дерегі тіркелген, олардың барлығы өзара келісім бойынша болған.
Бұл ретте сотқа дейінгі іс жүргізу іс жүзінде қозғалғанына қарамастан, мұндай істердің субъектілері қалыптасқан дәстүрлерге байланысты, сондай-ақ қалыптасқан жергілікті менталитеттен туындаған туыстарының, таныстарының және басқалардың алдында әулеттеріне сын келтірмеу үшін азаматтық некеге отырады.
Барлық жыныстық қылмыстар бойынша өткен жәбірленушілердің отбасылары туралы мәліметтерді талдау көрсеткендей, жәбірленушілердің 87,5 пайызы толық емес отбасыларда тұратыны анықталып отыр. Бұл ретте осы отбасыларға зерделеу барысында заңды өкілдер тарапынан алкогольдік ішімдіктерді теріс пайдалануды немесе қоғамға жат әрекеттермен 2 ата-ана «бұрын сотты болған», 2 ата-ана «қорғау нұсқамасы шығарылған» санаттары бойынша есепте тұрған.
Қылмыстар бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында жасөспірімдермен және оларға қарсы қылмыс жасаудың бірнеше себептерінің бірі үйден кету деректері болып отыр. Қала аумағында қаралып отырған кезеңде 91 жасөспірімге қатысты 83 үйден кету хабарламасы тіркелген. Оның 45-і қыз бала болса, 46-сы ұл бала. Оның ішінде мектеп оқушысы – 63, колледж білімгері – 24, еш жерде оқимайтыны – 4 жасөспірім, – дейді А.Асабаев.
Бөлімше бастығының айтуы бойыша, қала аумағында ата-аналардың жауапкершілігін күшейтуге, жасөспірімдердің алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға, олардың бұзақылық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттер жасауына, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында және түнгі уақытта үйінен тыс жерде болуын реттеуге бағытталған заңнама нормалары кеңінен қолданылады.
Жоғарыда аталған деректер жүгенсіз кеткен жасөспірімдерді жөнге салу үшін істеліп жатқан жұмыстар әлі күнге дейін жеткіліксіз екенін анық аңғартып отыр. Өйткені қанша жерден түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, айтылған әңгіме баланың санасына сіңбей, айтылған жерінде қалса, әсері суға сіңген құммен тең болатыны белгілі. Сондықтан ертеңімізге үрке қарап, «Қайда барамыз, кім боламыз?» деген сұрақтың төңірегінде еріксіз ойлануға мәжбүр етіп отырған атышулы мәселеге көз жұма қарауға болмас. Егер артымызда бұғанасы берік, қанаты қатайған және елім дегенде еміренетін ұрпақ қалсын десек, нақты іс-әрекетке көшейік. Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел еңсесін көтеретін тұтқа десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ересектің борышы. Сондықтан да қоғам жеткіншектер тәрбиесіне бейжай қарамай, балалар арасындағы әлімжеттік пен кикілжіңдердің алдын алу жолында жан аямай еңбек етсе құба-құп.

Қарақат Пәрімбек,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.